Accessibility links

"Билігін сақтап, "жаңа патриарх" болғысы келеді". Президент Тоқаевтың сөзі мен ісіндегі қайшылық


Қазақстан президентінің міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Наурыз мерекесі кезінде. Астана, 21 наурыз 2019 жыл.
Қазақстан президентінің міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Наурыз мерекесі кезінде. Астана, 21 наурыз 2019 жыл.

Президент қызметіне жаңа кіріскенде "билікте мәңгі қалмаймын" деген Қасым-Жомарт Тоқаев тағы да президент сайлауына түспекші. Кезектен тыс сайлау қарсаңында ол "негізгі заңды өзгертпеймін" деген уәдесіне қарамастан, Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізіп, президенттің өкілет мерзімін бес жылдан жеті жылға ұзартты. Тоқаев осыған дейінгі мәлімдемелерінде халыққа берген уәделерін қаншалық орындады? Азаттық шолып шықты.

"ЛИБЕРАЛИЗАЦИЯ" СӨЗІН ЖАҚТЫРМАЙТЫН ПРЕЗИДЕНТ

Жаппай наразылық, "Тоқаев – президентіміз емес" деген ұрандар, полиция ұстап әкеткен мыңдаған адам… 2019 жылы маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауы тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевтың аты жазылмаған бюллетеньмен ғана емес, қолдан ұйымдастырылған билік транзитіне қарсы жаппай наразылықтармен де есте қалды.

Полиция наразылық митингісіне шыққандарды көлікке күштеп салып жатыр. .Алматы, 12 маусым 2019 жыл.
Полиция наразылық митингісіне шыққандарды көлікке күштеп салып жатыр. .Алматы, 12 маусым 2019 жыл.

Полицияның наразылықты күшпен таратып, акцияға қатысушыларды автозакқа сүйреп жатқан сәті түсірілген суреттер бүкіл әлемге тарады. Батыс бақылаушылары Қазақстанда адам құқықтары бұзылғанын мәлімдеп, халықаралық ақпарат құралдары полиция бейбіт наразыларды күштеп ұстап әкеткенін жазды.

Бұл кезде Тоқаев батыс медиасына "Күш құрылымдары бейбіт халықты "жалаң қолымен" ұстап, таяқ, көзден жас ағызатын газ бен су шашатын құрылғылар қолданған жоқ" деп мақтанды. Ол президент болғалы берген алғашқы сұхбатында билік "Бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы" заң жобасын дайындап, митингілерді "либерализациялаумен" айналысып жатқанын айтты. Президент артынша "либерализация" сөзін жақтырмайтынын жеткізді. Тоқаев осы сұхбатында заңды реттеп, митинг өткізуде рұқсат алудан ескерту тәртібіне көшуді меңзеп отырғанын түсіндірді.

2020 жылы пандемия мен қатаң карантин шаралары кезінде Қазақстанда "Бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы" жаңа заң қабылданды. Құқық қорғаушылар билік уәде еткен митинг жайлы ескерту тәртібі қағаз жүзінде ғана қалғанын, наразылық акциясын әкімдік белгілеген арнаулы орындарда ғана өткізіп, бұл үшін жергілікті әкімдіктен рұқсат алу керегін, митинг өткізу туралы өтініштерді қанағаттандырмауға негіз көбін айтып шағынған. Жаңа заңда акция ұйымдастырушылары мен қатысушыларына жүктелетін міндет көбейіп, рұқсат етілмеген митинг үшін жауапкершілік күшейген.

Қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов билік бейбіт жиындар туралы заңдағы "рұқсат" сөзін "ескертуге" ауыстырып, шектеулерді одан әрі көбейткенін айтады.

– Бір жағынан, сізге митинг өткізетін "орындар" ұсынады, екінші жағынан заңға бағынбағандарды айыппұл салып, түрмеге қамаймыз деп қорқытады, – дейді ол.

2021 жылы қазанда оппозиция жариялаған митинг қарсаңында (сол жолы полиция наразыларға жиналуға мүмкіндік бермеді) Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясы отырысында азаматтарды заң талаптарын бұзбауға шақырған. Президент өзі қол қойған, құқық қорғаушылар "халықаралық стандарттарға сай келмейді" деп сынаған заңды "демократияны дамыту жолындағы қадам" деп сипаттаған:

– Заңда бәрі жазылған. Ресми рұқсат қағаз алудың қажеті жоқ. Бейбіт жиындар мен демонстрациялар болатынын жай ғана ескертіп, өткізе беруге болады. Бірақ азаматтар осындай кішігірім талаптың өзін орындамайды. Мұндай әрекеттерге лайықты құқықтық баға берілетінін ескерткім келеді, – деген президент.

Өткен айда бейбіт жиын қатысушыларын қудалау фактілері туралы ақпарат жинаумен айналысатын "БелсенділерЭкстремистемес" мониторинг тобы 2020 жылғы 30 шілде мен 2022 жылғы 24 тамыз аралығында 22 қалада бейбіт наразылық, шеру және жалғыз адам пикетін өткізу туралы 312 өтініш қанағаттандырылмағанын хабарлады. Бұл өтініштердің 102-сі биыл тіркелген.


БҰРЫНҒЫ ЖӘНЕ ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТКЕ ОРТАҚ ПІКІР

Бақылаушылардың пікірінше, Тоқаев 2019 жылдан бері көп уақыт "жартылай президент" болып, Назарбаевтың "көлеңкесінде" қалып келген. Президенттің командасы "саяси өзгерістер" деп таныстырған заң түзетулерін билікті сынайтындар "реформа имитациясы" деп атайды.

Тоқаев президент болған сәттен бастап демократизация туралы сұрақтарға жауабында бұрынғы президенттің сөзін қайталап келді.

2000 жылы көктемде АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт Астанаға сапары кезінде Орталық Азия елдері шынайы демократиядан алыс екенін айтқан. Назарбаев мемлекеттік хатшының сөзіне "Қазақстан демократия мәселесінде екі балағын түріп алып, Американың соңынан жүгірмейді" деп жауап берген.

Назарбаев осы пікірін бірнеше рет қайталаған. "Біз – қазақпыз, америкалық, неміс не ағылшын емеспіз" деген ол қазақтардың өз санасы, тілі, тарихы, діні мен дәстүрі барын алға тартқан.

2019 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) бақылаушылары сайлауды сынағаннан кейін Тоқаев та осыған ұқсас пікір білдірген. Ол "Евроньюс" арнасына берген сұхбатында ЕҚЫҰ маңызды халықаралық құрылым, бірақ осы бағытта жұмыс істейтін "жалғыз ұйым" емес. Ұйыммен ешқандай келіспеушіліктер жоқ, бірақ ұлттық ерекшелік пен тарихи контекст бар" деген.

Тоқаев президент болғаннан кейін елде көппартиялы жүйе, саяси бәсеке мен плюрализмді дамытуға күш салатынын айтқан. Бұл халық арасында саяси жүйе либерализацияланады деген үміт туғызды.

БІР ДЕ БІР ЖАҢА ПАРТИЯ ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ

Тоқаев 2019 жылғы алғашқы жолдауында біртіндеп саяси реформа жүргізуге уәде берген. Ол әлемдік тәжірибеге сүйеніп, "саяси либерализацияны жылдам әрі жүйесіз жүргізу ішкі тұрақсыздыққа әкелетінін" ескерткен.

2020 жылы заңға өзгерістер енгізіліп, партия тіркеуге қажет мүше саны 40 мыңнан 20 мың адамға дейін азайды. Азаматтық белсенділер тіркеуге қажет қол санын 1000-2000-ға дейін түсіруді сұрап, сайлауға, соның ішінде парламент депутаттығына да кандидатты өзін-өзі ұсыну институтын енгізуді ұсынды. Содан бері бірнеше оппозициялық топ биліктің партия тіркеуге кедергі жасап отырғанын мәлімдеді. Партия құруға ниет білдірген тіркелмеген "Көше" қозғалысы 2020 жылдан бастап экстремистік ұйым деп танылды. Қозғалыс мүшелері қудалауға ұшырап, түрмеге жабылды. Тіркелмеген Демократиялық партия басшысы Жанболат Мамай да биылғы наурыздан бері түрмеде отыр. Оған Қаңтар оқиғасы кезінде "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып тағылған. Оппозициялық белсенділер, кей саясаттанушылар мен құқық қорғаушылар Қазақстанда билік өзіне адал партияларды ғана тіркейді дейді.

16 наурызда Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейінгі жолдауында партия тіркеуге қажет мүше санын бес мың адамға дейін азайтуға уәде берді. Өткен айдың аяғында мәжіліс сайтына осы өзгерісті қамтыған заң жобасы жарияланды. Сарапшылар бұл өзгерістер қабылданған күннің өзінде президент әкімшілігі әділет министрлігі арқылы партияларды тіркеу процесін бақылауда ұстайды деп алаңдайды.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов.

– Қаңтар оқиғасына дейін және одан кейін Тоқаевтың реформа имитациясы өзгерген жоқ. Бұл Тоқаевтың 2019 жылы президент қызметіне жаңа кіріскен кездегідей қазір де, билігін тағы жеті жылға ұзартар алдында, авторитар жүйені реформалауға құлықсыз болып отырғанын көрсетеді. Ол керісінше, бар күшін салып, қолындағы билігін сақтап қалуға, Қазақстанның "жаңа патриархы" болуға тырысып жатыр. Сондықтан азаматтардың саяси құқықтарын шектеп, олардың саяси өмірге араласуына кедергі келтіретін заңдар жойылмай отыр. Осы шектеулердің көмегімен Тоқаев (кезінде Назарбаев та сөйткен) билікті уысында ұстап қалады. Бұл режимнің сақталуы үшін өте маңызды, сондықтан Тоқаев шынайы демократиялық реформалар жүргізбейді. Тәуелсіз партиялар, бәсекеге толы сайлау және биліктің рұқсатынсыз, жай ескерту арқылы митинг өткізу Тоқаевтың билігін әлсіретеді. Әсіресе, Қаңтар оқиғасынан кейін халық арасында президентті қолдау деңгейі төмен, – дейді Димаш Әлжанов.

Сарапшының пікірінше, Тоқаев пен оның командасы реформа имитациясы арқылы қоғамдағы сын-пікірді азайтып, халықтың саясатқа араласуына мүмкіндік бермейтін жүйелі шектеулерді сақтап қалғысы келеді. Президент 2019 жылдан бастап заңда көрсетілген күрделі процедураның көмегімен партияларды тіркеуді өз бақылауында ұстап келген. "Енді сандық көрсеткіштермен ойнап, ішкі және сыртқы аудиторияға мұны реформа деп көрсетіп отыр" дейді Әлжанов.

– Үш жылдан асты, бірақ әлі күнге Ақордаға тәуелсіз бір де бір партия тіркелген жоқ. Қазіргі талаптармен билік көппартиялы жүйе имитациясы үшін құрған, президентке адал партиялар ғана тіркеле алады. Жағдайды реттеу үшін саяси партиялар туралы жаңа заң қабылдап, тіркеу процесін ашық жүргізіп, жеңілдету керек, – дейді саясаттанушы.

"НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖҮЙЕСІН МҰРТЫН БҰЗБАЙ САҚТАП ҚАЛДЫ"

2018 жылы Тоқаев ВВС-дің HARDTalk ("Қиын әңгіме") бағдарламасының жүргізушісі Стивен Сакурға берген сұхбатында "Назарбаевтың маңайында олигархтар жоқ" деген. Қазақстан президентінің туыстарының байлығы туралы сұраққа "Бұл – спекуляция. Әрине, бай адамдар бар. Өйткені олар шетелде білім алған, көзі ашық адамдар" деп жауап берген.

Осы сұхбатынан кейін төрт жылдан соң бизнес өкілдерінің басын қосқан Тоқаев "Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның қолына шоғырланған, ал халықтың жартысының табысы 50 мың теңгеден (сол кездегі бағам бойынша шамамен 115 доллар) аспайды" деді.

29 қаңтарда мемлекеттік "Хабар" телеарнасына берген сұхбатында президент "олигополия" туралы сөз қозғап, экономиканың негізгі салаларын шағын топ бақылауында ұстап, мемлекеттік шешімдер қабылдауға ықпал етіп отырғанын айтқан.

"Яғни, билікке жақын адамдар. Ондайлар бізде де жетіп-артылады" деген Тоқаев.

Қаңтар оқиғасынан кейін ақпарат өрісінде Назарбаев пен Тоқаев билікке таласып жатыр деген болжамдар айтылған.

"Арамызда ешқандай келіспеушілік болған жоқ (ақпарат құралдары осы тақырыпты әсірелегенді жақсы көреді)" деген Тоқаев 2019 жылы желтоқсанда DW берген сұхбатында.

Қазақстан президенті міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктегі "Нұр Отан" партиясының жиынында. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.
Қазақстан президенті міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктегі "Нұр Отан" партиясының жиынында. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

2022 жылы қаңтардағы наразылық кезінде Назарбаев ықпалды Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметінен кетті. Бұрынғы президенттің туыстары жоғары лауазымынан айырылып, кей жақындары ақша жымқыру және рейдерлік айыбымен ұсталды. Назарбаевтың жақын серігі Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы қызметінен босатылып, түрмеге жабылды. Оған мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыну, мемлекетке опасыздық жасау және жемқорлық баптарымен айыптар тағылды.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов мемлекеттік төңкеріс жасауға және Тоқаевты биліктен шеттетуге талпыныс туралы болжамдарға күмәнмен қарайды. Ол бұрынғы президент пен қазіргі мемлекет басшысының арасында текетірес болды дегенге сенбейді.

– [Қаңтар оқиғасынан] режимнің террористермен немесе Назарбаев кланының өкілдерімен күресті сылтауратып, наразылықты басып тастауға тырысқаны анық көрінді. Қаңтарда адамдарға оқ атылғаннан кейін ел ішінде және сыртта Ақорданың мүддесі үшін жалған қауесет тарады. Сегіз айдан кейінгі жағдайға қарасақ, Назарбаев пен оның жақындарына ештеңе болмағанын, олар бұрынғыдай режимнің қорғауында өз активтерін басқарып отырғанын көреміз. Тоқаев – Назарбаевтың орнына қалған адам. Ол бұрынғы президенттің мұрасын сақтап қалды. Қоғам шалды тайдыра алмады. "Шал, кет!" деген ұран әлі де өзекті, – дейді Әлжанов.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНА ҚАТЫСТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗУГЕ РҰҚСАТ БЕРМЕДІ

Тоқаевтың президент қызметіндегі үшінші жылы ел тарихындағы ең ірі қырғынмен басталды. Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты. Олардың арасында әйелдер, балалар мен қарттар бар. Демонстранттар ұсталып, қамауда азап шекті. Тоқаев күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Құқық қорғау қызметкерлері 6 қаңтарда Алматыдағы орталық алаңда тұрған ондаған бейбіт тұрғынға оқ жаудырды. Олар жаппай тәртіпсіздіктерден кейін қаланың ортасына жиналып, билікпен бейбіт түрде келіссөз жүргізбек болған.

Басында көшеге шыққан наразылар "демонстранттар" деп аталды. Бірақ көп ұзамай билік "деструктивті күштер", "бұзақы элементтер" мен "террористер" туралы айта бастады.

Президент Twitter парақшасына "Алматыға 20 мыңға жуық террорист шабуыл жасады, кем дегенде алты шабуыл тіркелді" деп жазды. Кейінірек Тоқаев шабуылдаушылар Орталық Азияның бір қаласынан ұшақпен келіп, елге гастарбайтер есебінде кіргенін айтты. Бірақ билік террористер туралы ақпаратты растайтын ешбір дәлел келтірген жоқ. Президент Қазақстанға сырттан террористік шабуыл жасалды деген ақпаратқа сүйеніп, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан әскер шақырды.

Тоқаев қаңтарда мемлекеттік арнаға берген сұхбатында "Бұзақылар аз болды деп күлу ақымақтық" деді. Маусымда президент 20 мың террорист туралы деректі құқық қорғау органдарының бұрынғы басшылары бергенін, бұл бүкіл Қазақстан бойынша жиналған ақпарат екенін айтты.

Куәгерлер мен жәбірленушілердің естелігі, қаза тапқан азаматтардың туыстарының талабына қарамастан, Қаңтар оқиғасының құпиясы толық ашылмай отыр. Қамауда азапталған жүздеген адамның шағымы дұрыс қаралмаған.

Билік қаңтарда қаза тапқан адамдардың аты-жөнін тамызда бір-ақ жариялады. Тізімде 238 адамның фамилиясы ғана бар. Мемлекет адамдардың аты, жасы, жынысы, азаматтығы, қайтыс болған жері, қалай қаза тапқаны туралы ақпарат бермеді.

Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысты халықаралық зерттеу жүргізу жайлы айтқан құқық қорғаушылар мен қоғамның талабын елеусіз қалдырды. Президент 29 қаңтарда мемлекеттік "Хабар24" арнасына берген сұхбатында "Мұндай зерттеу жүргізу керек деп ойламаймын, өзіміздің де қолымыздан келеді" деді.

Тоқаев кезектен тыс президент сайлауын жариялаған күні Қаңтар оқиғасының қатысушыларына бір реттік амнистия жариялайтынын мәлімдеді. Президент ұсталғандардың көбі кінәсін түсініп, істеген ісіне өкініп жүргенін, оларға екінші мүмкіндік беру керегін айтты. Билік амнистияға қанша адам ілігетінін, олардың қашан бостандыққа шығатынын хабарлаған жоқ. Тоқаев амнистия туралы сөзінде қоғамға бірлік керегін ескертті. Сыншылар Тоқаев пен оның айналасындағылар Қаңтар парағын жылы жауып, ескертусіз оқ ату туралы бұйрық үшін жауапкершілік алғысы келмейді деп есептейді. Кезектен тыс президент сайлауына дайындалып жатқан Тоқаев пен оның командасы "Талғамай оқ атудың салдарынан қанша бейбіт тұрғын көз жұмды?" деген сұраққа сол күйі жауап бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG