Accessibility links

МАГАТЭ: Запорожье АЭС-і украин желісіне қайта қосылды


Запорожье АЭС-і. 1 қыркүйек 2022 жыл.
Запорожье АЭС-і. 1 қыркүйек 2022 жыл.

Инженерлер бүлінген төрт линияның бірін жөндегеннен соң Запорожье АЭС-і украин желісіне қайта қосылды. Бұл жөнінде сенбі күні Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) хабарлады.

"Қалпына келтірілген 750 киловольттық линия Еуропадағы ең ірі атом станциясын электрмен қамтамасыз етіп жатыр. Электр энергиясы реакторды суыту үшін және өзге де маңызды шаруалар үшін қажет" деп жазылған ұйым хабарламасында.

5 қыркүйектен бастап станция үй шаруашылықтары, зауыттар мен өзге тұтынушыларға электр энергиясын тасымалдауды тоқтатқан еді. Облыста жалғасып жатқан атысқа байланысты Запорожье АЭС-і украин желісінен ажыратылған.

Бұған дейін МАГАТЭ резолюция қабылдап, Ресей билігін Запорожье АЭС-інен әскерін алып кетуге үндеген. Ресейдің аталған ұйымдағы тұрақты өкілі МАГАТЭ резолюциясын "Ресейге қайшы" құжат деп атаған.

  • АЭС төңірегіндегі жағдайға БҰҰ мен көптеген мемлекет алаңдаушылық білдірген. Станцияға МАГАТЭ миссиясының сапары ұйымдастырылған. 6 қыркүйекте Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік Запорожье АЭС-і жөнінде есеп жариялады. Инспекторлар станцияның бірнеше жері, оның ішінде ядролық отынды сақтайтын орын бүлінгенін анықтаған. Ұйым есебінде станция маңында "қауіпсіз аймақ" орнату қажеттігі жазылған. МАГАТЭ бұл бойынша көмектесуге де дайын екенін жеткізген.
  • Запорожье АЭС – Еуропадағы ең ірі атом станциясы. Ресей әскері станцияны наурызда басып алған.
XS
SM
MD
LG