FH ұйымының жыл сайынғы есебі Орталық Еуропадан Орталық Азияға дейінгі 29 посткоммунистік мемлекеттің демократия деңгейін анықтау мақсатында дайындалады. Freedom House баяндамасындағы әр мемлекет жеті балдық шкала бойынша бағаланады. Жеті – демократиялық прогресті, бір – ең төменгі деңгейді көрсетеді.
Зерттеуде демократизация қарқыны сайлау процесі, азаматтық қоғамның дамуы, ақпарат құралдары мен сот жүйесінің тәуелсіздігі, үкімет пен жергілікті биліктің демократияға бейімділігі, жемқорлық деңгейі сияқты индикаторлармен өлшенеді.
Қазақстан ауыл және ауылдық округ әкімдерін сайлауды енгізу арқылы жергілікті өзін-өзі басқару демократиясы бойынша рейтингін 1,5-тен 1,75-ге өсірген.
Қазақстандағы демократияның жалпы деңгейі – жоғарыда аталған көрсеткіштердің арифметикалық ортасы – 1,36 балды құрайды. Былтырғы есеппен салыстырғанда, Қазақстандағы демократия көрсеткіші 0,04 бал жоғарлаған.
"Тұрақты авторитар режим" (екі бал және одан төмен) – саяси бәсеке мен плюрализмге кедергі көп, саяси, азаматтық, адамзат құқықтары жиі бұзылатын авторитар қоғамға берілетін баға.
Былтыр шілдеде Қазақстанда бірінші рет ауыл, ауылдық округ және аудандық деңгейдегі қала әкімдерін төте дауыс беру жолымен сайлады. Бұған дейін әкімдерді жоғары жақтағы әкімдермен келісе отырып мәслихат депутаттары сайлайтын.
Билік бұл бастаманы "демократизацияға қадам" деп атады. Сыншылар болса кең құзыреті мен бюджетті басқару құқығы жоқ ауыл әкімдерін сайлау авторитар саяси жүйенің мәнін өзгертпейтінін айтты.
ӨҢІРДЕГІ АНТИДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ТЕНДЕНЦИЯЛАР
Баяндама авторлары былтырғы оқиғалар он сегізінші жыл қатарынан өңір елдерінің демократия деңгейін төмендетті деп есептейді. Ал Владимир Путиннің биыл ақпанда Украинаға қарсы соғыс бастауы оның көрші мемлекеттерге кері әсерінің кезекті әрі салмақты көрінісі болды.
Путин 2008 жылы Грузияда, 2014 жылы Украинада демократиялық қауымдастықтың Ресейдің медиакеңістікті бұрмалап, саясаткерлерді сатып алуына қарсы наразылығына жауап ретінде әскери күш қолданды.
Авторитар басшылар қоғамдағы реформа жүргізу туралы талаптар нәтижесінде билігінен айырылуға шақ қалғанда, оларға Путин қол ұшын созып, бұл мемлекеттердің Мәскеуге тәуелділігін арттырады. Дәл осындай жағдай Беларусь пен Қазақстанда да қайталанды.
FH сарапшылары Украинадағы кикілжіңнің құны жоғары деп есептейді. "Кремль тәуелсіз демократиялы Украинаны басып алса, қырғи-қабақ соғыс аяқталғалы өңірде алғаш рет авторитар режим халық сайлаған үкіметті құлатады" деп жазады авторлар.
Ресейдің ойлағаны жүзеге аспасада да, соғыспен бірге келген өңірдегі тұрақсыздық Еуропа мен Еуразиядағы антидемократиялық тенденцияларды күшейтуі мүмкін.
РЕФОРМАҒА СҰРАНЫС
Freedom House ұйымының сарапшысы Майкл Смельцердің пікірінше, Еуразиядағы авторитар режимдер кейінгі жиырма жылда тиранияның жаңа әдістерін қолданып, биліктің бір қолға шоғырлануы өңірдегі халықаралық кикілжіңдердің көбеюіне және ішкі толқуларға себеп болған.
Сарапшы Қазақстан туралы "Елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы билігінің жартысын Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстады. Басында бәрі жақсы сияқты көрінді. Кейінгі екі жылда Тоқаев азаматтық қоғамның жұмыс істеуіне, азаматтардың жергілікті деңгейдегі саясатқа араласуына азын-аулақ жағдай жасады. Бірақ 2022 жылы қаңтардың басында батыс аймақтарда газ бағасының көтерілуіне қарсы наразылық басталып, бұл саяси реформаларды талап еткен жалпыхалықтық демонстрацияға ұласты.
Наразылық барысында жаппай тәртіпсіздіктер болды. Тоқаев осыны сылтауратып, наразыларды күшпен басуға, мемлекеттік аппаратты Назарбаевқа адал шенеуніктерден тазартуға тырысты. Ол Мәскеуге арқа сүйеп, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан әскер шақырды. Тоқаев осы арқылы бұрынғы президенттің билік вертикалін бұзып, өзі үшін жаңа вертикаль құруға ұмтылып жатқанын көрсетті. Әдетте жеке диктатура кезінде бір ғана көшбасшы болады" деп жазады.
Баяндама авторының пікірінше, Тоқаев әкімшілігі кейінгі екі жылда адам құқықтары мәселесіне көбірек көңіл бөлген, бірақ президент қолға алған реформалар саяси қуғын-сүргінді тоқтатпаған.
Сайлауға тәуелсіз бақылаушылар дайындайтын немесе сөз бостандығын қорғайтын үкіметтік емес ұйымдарға есеп беру кезінде әкімшілік айыппұл салынып, ұйым қызметін тоқтатамыз деген қоқан-лоқы көрсетілген.
FH сарапшылары Орталық және Шығыс Еуропа, Еуразия халқы қазір шексіз диктатураның демократияға қаупін қырғи-қабақ соғыс кезіндегіден де қатты сезініп отыр деп есептейді. Олардың пікірінше, Еуразияның автократияға қарай ойысуына биліктің бір адамның қолына шоғырланып, көшбасшылардың либералды демократиядан бас тартып, жеке басқаруға көшуі себеп болған.
Аталған басшылар өз елінде либералды-демократиялық нормаларды қалай қауіп көріп, басып-жаншыса, сыртқы демократиялық күштерді де дәл солай тоқтатуға тырысады. Бұған көршісінің демократияға бетбұрысы өз елінде реформаларға сұраныс туғызуы мүмкін деген қорқынышпен Украинаға қарсы соғыс бастаған Путиннің әрекеті жақсы мысал бола алады.
ПІКІРЛЕР