Accessibility links

"Қытай өңірдегі позициясын нығайтқысы келеді". Си Цзиньпин Қазақстанға не үшін келе жатыр?


Қытай президенті Си Цзиньпин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пекинде. 11 қыркүйек 2019 жыл.
Қытай президенті Си Цзиньпин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пекинде. 11 қыркүйек 2019 жыл.

Си Цзиньпин Қазақстанға не үшін келе жатыр? Пекин Орталық Азиядағы ықпалын арттыруға тырысып, аймақ Қытай мен Ресей арасындағы бәсеке алаңына айнала ма? Азаттық осы тақырып төңірегінде Қытай және Орталық Азия бойынша сарапшы, Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының қызметкері Темур Омаровпен сұхбаттасып көрді.

14 қыркүйекте Си Цзиньпин Қазақстанға бір күндік сапармен келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі. Ақорданың дерегінше, тараптар Қазақстан-Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту мәселесін талқылайды. Кездесуден кейін президенттер Самарқандта өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне барады. Си Цзиньпин Өзбекстанда Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізеді. Қытай мен Қазақстан басшыларының кездесуінде қандай тақырыптар көтеріледі? Қай мәселелер жабулы күйінде қалады? Си Цзиньпин Путинмен не туралы сөйлеседі? Қытай Мәскеудің Украинадағы соғыспен әуре болып жатқанын пайдаланып, Орталық Азиядағы ықпалын арттыруға тырысып жатыр ма? Азаттық осы және өзге де мәселелер жөнінде сарапшы Темур Умаровтың пікірін білді.

Азаттық: Си Цзиньпин екі жарым жылдық үзілістен кейін шетелге алғашқы сапарын Қазақстаннан бастады. Бұл Пекиннің Қазақстан мен Орталық Азиядағы позициясын нығайтқысы келетінін көрсете ме?

Темур Умаров
Темур Умаров

Темур Умаров: Бірінші кезекте, бұған Қытайдың Қазақстандағы Қаңтар оқиғаларына реакциясы деп қарау керек. Бұл бәрі үшін күтпеген жағдай болды, әсіресе, не болып жатқанын түсінбеген Қытай Ресей сияқты мәселеге араласып, жағдайға ықпал ете алмады. Сондықтан Си Цзиньпиннің сапарын Қытайдың Қазақстандағы позициясын жақсартуға талпыныс деп бағалаймын. Бұл Қытай үшін өте маңызды: қос мемлекеттің ұзын құрлық шекарасы бар, Қазақстан – Пекиннің қауіпсіздік саласындағы маңызды серіктесі.

КЕЗДЕСУДЕ АЙТЫЛАТЫН ЖӘНЕ АЙТЫЛМАЙТЫН МӘСЕЛЕЛЕР

Азаттық: Ресей Украинада соғыс жүргізіп жатқан тұста Қытай Еуропаға баратын құрлық тасымал жолдарының біраз бөлігін Орта дәлізге ауыстырды. Қазақстан билігі кейінгі айларда Транскаспий дәлізінің әлеуеті туралы жиі айтып жүр. Бұл мәселеде Қытай мен Қазақстанның мүддесі сәйкес келе ме?

Темур Умаров: Әрине. Жыл басынан бері Транскаспий дәлізінде тасымал артқанын көріп отырмыз. Бұл дәліз арқылы Ресейді айналып өтетін тауар көлемі жеті есеге өскен.

Логистикалық компаниялар санкциялар мен ресейлік банктердің SWIFT қаржылық жүйесінен ажыратылуына байланысты Ресейдегі транзакцияларын тоқтатуға мәжбүр болды. Қазір Ресеймен жұмыс істеу тиімсіз, сондықтан Транскаспий дәлізі сұранысқа ие. Жүк тасымалына келгенде Қытай, Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттерінің мүддесі ортақ, сондықтан олар өзара келісіммен жұмыс істейді. Си Цзинпинь мен Тоқаев арасында талқыланатын тақырыптардың бірі осы транзит мәселесі болады.

Азаттық: Қазір Транскаспий дәлізінің әлеуетін арттыруға күш салынып жатыр: Тоқаев Әзербайжанға барды, елге Грузияның премьер-министрі келді. Алдағы уақытта Транскаспий дәлізі белсенді пайдаланыла бастаса, бұл Ресейге жақпай қалуы мүмкін бе?

Темур Умаров: Ресей үлкен трендтерге қарсы тұратын жағдайда емес деп ойлаймын. Өйткені жағдай өзінің қолында емес. Ресей шартты түрде жағдайды өзгерте алады: Мәскеу Украинадағы соғысты тоқтатып, репарация төлеуге келісіп, Путин отставкаға кетсе, аз уақыт ішінде әлемдік экономикаға қайта қосылады. Бірақ бұл сценарий жүзеге аспайды. Қазір Ресей өз дегенін жүргізе алмайды, тек қоқан-лоқы көрсетуге ғана шамасы жетеді. Мысалы, Каспий құбыр консорциумының жұмысын тоқтатып, Қазақстанға қысым көрсетуі мүмкін. Бірақ Қытайға қысым көрсете алмайды.

Азаттық: Каспий құбыр консорциумы туралы айттыңыз. Ресей жыл басынан бері бірнеше рет Қазақстан мұнайын Еуропаға жеткізетін құбыр желісінің жұмысын тоқтатты. Көбі мұны Мәскеуді қолдамағаны үшін Қазақстанға "кек қайтару" деп түсінді. Құбыр қайта іске қосылмай тұрып, Қытай Ресейдің әрекетін құптамайтынын астарлап жеткізді деген ақпарат тарады. Қытай шынымен құбыр қызметін тоқтату мәселесіне араласты деп ойлайсыз ба?

Темур Умаров: Ресей мен Орталық Азияның арасындағы қандай да бір мәселеде Қытайдың астыртын рөлі бар деген теорияларға қарсымын. Бұл теориялар көбіне Пекин мен Мәскеудің қарым-қатынасына қатысты жалған түсініктен туады. Мұндай теорияларда әдетте Қытайдың рөлін әсірелеп көрсетеді.

Қаңтарда Қазақстаннан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскері шығарылған кезде Си Цзиньпин Путинге хабарласып, өз әскерін алып кетуді талап еткен деген сыбыс тарады. Си Цзиньпин Путинге хабарласып немесе WeChat желісінде жазып, Мәскеуге талап қойып отырғанын елестете алмаймын. Бұл Ресей мен Орталық Азия елдерінің арасында болуы мүмкін. Өйткені өңірдегі саяси элитаның көбі Совет одағының шекпенінен шыққан, орыс тілінде сөйлейді, бірін-бірі жақсы таниды, ресми қарым-қатынастан бөлек, басқа да байланыстары бар. Сондықтан олардың арасында осындай жағдайлар болуы мүмкін, бірақ бұған Қытайдың қатысы жоқ.

Каспий құбыр консорциумына қатысты мәселе Ресей мен Қазақстанның өз арасында ресми және бейресми каналдар арқылы шешілді деп ойлаймын. Бұл жерден Қытайдың ізін көріп отырған жоқпын.

Азаттық: Сарапшылар арасында Ресей Украинада соғыс жүргізіп жатқанда Қытай Орталық Азиядағы ықпалын арттыруға кірісті деген пікір бар. Бұл шынымен солай ма?

Темур Умаров: Қытай қазіргі жағдайдан мүмкіндік көріп отыр деп кесіп айтуға болмайды. Керісінше, Украинадағы соғыс Орталық Азияға басқа әлеммен байланысты нығайтып, Мәскеуге тәуелділікті азайту керек, Ресеймен әріптестік тығырыққа тірейді деген белгі берді. Орталық Азия мемлекеттері "Мәскеуге тәуелділіктен қалай арылуға болады?" деп бас қатырғанда, ойға бірінші Қытай келді. Қытай да бұл сұранысқа ұсыныспен жауап беріп отыр. Қытай Ресейдің орнын басқысы келеді дей алмаймын. Пекин өзінің аймақтағы рөліне тиімділік тұрғысынан қарайды, сондықтан Ресейдің жағдайын ескеріп, онымен де әріптес болуға қарсы емес.

Азаттық: Халықаралық басылымдар Орталық Азия мемлекеттері Қытайды арқа сүйейтін держава көріп, Пекиннің қолдауымен сыртқы саясатта батыл қадамдар жасай бастады деп жазып жатыр. Мысалы, Тоқаевтың "ЛХР", "ДХР" құрылымдарын мойындамау туралы мәлімдемесін көбі Қытайдың қолдауымен байланыстырды. Бұл туралы не дейсіз?

Темур Умаров: Тоқаевтың сенімділігінің негізгі себебі – Қытай деп ойламаймын. Әрине, Кремльдің көзқарасымен Қазақстан президентінің мәлімдемесі тым өткір болып көрінеді. Бірақ Қазақстан қызыл сызықтан асқан жоқ: Кремльді немесе соғысты сынамайды, болып жатқан жағдайлар туралы сақтықпен сөйлеуге тырысады. Сөйте тұра, Ресейді қолдауға дайын емесін білдіріп отыр. Қазақстан қауіпсіздік зонасында және дәл қазір Ресей үшін ең құнды серіктес екенін жақсы біледі. Ресей сыртқы саясатта рационалды шешімдерге жүгінетін болса, жалғыз әріптесімен қарым-қатынасын бұзып, санкциясыз әлемге ашылған жалғыз терезені жауып тастамайды.

Қазақстан президенті Тоқаев (оң жақта) пен Ресей басшысы Путин (сол жақта) Петербургтегі экономикалық форумда отыр. 18 маусым 2022 жыл.
Қазақстан президенті Тоқаев (оң жақта) пен Ресей басшысы Путин (сол жақта) Петербургтегі экономикалық форумда отыр. 18 маусым 2022 жыл.

Қазақстан қазір Ресейдің бар ресурсы Украинаға кетіп жатқанын, басқа мемлекеттерге қарауға шамасы жоғын біледі. Әрине, Қытайға географиялық жақындығы да басымдық беріп отыр. Бірақ бұл – Қазақстан билігіне сенімділік берген көп фактордың бірі ғана.

Азаттық: Шыңжаңдағы қазақтардың жағдайы – Қазақстандағы ең нәзік тақырыптардың бірі. Бұл мәселені қоғамдық ұйымдар ғана көтереді, ал мемлекет Шыңжаң тақырыбын айналып өтуге тырысады. Нұр-Сұлтан БҰҰ-ның жақында жарияланған "Шыңжаңдағы байырғы халықтардың құқығын бұзу туралы" есебіне қатысты реакция білдірген жоқ. Тоқаев пен Си Цзиньпиннің кездесуінде бұл мәселе талқылана ма?

Темур Умаров: Бұл тақырып көтеріледі деп ойламаймын. Халықаралық ақпарат құралдары Шыңжаң туралы жазып келе жатқан бірнеше жыл ішінде Қазақстанның ресми билік өкілдері бір де бір рет Қытаймен бұл мәселе жөнінде ашық сөйлескен емес. Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасында жазылмаған принцип бар: қоғам алдында әртүрлі саладағы жетістіктер туралы ғана айтылады, ал мәселелер ешқашан көпшіліктің назарына шығарылмайды. Орталық Азия елдері Пекинді сынай алмайды, өйткені бәрі соған тәуелді. Сынның экономикалық салдары ауыр болуы мүмкін.

Сондықтан бұл мәселе талқыланған күннің өзінде аса сақтықпен, дипломатиялық жолдар арқылы ғана айтылады. Қазақстан қиын жағдайда мәселені астыртын шешуге тырысып жатыр. Биліктің Шыңжаң "лагерьлерінен" кей азаматтарын босатып алғанын білеміз. Бірақ бұл туралы ақпарат құралдарында жазылған жоқ. Қазақстан азаматтық принципін басшылыққа алып отыр. "Лагерьге" түскен адам Қазақстан азаматы болса, мәселеге мемлекет араласады. Ал Қытайда туып-өскен қазаққа келгенде Қазақстанның қолы байлаулы.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ РЕСЕЙ МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ "БӘСЕКЕ АЛАҢЫНА" АЙНАЛА МА?

Азаттық: Си Цзиньпин Қазақстанға сапарынан кейін 15–16 қыркүйекте ШЫҰ саммиті өтетін Самарқандқа барады. Онда Қытай басшысы соғыс басталғалы алғаш рет Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі. Қос мемлекет басшысы қандай мәселелерді талқылауы мүмкін?

Темур Умаров: Міндетті түрде талқыланатын тақырыптардың бірі – НАТО-ға қарсы тұру мәселесі. Қытай тағы да Еуразиядағы қауіпсіздік бойынша Ресейдің мүддесін қолдайтынын, АҚШ-тың әлемдік тәртіп орнатуы дұрыс емесін айтатын шығар.

Қытай Украинадағы жағдайға қатысты бейтарап позицияда қалды. Бір жағынан, Пекин Украинаның тәуелсіздігі мен тұтастығын қолдайтынын айтты. Бірақ маңызды серіктесі Ресейдің әрекетін сынаған жоқ. Си Цзиньпиннің Орталық Азияға сапары осы бейтарап позициясын көрсетеді. Қытай басшысы ұзақ үзілістен кейін шетелге алғашқы сапарын Ресейден бастаса, бұл қате қадам болар еді. Қытайға қазір артық мәселе керек емес. Ресейдің Қытаймен байланысын нығайтудан басқа амалы жоқ. Сондықтан Орталық Азия Қытай басшысы үшін Ресейге арнайы бармаса да, Путинді көріп, "әділетсіз әлемдік тәртіп" туралы пікірін айтатын тамаша алаң болып отыр.

Азаттық: Қытай Қырғызстан мен Өзбекстанға темір жол салу жобасын ұсынды. Батыс басылымдары "Мәскеу Пекиннің өңірдегі жобаларына қарсы шықпайды, өйткені халықаралық аренада Қытайдың қолдауына ие болғысы келеді" деп жазды.

Темур Умаров: Ресейге темір жол жобасы тиімсіз де шығар, бірақ оған қарсы тұратын шынайы құралдары жоқ. Темір жол құрылысына басты кедергі Қырғызстанның өз ішінде жатыр. Елдегі кеден бекеттерінен жақсы ақша тауып отырған кей элита өкілдері жағдайды өзгерткісі келмейді. Қытай мен Қырғызстанның тауар айналымы туралы статистикасын салыстырсақ, миллиардтаған доллар айырмашылық шығады. Бұл ақша жоғалып кеткен жоқ, кеден қызметін бақылап отырған адамдардың қалтасына түсті. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров темір жол құрылысы 2023 жылға қарай басталады деп уәде беріп отыр. Бірақ кейінгі жиырма жылда мұндай әңгіме көп айтылды. Қазір бірдеңе өзгерді ме? Мүмкін. Өзбекстан белсенді болып отыр. Ташкент жобаны жүзеге асырғысы келеді, жартылай қаржы құюға да дайын. Қытай да темір жол құрылысын тезірек бастауға мүдделі, бірақ тағы да басы дауға қалудан қорқады. Қытайдың Орталық Азиядағы жобаларының көбі жергілікті билік араласқан жемқорлық дауымен аяқталғанын білеміз. Темір жол жобасының болашағы белгісіз. Бірақ ШЫҰ саммитінде бұл жоба сөзсіз талқыланады, кей құжаттарға қол қойылуы да мүмкін.

Азаттық: Орталық Азия Мәскеу мен Пекин арасындағы "бәсеке алаңына" айнала ма?

Темур Умаров: Жоқ. Пекинге басты серіктес болып отырған Мәскеу бұған мүдделі емес. Ал Орталық Азия мемлекеттері – Ресейдің бағалы серіктестері. Ресейдің Орталық Азияда басымдыққа ие күш екенін білетін Қытай да онымен бәсекелескісі келмейді. Қытай өңірдегі ықпалын арттырғысы келсе, Ресейге қарсы тұрмай, керісінше, онымен әріптес болу керегін жақсы түсінеді.

Қос державаның бәсекесі Орталық Азия елдеріне де тиімсіз. Географиялық тұрғыдан әлемнен оқшау орналасқан аймақ елдері алпауыт екі көршісінің өз жерінде тартысқанын қаламайды. Орталық Азия мемлекеттері Батыс, Ресей, Қытай, Жапония, Үндістан сияқты әртүрлі тараптармен қатар серіктес болатын мінсіз әлемді армандайды. Бірақ бұл мінсіз әлемге қол жеткізу мүмкін емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG