Accessibility links

Сайлау нәтижесіне әсер етпейтін "бәріне қарсымын" графасының мәні бар ма?


Дауыс беріп тұрған сайлаушы. Көрнекі сурет.
Дауыс беріп тұрған сайлаушы. Көрнекі сурет.

Қазақстанда 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауында бюллетеньде "бәріне қарсымын" деген графа болады. Астана мұны сайлаушыға "таңдау еркіндігін" беру десе, тәуелсіз бақылаушылар бұл графа сайлау нәтижесіне еш әсер етпейтінін айтады. Осы графаны қолданатын Қырғызстанда сайлаушылардың жартысы "бәріне қарсы" дауыс берсе сайлау қайта өтеді.

22 қыркүйекте Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 20 қарашаға жоспарланған кезектен тыс президент сайлауында бюллетеньде "бәріне қарсымын" графасы болатынын мәлімдеді.

– Заңда көрсетілген "бәріне қарсымын" графасы бұл жолы да жазылады. Егер сайлаушы ешбір кандидатты таңдамаса, бәріне қарсымын деп дауыс бере алады, – деді ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров.

Осыдан кейін Қазақстан билігі "бәріне қарсымын" графасын "сайлаушылардың құқығын жүзеге асыратын демократиялық қадам" ретінде насихаттауға кірісті. Ресми БАҚ "бәріне қарсымын" графасы арқылы көзқарас алуандығы дамиды", "Қазақстан билігі жүргізіп жатқан саяси реформалардың елеулі көрінісі" деп жазды.

Полиция кезектен тыс президент сайлауына қарсылық білдіріп көшеге шыққан адамдарды арнаулы көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Полиция кезектен тыс президент сайлауына қарсылық білдіріп көшеге шыққан адамдарды арнаулы көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Сайлау бюллетеніне "бәріне қарсымын" графасын енгізуді ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы қаңтардағы парламент мәжілісі сайлауынан кейін ұсынған еді. Ол "баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне "бәріне қарсымын" деген жазу енгізген жөн" деген.

Қазақстанда "бәріне қарсымын" графасы қазірге дейін ауыл әкімін сайлау кезінде қолданылды. Яғни, бүгінге дейін белгілі бір сынақтан өтті деуге болады. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин "ауыл әкімін сайлауда "Бәріне қарсымын" нормасы алғаш рет жұмыс істеп, сайлаушылардың ой-пікірін заңды түрде білдіруіне ықпал етті" деп жазды.

"САЙЛАУ РЕФОРМАСЫНЫҢ ИМИТАЦИЯСЫ"

Ал кейінгі бірнеше жылда түрлі деңгейде өткен сайлауларға тәуелсіз бақылаушы болып жүрген Ғалымжан Оразымбет пен Арайлым Назар "бәріне қарсымын" графасы енгізілгеннен кейінгі ауыл әкімін сайлауды да бақылап көрген. Олар "бәріне қарсымын" нормасы керек, бірақ билік оны қоғамдық көңіл-күйді зерттеу және одан қорытындыны шығару үшін пайдаланып отырған жоқ", ал бұл графаның "сайлау нәтижесіне ешқандай әсері жоқ" деп санайды.

Алматыдағы "Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымының жетекшісі Арайлым Назардың сөзінше, "бәріне қарсымын" графасын дауыс санағанда, кандидаттарға пайыз мөлшерін бөлгенде, сайлауды өтті я өтпеді деп есептеу үшін де ешқандай рөл атқармайды.

"Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымыі жетекшісі Арайлым Назар.
"Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымыі жетекшісі Арайлым Назар.

– "Бәріне қарсымын" деп белгіленген бюллетеньдер тек бір топқа жиналады да, саны есептеледі. Сайлау қорытындысына әсер етпейтін бүлінген бюллетеньдермен тең болады. Мысалы, 100 сайлаушының 49-ы әртүрлі үміткерге, 51-і "бәріне қарсымын" графасын белгіледі делік. Сайлау қорытындысы қалай болады? "Бәріне қарсы" 51 сайлаушының дауысы сайлау кезінде бүлініп, жарамсыз болып қалған бюллетеньдермен бірге шетке шығып қалады да, қалған сайлаушылардан кім көп дауыс алса сол сайланады. Біздің елде сайлауға қанша адам дауыс берсе де, олардың қаншасы "бәріне қарсымын" графасын белгілесе де сайлау өтті деп есептеледі. Олай болса сайлаушылар "бойкот" жариялап жата берсе де болмай ма? – дейді ол.

Президентті кезектен тыс сайлауға қарсылық білдіріп тұрған азаматтар. Алматы, 25 наурыз 2011 жыл. Архивтегі сурет.
Президентті кезектен тыс сайлауға қарсылық білдіріп тұрған азаматтар. Алматы, 25 наурыз 2011 жыл. Архивтегі сурет.

Ал елдегі сайлау мен референдумды бақылап жүрген "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының координаторы болған тәуелсіз бақылаушы Ғалымжан Оразымбет "бәріне қарсымын" графасы "көз алдау, сайлау реформасының имитациясы болып шықты" деп есептейді.

Ғалымжан Оразымбет.
Ғалымжан Оразымбет.

– Билік ашықтықты, әділдікті, бақылаушылардың еркін бақылуына жағдай жасау орнына, ештеңе шешпейтін осындай бір жаңалық енгізіп, назарды басқаға бұруға тырысады. "Бәріне қарсымын" деген графаны әлеуметтік сауалнама не зерттеу сияқты пайдалануға, қоғамның көңіл-күйін білуге болады. Өкінішке қарай, бізде сөз бен іс бөлек. Сайлау әділ өтпейді. Бюллетеньді топтап салу жиі кездеседі. Сондықтан бюллетеньді топтап салған не соған жол берген сайлау комиссиясы бюллетеннің қаншасы топтап салынғанын, қаншасы шынайы берілген дауыс екенін ажыратып отырмайды. Орталыққа тек қорытынды хаттама жібереді. Сондықтан "бәріне қарсымын" нормасы арқылы қазіргі жағдайда қоғамның көңіл-күйін білу мүмкін емес, – дейді ол.

"ЗАҢДЫҚ КҮШІ ЖОҚ" ГРАФА

Арайлым Назар Қазақстан билігі "бәріне қарсымын" графасын енгізгенімен, оған заңдық күш бермегенін айтады.

– "Бәріне қарсымын" графасы не үшін керек? Тек қоғамның көңіл күйін білу үшін бе? Меніңше, сайлаушылардың 50 пайыздан көбі "бәріне қарсымын" деген графаны белгілеген жағдайда сайлау қайта өткізілсе ғана маңызы күшейеді. Ондай жағдайда халықтың сайлауға ынтасы оянып, "бәріне қарсымын" графасын таңдап, сайлауды қайта өткізуге қол жеткізер еді, – дейді тәуелсіз бақылаушы.

Дауыс беру аяқталған соң сайлау бюллетеньдерін санауға кіріскен учаскелік сайлау комиссиясы. Көрнекі сурет.
Дауыс беру аяқталған соң сайлау бюллетеньдерін санауға кіріскен учаскелік сайлау комиссиясы. Көрнекі сурет.

"Бәріне қарсымын" графасы Қазақстанның 1995 жылы қыркүйекте қабылданған "Сайлау туралы" заңында болған. 2004 жылы бұл графаны алып тастаған. 26 қыркүйекте Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов "бәріне қарсымын" графасы бұрын да осылай болғанын, ол кезде де "бәріне қарсылар 50 пайыздан асқан жағдайда сайлау қайта өтеді" деген норма болмағанын айтты.

2000 жылдары сенат депутаты болған саясаткер Уәлихан Қайсардың сөзінше, "бәріне қарсымын" графасын Орталық сайлау комиссиясы алып тастаған, ол мәселе парламентте талқыланбаған.

Бұрынғы сенат депутаты Уәлихан Қайсар.
Бұрынғы сенат депутаты Уәлихан Қайсар.

– Өйткені сайлау графаларына байланысты мәселелерді өзгерту Орталық сайлау комиссиясының құзырына кіретін еді, – дейді ол.

Биыл өзі де алдағы президент сайлауына кандидатурасын ұсынатынын жариялаған Уәлихан Қайсар "бәріне қарсымын" нормасының қайта енгізілгені дұрыс болды деп санайды.

– Бұл – сайлаушының таңдау еркіндігіне жол ашатын норма. Бірақ мәселе ол норманың қалай жұмыс істейтінінде. Шын мәнінде, сайлау әділ өтіп, бюллетень әділ саналмаса "бәріне қарсы" болғаннан келіп кетер ештеңе жоқ. Қазақстанда бұған дейінгі сайлаулардың әділ өткені жоқ, – дейді ол.

МИНИСТРДІҢ ТҮСІНІКСІЗ ТҮСІНІКТЕМЕСІ

28 қыркүйекте журналистер сайлау заңнамасына өзгеріс енгізу туралы заң жобасына жауапты әділет министрі Қанат Мусиннен "Бәріне қарсымын" графасының мәнін түсіндіріп беруді сұрағанымен, ол сұраққа мардымды жауап бере алмады.

– Дауыс беру туралы заңға сәйкес, "бәріне қарсымын" дегендер сайлаушылар белсенділігін анықтаған кезде ескеріледі, бірақ сайлау нәтижесін қорытындылаған кезде есептелмейді, себебі бірде-бір кандидатқа дауыс берілмейді, – деді министр.

Журналистер министрге "бәріне қарсымын" графасы неліктен дауыс санын есептеген кезде ескерілмейді? Ескерілмесе, ондай графадан не пайда?" деген сұрақтар қойды.

Министр жауабын қайталағанымен графаның мәнін түсіндіре алмады.

Сайлау бюллетеніндегі "бәріне қарсымын" неге ештеңеге әсер етпейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

"Бәріне қарсымын" графасы Қазақстанмен көрші Қырғызстанда қолданылады. Бұл елде "бәріне қарсы" дауыс бергендер 50 пайыздан асса сайлау қайта өтеді. "Бәріне қарсымын" графасы Ресейде 1993 жылы енгізіліп, 2000 жылдары "Иван Иванович против всех" деген танымал графаға айналған. Бұл графаны Ресей оппозициясы белсенді пайдаланған.

2006 жылы Ресей мемлекеттік думасы "сайлауды қайта өткізу шығынға ұшыратады" деген желеумен "бәріне қарсымын" графасын алып тастаған. Ал 2015 жылы "бәріне қарсымын" графасын қайта енгізіп, оны жергілікті муниципалитет сайлауына ғана қосқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG