Accessibility links

"Уәдеге тойып болдық, бізге ауыз су керек". Билік бұл мәселені қашан шешеді?


Суы тартылған құдық басында тұрған адам. Теміртау қаласы, Қарағанды облысы. 2022 жылғы қыркүйек.
Суы тартылған құдық басында тұрған адам. Теміртау қаласы, Қарағанды облысы. 2022 жылғы қыркүйек.

Билік Қазақстандағы барлық елдімекенді таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бірнеше рет уәде берген. Бірақ оны сол күйі орындамады: 2020 жылы келеді деген су құбыры кешігіп, құрылыс жұмыстары әуелі 2023 жылға, кейін 2025 жылға қалды. Әзірге мыңдаған қазақстандық ауыз су былай тұрсын, тұрмысқа, бақша суғаруға қажет судың өзін сатып алуға мәжбүр.

БЕС ЛИТР АУЫЗ СУ ҚАНША ТҰРАДЫ?

Қарағанды облысы Сарытөбе ауылының халқы көп жылдан бері ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Билік 2013 жылы су құбырын тартуға уәде берген. 2019 жылы Азаттық тілшісі ауылға барып, су мәселесі туралы репортаж дайындаған. Жергілікті билік сол кезде 2020 жылы Сарытөбеге орталық су құбыры тартылатынын айтқан. Бірақ одан бері екі жыл өтсе де баяғы жартас сол жартас.

Сарытөбеде уәде етілген су құбыры әлі салынып жатыр. Тұрғындар суды бірнеше километр жерден немесе көрші ауылдан тасып ішеді. Кейбіреулер өз ақшасына скважина қаздырып алған. Бірақ жер астынан шығатын тұзды судан ыдысқа қақ тұрып қалады деп шағымданады жергілікті халық.

– Әлі күнге су берген жоқ. Былтыр құбыр тартты, қазір резервуар жасап, сорғы орнатып жатыр. Қарашаның аяғына дейін суды қосамыз деп отыр, көреміз, – дейді ауыл тұрғыны.

Қарағанды облысында қала іргесіндегі елдімекендердің өзінде орталық су құбыры жоқ. Скважина қаздыруға көбінің жағдайы келмейді, сондықтан халық суды сатып алып күнелтіп отыр. Солардың бірі – Теміртауда тұратын Карпенко отбасы. Әсіресе, осы үйдің қариясы – 94 жастағы әжеге қиын. Еңбек ардагері ондаған жыл бойы суды күтумен өмір сүріп келеді. Қарт әйелдің үйіне көрші тұрған жекеменшік және көпқабатты үйлерге су құбыры тартылған.

Теміртаудағы көппәтерлі үйдің сыртындағы ауыз су сататын аппарат.
Теміртаудағы көппәтерлі үйдің сыртындағы ауыз су сататын аппарат.

Көршілері сияқты Карпенко отбасы да күнделікті ішуге, кір жуып, монша жағуға, бақша суғаруға қажет суды сатып алады. Осыған дейін тұрғындар тұрмыс қажетіне құдық суын пайдаланып келген. Бірақ биыл құдықтың суы тартылып қалды. Кейде жер астынан азын-аулақ су шығады. Көктемде құдық суы молаяды. Үйдің айналасындағы дүкендерде бес литрлік ыдыстағы су шамамен 400 теңге тұрады. Кейінгі кезде Теміртауда 50 теңгеге бес литр су сатып алуға болатын құрылғылар орнатыла бастаған. Бірақ ондай аппарат барлық жерде кездеспейді.

Қаладағы мұндай құрылғыларды пәтер иелері кооперативі арқылы көпқабатты үйлердің тұрғындарымен келісіп, жекелеген азаматтар орнатады. Бұл – сүзгіден өткен кәдімгі кран суы. Тұрғындар мен сырттан келген адамдар ауыз суды осындай құрылғылардан сатып алады.

Жеке секторда тұратын азаматтар (арасында Карпенко отбасы да бар) орталық су құбырын тартуды сұрап, жергілікті билік орындарының табалдырығын тоздырған. Тіпті, прокуратураға да шағым жазған. Бірақ одан еш нәтиже жоқ. Әр жолы билік өкілдері халықты құрғақ уәдемен шығарып салады.

– Төзіміміз таусылды. Алдап отырған сияқты. Былтыр да уәде берген. Шағым айтсақ, уәдені үйіп-төгеді де, кейін қайтадан тынышталып қалады. Жақында биыл су құбыры келмейді, алдағы жылы шешіліп қалар деді. Әкімдер ауыса береді, ал біз сусыз отырмыз. Еш жағдай жоқ: не су, не кәріз жүйесі, не дұрыс жылу құбыры жүргізілмеген. Халықтың шағымынан кейін биыл көшеге жарық орнататын болды, – дейді Ирина Карпенко.

Ирина үй қажетіне пайдалану үшін көл суын да сатып алады.

– Бұл – бақша суғаруға, кір жуып, шомылуға ғана жарайтын су. Құдықты тағы да тереңдетіп қазып көрдік, бірақ су шықпады. Биыл құрғақшылық болып тұр, – дейді Теміртау тұрғыны.

Ақмола облысында 24 ауылда тұратын 14 мыңға жуық адам сусыз отыр. Жергілікті билік жоба-сметалық құжаттарды енді дайындап жатыр.

Шығыс Қазақстан облысындағы 683 елдімекеннің 67-сіне су құбыры тартылмаған. Билік 2023 жылы аталған елдімекендерді тегіс ауыз сумен қамтамасыз етуге уәде беріп отыр. Бірақ халық бұған күмәнмен қарайды.

Жетісу облысындағы Сарыбел ауылында да ауыз су мәселесі шешілмеген. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, ауылға су құбыры тартылған, бірақ әлдеқашан істен шығып қалған.

Бұл мәселе жаңадан құрылған Ұлытау облысының тұрғындарына да жақсы таныс. Жақында облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы президент Тоқаевқа есеп беріп, өңірдің 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарында халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне баса мән беріліп отырғанын айтты.

Жоғарыда аталған өңірлер ауыз су мәселесі шешілмеген аудандардың бір бөлігі ғана. Тәуелсіздік жылдары қазақстандықтарды ауыз сумен қамтамасыз етуге жүздеген миллиард теңге жұмсалды. Бірақ шалғай аудандар ғана емес, орталыққа жақын елдімекендердің өзі ауыз суға зар болып отыр.

2022 жылы Қазақстан су құбырын жүргізуге 95 миллиард теңге бөлген. 2025 жылға дейін өңірлер 498 млрд теңгені игеруі керек.

Теміртауда жер үй тұрғындары жуынып-шайыну, бақша суғаруға ғана жарайтын суды осындай ыдысқа жинайды.
Теміртауда жер үй тұрғындары жуынып-шайыну, бақша суғаруға ғана жарайтын суды осындай ыдысқа жинайды.

"СУ МӘСЕЛЕСІН БІРЖОЛА ШЕШЕМІЗ" ДЕГЕН УӘДЕ ҚАЙДА?

2022 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша, Қазақстанда 6293 ауыл бар. Онда 7 миллион 769 мың адам тұрады. 4429 ауыл (ауылдардың 70,4 пайызы) орталық су құбырына қосылған.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев та, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жыл сайын халыққа жолдау жариялағанда су мәселесін бірнеше рет көтерген. 2021 жылы Тоқаев алдағы бес жылда қалалар мен ауылдарды 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған.

"Бұл – үкіметтің басты міндеті" деді президент 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында.

Ал биыл қыркүйектің басында парламентте жариялаған жолдауында Тоқаев елдегі су құбырларының жартысына жуығы ескіріп-тозғанын айтты.

"Су ресурстарының тапшылығы ел экономикасының тұрақты дамуына кедергі келтіріп, ұлттық қауіпсіздік мәселесіне жатады" деді президент.

2005 жылы астанада өткен азаматтық форумда Нұрсұлтан Назарбаев "2020 жылдың басына қарай ашық су айдынынан алынған немесе нормативті талаптарға сай келмейтін суды пайдаланатын бір де бір елдімекен болмайды" деп уәде берген.

2019 жылы маусымда үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр 2023 жылға қарай халықты сумен қамту деңгейін 100 пайызға жеткіземіз деп мәлімдеген.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов биыл жазда жаңа Су кодексін дайындауды ұсынды. Ол толық мониторинг жасауға мемлекеттік кадастрдың жүргізілмеуі қолбайлау болып отыр деді. Қошановтың сөзінше, су ресурстарының тапшылығы жылына 12 текше километрге дейін жетуі мүмкін. Депутаттар елдің су әлеуетін зерттеу керегін айтады. Қазақстанда жерасты суын бақылауға арналған 310 бекет бар. Су ресурстары жөнінде толығырақ ақпарат алу үшін елге осындай 800 бекет керек.

Қазақстанда 1500-ден астам ауылда таза су жоқ
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:50 0:00

САРАПШЫ: ЖЕЛГЕ ҰШҚАН АҚША

Экономист Әсет Наурызбаев мемлекет ақшаны желге ұшырып, халықты ауыз сумен қамту мәселесін шеше алмай отыр деп есептейді.

– Су құбырын жүргізу шынымен де даулы мәселе. Мемлекет су құбырын салуға қыруар қаржы жұмсап келеді, бірақ желілер дұрыс пайдаланылмай, үш-бес жылдың ішінде істен шығып қалады. Оларға ешкім қарамайды, осылайша мемлекет қаржысы желге ұшады, – дейді Наурызбаев.

Теміртаудағы жеке меншік үйлердің біріндегі суы тартылған құдық. Қарағанды облысы, 2022 жылғы қыркүйек.
Теміртаудағы жеке меншік үйлердің біріндегі суы тартылған құдық. Қарағанды облысы, 2022 жылғы қыркүйек.

Экономистің пікірінше, су құбырларын тексеріп, бақылауда ұстауды мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке беру керек.

– Мемлекет су құбырына ақша бөледі, кейін тендер жариялап, су құбырын тексеріп, бақылау ісін 10, 15, 20 жылға бір компанияға тапсырып қояды. Осылай 10-20 жыл бойы бұл мәселеге бас қатырмайды, – дейді ол.

Әсет Наурызбаев былтыр осы мәселені көтеріп, үлкен бір жиында ұсыныс жасағанын, бірақ билік ешқандай реакция білдірмегенін айтты.

Экономист Меруерт Махмұтова Азаттықтың "Халықты ауыз сумен қамту бағдарламаларына миллиардтаған қаржы бөлінсе де, бұл мәселе неге шешілмейді?" деген сұрағына "бұған бақылаудың жоқтығы мен жемқорлық себеп" деп жауап берді. Сарапшының сөзінше, халықты тұрақты негізде сапалы ауыз сумен қамту мақсаты орындалмаған. Бұл жағдайды өзгерту үшін мемлекет қаржысын басқаруды күшейтуге бағытталған жүйелі шаралар керек деп есептейді Махмұтова.

Ресми дерек бойынша, Қазақстан халқының тоқсан пайызы орталық су құбырына қосылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG