Accessibility links

"Назарбаев әдістерін қайталаған" Тоқаев және "жалғыз жеңімпазы бар сайлау"


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзін қолдау үшін құрылған "халықтық коалиция" жиынында. Астана, 6 қазан 2022 жыл.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзін қолдау үшін құрылған "халықтық коалиция" жиынында. Астана, 6 қазан 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Тоқаев уәде еткен "Жаңа Қазақстанда" сайлау "нағыз балама кандидаттар жоқ, жалғыз жеңімпазы бар" ескі дәстүрмен өткелі жатқанын жазды. Сонымен қатар Болат Назарбаевтың ірі базардан қалай айырылғанына тоқталды. Бұдан бөлек ресейліктердің Қазақстанға көшіп келуі не себепті жергілікті тұрғындарды алаңдататынын талдады.

"ЖАЛҒЫЗ ЖЕҢІМПАЗЫ БАР САЙЛАУ"

Eurasianet басылымы Тоқаев саяси өзгерістер мен "Жаңа Қазақстан" орнайды уәде еткенімен, кезектен тыс президент сайлауы бұрынғы дәстүрмен, бір ғана жеңімпазы бар, шынайы бәсекесіз өткелі тұрғанын жазды.

Қанды қаңтар оқиғасынан бері президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси өзгерістер жасап, "Жаңа Қазақстан" орнатуға уәде беріп келеді. "20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауы оның сол реформалар мен саяси өзгерістерге қаншалықты адал екенін көрсетуге тиіс еді. Бірақ әдеттегідей ықпалды президенттің жалғыз жеңімпазы бар сайлауда әлсіз кандидаттарды артқа тастайтын баяғы үйреншікті саяси дәстүр қолданылмақ", − дейді мақала авторы, Алматыда тұратын британдық журналист Джоанна Лиллис.

Автордың жазуынша, Тоқаев сәуір айында "Аманат" партиясының қатарынан шыққанына қарамастан, билікшіл партияның оны кандидат етіп ұсынатынын алдын ала болжауға болатын. Маусым айындағы референдумда қабылданған өзгерістерге сәйкес, президентке қандай да бір саяси партияның мүшесі болуға тыйым салынған. Мұның мақсаты президентті саяси күресте бәсекелестермен теңестіріп, бәсекеге жол ашу еді.

Парламентте "де-юре оппозицияның орнын алып отырған, де-факто оппозиция емес" "Ақ жол" партиясы мен Қазақстан халықтық партиясы да Тоқаевты кандидат етіп ұсынуға асықты. "Президентті кім ұсынуға лайықты" деген дауды шешу үшін "Аманат" Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтын халықтық коалиция құрылғанын мәлімдеді.

Лиллис коалицияның небәрі бір күннің ішінде құрылуы, Тоқаевтың олардың ұсынысын қабылдап, кандидат болуға келіскен "қойылым" экс-президент Назарбаев кезіндегі саяси дәстүрдің жаңғырығы іспетті дейді. Назарбаев бұрындары оппозициядан кандидаттар жоқ сайлауда жеңіске жететін. Дәл сол тәрізді осы жолғы кезектен тыс сайлауда Тоқаевқа аз да болса бәсекелес бола алатын қарсыластардың шығатын түрі жоқ. Президент сайлауына түсуге өтініш білдіру мерзімі аяқталуға жақын.

Басылым президент сайлауына түсу үшін Орталық сайлау комиссиясына құжат тапсырған үш үміткердің аты-жөні көпшілікке беймәлім екенін келтіреді. Олардың бірі – "Ауыл" партиясының көпшілікке танымал емес мүшесі Жигули Дайрабаев.

Тағы бірі – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының кандидаты Нұрлан Әуесбаев. "Бұл партия өзін оппозициялық санайтын, бірақ саяси шолушылар партия бірнеше жыл бұрын бұл мәртебеден айырылған дейді". Автор "социал-демократқа айналған бұрынғы коммунист" Әуесбаевтың есімін көпшілік Совет көшбасшысы Владимир Ленинге Астанада ескерткіш орнату бастамасын көтеріп, онысы нәтижесіз аяқталған кезде естігенін еске салады.

Үшінші үміткер – көпшілік біле бермейтін академик Мейрам Қажыкен. Автор осылайша "Тоқаев саясат өзгереді деп уәде еткенімен, оның "Жаңа Қазақстанда" сайлау ескі дәстүрмен өткелі жатыр" деп түйіндейді.

Жұма күні кешкі уақытта Орталық сайлау комиссиясы тағы екі үміткерден құжат келіп түскенін хабарлады. Олардың бірі − президент жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі 48 жастағы Қарақат Әбден. Тағы бірі − бұрынғы мәжіліс депутаты, билік партиясының бұрынғы мүшесі 43 жастағы Нұржан Әлтаев.

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы да 20 қарашадағы сайлауға бірнеше үміткер түскенімен, сайлауда шын бәсеке болмайтынына назар аударды.

Мақала авторы Кэтрин Путц Тоқаевтың реформалары саяси партияларды тіркеу процедурасын жеңілдетіп, бұл оппозициялық партияларға жол ашады деп әспеттелгенімен, соңғы кездері елде бірде-бір саяси партия тіркелмегенін жазады. Көп жылдан бері Қазақстанның демократиялық партиясын тіркеуге тырысқан саяси белсенді Жанболат Мамай қаңтар айындағы "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айыппен қамауда отыр.

Полиция биліктің "Аманат" партиясының кеңсесі алдында Жанболат Мамайды босатуды талап еткен адамдарды ұстап жатыр. Алматы, 6 қазан 2022 жыл.
Полиция биліктің "Аманат" партиясының кеңсесі алдында Жанболат Мамайды босатуды талап еткен адамдарды ұстап жатыр. Алматы, 6 қазан 2022 жыл.

Тоқаев жақында Павлодарға барғанда саяси сахнада "жандану жүріп жатқанын" мәлімдеді. "Бірақ былай қарағанда, басқа балама кандидаттар жоқ. Бәлкім, Тоқаев Қазақстандағы назарбаевсыздандыру, Назарбаевтан арылуды көрген шығар, бірақ оның әдістері Назарбаевтікімен бірдей", − дейді автор.

"БАЗАРДАН АЙЫРЫЛҒАН" БОЛАТ НАЗАРБАЕВ

Eurasianet басылымы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың иелігінде болған базардың сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылғанын жазды.

Прокуратура мәліметінше, "Барыс IV" базарын Болат Назарбаевтың Bayze-N компаниясы 2013 жылы нарық құнынан бес есе арзанға бағаға – 2 миллион долларға сатып алған, бұдан мемлекетке 8 миллион доллар көлемінде зиян келген. Базардың сол уақыттағы шынайы бағасы 1,5 миллиард теңге немесе 10 миллион долларға тең болған. Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтар отбасының позициясы әлсіреген уақытта сот бұл келісімшартты жарамсыз деп таныды.

Мемлекет бюджетіне зиян келтірген мәмілеге Алматы әкімшілігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті қол қойған. "Бұл ресми құрылымдардың Назарбаевтар отбасына экономиканың әртүрлі секторында күшеюіне жол ашқанын көрсетеді", − дейді мақала авторы Джоанна Лиллис.

Бұл − Болат Назарбаевты активтерден айырған алғашқы оқиға емес. Наурыз айында оған тиесілі майнинг компаниясының жұмысы тоқтатылды. Құқық қорғау органдары оның майнинг саласындағы заңсыз бизнесі "елдің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіргенін" мәлімдеген.

Тоқаев бұған дейін Болат Назарбаевқа қатысы бар делінетін "Алтын орда" базарын "қылмыстық элементтер үшін көлеңкелі орта" деп атап, базарда тәртіп орнатуды тапсырған. Бұдан бөлек ол Қытай шекарасындағы контрабанданы тоқтатуды талап еткен, ал "Қорғаста Болат Назарбаевтың бизнес мүддесі бар" делінеді.

Болат Назарбаевтан бөлек нысанаға алынған тағы бір отбасы мүшесі – Әлия Назарбаева. Қанды Қаңтар оқиғасынан соң Тоқаев Әлия Назарбаеваға қатысы бар утилизация алымын жинайтын "Оператор РОП" компаниясының жұмысын тоқтатып, оны мемлекет бақылауына алуды тапсырды.

Мақала авторы мұның барлығы Тоқаевтың "олигополиядан арылу" уәдесін орындау мақсатында іске асып жатқанын келтіреді. Маусым айында Тоқаев құрған елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі комиссия жарты миллиардқа жуық долларды қайтарды.

"Алайда Назарбаев отбасының жеке экономикалық мүдделерін жою бүкіл отбасы мүшелеріне бағытталмаған".

Forbes мәліметінше, әрқайсысына 3,9 миллиард доллар тиесілі экс-президенттің ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевтың бизнесі нысанаға алынбады.

"ҚАЗАҚСТАНҒА КӨШІП КЕЛГЕН РЕСЕЙЛІКТЕРДІҢ КҮЙЗЕЛІСІ"

Reuters ақпарат агенттігі "ішінара мобилизация" жарияланған соң Қазақстанға көшіп келген ресейліктер әртүрлі проблемаларға тап болып, күйзелісті бастан өткеріп жатқанын жазды.

"Ақша мәселесі, пәтер жалдаудың қымбаттауы, жұмыс орындарының тапшылығы мен Ресейде қалған туыстардың "елге сатқындық жасадың" деп айыптауы". Бұл − ресейліктер тап болатын негізгі проблемалар.

Ресейліктердің елге ағылып келуіне кей қазақстандықтар алаңдаулы. Олар ресейліктер экономикаға ауыртпалық салады, тіпті қауіпсіздікке қатер төндіреді деп есептейді.

Ресейліктердің жаппай келуіне байланысты пәтер жалдау бағасы қымбаттаған соң, оны төлей алмай далада қалған қазақтар баршылық. Мақалада Алматыдағы университеттердің бірінде профессор болып жұмыс істейтін Қамар Кәрімованың оқиғасы келтіріледі. Ол өзі жалдап жатқан пәтердің иесі пәтерақыны бірден 42 пайызға, 340 мың теңгеге дейін көтерген соң пәтерден шығуға мәжбүр болған.

Қазақстан ішкі істер министрлігі "ішінара мобилизация" жарияланғалы бері елге 200 мың ресейлік кіріп, оның 147 мыңы шығып кеткенін хабарлады.

"Ресейліктердің аяқ астынан ағылып келуі кейбір жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығын, тіпті ашуын туғызды. Кейбір блогерлер ресейліктерден Мәскеудің 2014 жылы Қырым түбегін аннексиялап алуына қатысты ұстанымын сұрап, видеолар жариялаған".

Саясаткер Мұхтар Тайжан Reuters-ке берген сұхбатында елге келген ресейліктер шын мәнінде не ойлайтынын, олардың кім екенін, Путинді қолдайтынын я қолдамайтынын білмейміз деген.

Тайжан үкімет шекаралық бақылауды күшейтіп, ресейліктердің мәліметтерін тексергені жөн деп санайды. Тіпті жергілікті еңбек нарығын қорғау және қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатердің алдын алу үшін ресейліктер үшін шекараны толығымен жабуды жөн көретінін айтты.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметіне тіркелуге келіп тұрған Ресей азаматтары. Ақтөбе, 28 қыркүйек 2022 жыл.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметіне тіркелуге келіп тұрған Ресей азаматтары. Ақтөбе, 28 қыркүйек 2022 жыл.

Қазақстандықтарды да, ресейліктерді де толғандыратын тағы бір мәселе – жұмыс. Reuters-тің жазуынша, Мәскеуде үкіметке қарсы шерулерге қатысқаны үшін бірнеше мәрте әкімшілік қамауға алынған соң, Қазақстанға көшіп келген 25 жастағы Яна Алматыдан жұмыс таба алмай жүр. Бойжеткен даяшы жұмысын іздеп жүр, бірақ ол барған он шақты кафенің бәрі даяшылар қазақ тілін білу керектігін айтқан.

Қазақстанға көшіп келген ресейлік психолог Никита Рахимов Telegram – желісінде эмигрант отандастарына психологиялық көмек көрсететін чат ашқан. Оның айтуынша, Қазақстанға келген ресейліктердің көбі қазір үрейді бастан кешіріп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG