Accessibility links

Аяқ астынан пайда болған "халық коалициясы" Тоқаевты президенттікке ұсынды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (алдыңғы қатарда сол жақтан үшінші) "халық коалициясы" жиынында тұр. Астана, 6 қазан 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (алдыңғы қатарда сол жақтан үшінші) "халық коалициясы" жиынында тұр. Астана, 6 қазан 2022 жыл.

Қазақстан парламентіндегі билікті жақтайтын үш партия коалицияға бірігіп, 20 қарашаға белгіленген сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат етіп ұсынды. Бақылаушылар бұл сайлаудың кейінгі отыз жылдағы басқа сайлаулардан айырмашылығы жоғын айтады: шынайы саяси бәсекеден жұрдай сайлау тағы да кезектен тыс өткелі отыр.

Президент Тоқаев алдағы айда кезектен тыс өтетін сайлауға "белгілі бір ұйым" емес, "қоғамдық-саяси күштер коалициясынан" президенттікке үміткер ретінде қатысатынын осыдан бір күн бұрын Павлодарда жұртшылық өкілдерімен кездесуде мәлімдеген. Ол өзіне "әртүрлі республикалық бірлестіктер мен партиялардан үміткер болу туралы ұсыныс" түсіп жатқанын, бірақ нақты бір ұйымнан сайлауға түсуді жөн көрмейтінін айтқан.

– Мен белгілі бір ұйымнан емес, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық-саяси күштердің үлкен коалициясынан сайлауға қатысқаным дұрыс болады деп ойлаймын, - деді ол.

Ертесіне, 6 қазанда Қазақстанда жаңадан пайда болған "халық коалициясына" біріккен, билікті қолдайтын ұйымдар Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат етіп ұсынатынын жариялады.

"Меy бұған дейін мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермей, саяси тұрғыдан бейтарап болу қажеттігін айттым. Осы ұстаным өзгермейді" деді 69 жастағы Тоқаев Астанада өткен жиында. "Баршаңыз ұсынған ортақ кандидат ретінде президент сайлауына түсу – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Маған сенім артқандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін" деді ол.

Қазақстан парламентіндегі үш саяси партия – "Аманат" (бұрынғы "Нұр Отан"), "Ақ жол" және Қазақстан халық партиясы (2020 жылы атауынан коммунистік деген сөзді алып тастаған) Тоқаевты президенттікке үміткер етіп ұсынып, оны бір коалицияға бірігіп қолдайтынын мәлімдеді. 6 қазанда сиезін қатар өткізген үш партия ұқсас шешімді, өзара жарысқа түскендей, бірінен кейін бірі едел-жедел қабылдап тастады.

"Парламенттік оппозиция" Ақ жол партиясының Тоқаевты қолдаған съезі қалай өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:26 0:00

Тоқаев президентті кезектен тыс сайлау күнін сайлауға үш айдан аз уақыт қалғанда белгілеген. Қыркүйектің басында жасаған жыл сайынғы жолдауында ол "билік өз жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылуымыз керек" деп мәлімдеген. Тоқаев биыл күзде елде кезектен тыс сайлау өткізуді және бұдан былай президентті бес жылға емес, жеті жылдық бір-ақ мерзімге сайлауды ұсынған.

Осыдан кейін жарты айға жетпей парламент Конституцияға тиісті өзгерту мен толықтыру енгізіп, ал Ақорда президентті кезектен тыс сайлау 20 қарашаға белгіленгенін жариялады. Қазақстанда ресми тіркелген бес партияның екеуі - Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) мен "Ауыл" партиясы сиез өткізіп, әрқайсысы президенттікке үміткерін атады.

ЖСДП атынан президент сайлауына 65 жастағы Нұрлан Әуесбаев түспек. "Ауыл" партиясынан үміткер 67 жастағы Жигули Дайрабаев 5 қазанда Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) құжат тапсырды. Одан бір күн бұрын ОСК халықаралық "Астана" ғылыми кешеніне қарасты экономикалық зерттеулер институтының басшысы 61 жастағы Мейрам Қажыкен "Аманат" Қазақстан кәсіподақтары достастығы атынан президентікке кандидатқа үміткер ретінде құжат өткізгенін хабарлаған.

Президент сайлауына үміттілер ОСК-ға құжат тапсырды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:58 0:00

"ЖАЛАҢ ҰРАН ЕМЕС"

Бейсенбі, 6 қазанда өзін қолдайтындармен бірге қатысқан Астанадағы жиында Тоқаев биылғы жолдауында айтқан уәделерін тағы қайталады. Ол "жақын арада" сайлау бағдарламасын ұсынатынын айтып, онда "халықтың әл-ауқатын жақсартып, елді жаңғыртаудың барлық шарасы қамтылатынын" айтты. Конституцияға жер және оның қойнауы халыққа тиесілі екені туралы бап енгізілгенін еске салған президент "бұл жалаң ұран емес" деді.

Тоқаев Қазақстан "халықаралық қатынастарда, халықаралық құқық пен БҰҰ жарғысында көрсетілген теңдік пен демократия принциптерін бұлжытпай сақтауды қолдайды" деп мәлімдеді. Бұған қоса ресми Астананың халықаралық ұйымдармен, соның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен әріптестікті жалғастыра беретінін айтты.

"Біз демократия, заң үстемдігі мен теңдік принциптері сақталатын күшті мемлекет құрамыз. Бұл өз қолымызда, өйткені айқын мақсатымыз бен нақты бағдарымыз бар. Халқымыз жасампаздық және отансүйгіштігімен ерекшеленеді" деп мәлімдеді Тоқаев бейсенбі күні "халық коалициясы" жиынында.

Бір күнде пайда болған коалицияға ел парламентіндегі үш партиямен қатар Ұлттық еріктілер желісі, Қазақстан азаматтық альянсы, "Қазақстан тең" жастар бірлестігі, ардагерлер ұйымы, Қазақстан спортшылар одағы, Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі, Қазақстан генералдары мен ардагерлер ассоциациясы енді деп хабарлады парламент мәжілісінің төрағасы әрі биліктегі "Аманат" партиясының жетекшісі Ерлан Қошанов.

Бір кезде елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау штабынан басталып, билік партиясына айналып кеткен "Аманат" (бұрынғы "Нұр Отан") партиясы Астанада Тоқаевты президенттікке үміткер етіп ұсынып, сиез өткізіп жатқан кезде, сыртта полиция бірнеше азаматты күштеп алып кетті. Наразы адамдар "Назарбаев жүйесіне қызмет еткен "Аманат" таратылсын!", "Назарбаевты түрмеге", "Жанболатқа бостандық!" (тергеу абақтысында отырған Жанболат Мамайды - ред.) деп айқайлады. Олар сонымен бірге бірнеше жылдан бері ресми тіркеле алмай жүрген партияны тіркеуді де талап етті.

"Тоқаев, қорқақ болма!" Билік партиясына қарсы төрт белсендіні ұстап әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:52 0:00

"ШЫНАЙЫ САЯСИ БӘСЕКЕДЕН ЖҰРДАЙ НАУҚАН"

Бақылаушылар биылғы сайлаудың кейінгі отыз жылдағы басқа сайлаулардан айырмашылығы жоғын айтады, шынайы саяси бәсекеден жұрдай сайлау тағы да кезектен тыс өткелі отыр дейді олар. Ал президенттің қыркүйекте аймақтарға барып, "қоғам өкілдерімен" кездесуді жиілеткенін әлі ресми басталмаған сайлауалды науқанға ұқсатады.

Кейбір қоғамдық ұйымдар президенттікке үміткер ретінде жұрт аса көп білмейтін адамдарды ұсынып жатыр. Сондай-ақ сайлау туралы конституциялық заңда кандидатты тек саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ғана ұсынады деп жазылғанына қарамастан өзін өзі ұсынуға талпынып жатқандар да бар.

Билік саяси алаңды толық тазартқан елде екінші мерзімге сайлауға түсіп жатқан Тоқаевқа шынайы бәсеке жоғын билік өкілдері де жасырмайды.

Жақында билікшіл журналиске берген сұхбатында мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин елде оппозициялық күш қалмағанын ашық айтты.

"Оппозиция дейтіндей үлкен күш жоқ қой енді, шын мәнісінде олардан бір қорқатындай немесе оларды қалай айналып өтеміз дейтіндей сондай бір қажеттілік туындап отырған жоқ. Қазақстанда қазіргі уақытта бір үлкен, көп жақтастары бар ұйымдасқан күш ретінде қалыптасқан, бір балама саяси платформасы бар дейтіндей оппозиялық күш жоқ" деді мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин сұхбатында.

Алайда оған не себеп болғаны туралы мемлекеттік кеңесші де, одан сұхбат алып отырған журналист те ештеңе айтпады. Елдегі және шетелдегі оппозиция өкілдерін қудалау, билік тіркемей отырған оппозициялық бірлестіктер, ресми Астана үнемі жоққа шығаратын саяси астармен сотталғандар туралы да сөз қозғаған жоқ.

"Оппозиция жоқ". Мемлекеттік кеңесші Қариннің сұхбатына шолу
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:38 0:00

Тоқаев ел президентін жеті жылдық бір-ақ мерзімге сайлау жөнінде заңға өзгерту енгізуді "аса маңызды реформа" әрі "демократияға қарай қарышты қадам" деп атаған. Ол мұндай өзгеріс "аймақтағы ешбір елде болмаған" деді. Алайда көрші Қырғызстанда 2021 жылғы реформаға дейін президент алты жыл мерзімге бір ғана мерзімге сайланатын.

Сыншылар болса Тоқаевтың президенттің өкілет мерзімін ұзарту туралы бастамасын "өз билігін ұзарту амалы" деп есептейді. Олар Тоқаев жаңа мерзімге саяси реформалар жүргізу үшін емес, өз позициясын нығайту үшін сайланғысы келеді дейді.

Бұрын Қазақстанда президент пен парламентті сайлағанда азаматтар өзін өзі кандидат ретінде ұсына алатын. Бірақ қазір олай емес, бірнеше жыл бұрын заңға өзгерістер енгізілген соң елде ресми тіркелген партия я республикалық деңгейдегі қоғамдық бірлестік ұсынған, кемінде бес жыл мемлекеттік я сайланбалы қызмет атқарған, жасы қырыққа толған, жоғары білімді, мемлекеттік тілді (қазақ тілін) еркін меңгерген, кейінгі 15 жыл Қазақстан аумағында тұрған және тумысынан Қазақстан азаматы ғана кандидат ретінде сайлауға түсе алады.

Тоқаев қыркүйектегі жолдауында сайлаудан кейінгі жоспары жайлы да айтқан еді. Көпшілік оның сайлау туралы мәлімдемесі сайлаушылардың қолдауына ие болу үшін саяси бәсекеге түсетін адамның сөзіне ұқсамайтынына назар аударған. Президенттің сөзі сайлауда жеңіске жетіп, жаңа мерзімге кіріскелі тұрған адамның сөзі сияқты естілді. "Сайлаудан кейін парламентке президент өкілетін бір мерзіммен шектеу туралы ұсыныс енгіземін" деді Тоқаев.

Қыркүйектің ортасында Қазақстан парламенті Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгертулер мен толықтыруларды апыл-ғұпыл мақұлдаған. Олардың арасында осыдан үш жарым жыл бұрын Тоқаевтың ұсынысы бойынша экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген мемлекет астанасына бұрынғы атауын қайтару да бар.

Қазақстанда президент өкілетінің мерзімін жеті жылға дейін ұзарту бұған дейін де болған. Осыдан 24 жыл бұл Конституцияға сондай өзгеріс енгізіліп, 1999 жылғы 10 қаңтарда кезектен тыс өткен сайлаудың ресми қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев кезекті рет президент болып сайланған.

Елді отыз жылға жуық басқарған Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттік өкілеті аяқталмастан отставкаға кетіп, орнына сол кезде парламент сенаты спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған.

Президенттіктен кетсе де, елдегі билікке ықпалы зор Қауіпсіздік кеңесі төрағасы қызметінде қалған әрі өзі мемлекет басқарған тұста Конституцияға "елбасы" деген ерекше статусын енгізіп, бекітіп алған Назарбаев биылғы Қаңтар оқиғасынан кейін ол атақ-мәртебесінен айрылған.

Тоқаев пен Назарбаев өз араларында келіспеушілік жоғын айтып жүргенімен, Қаңтардағы қантөгістен кейін екеуі көпшілік алдында бұрынғыдай бірге шықпайтын болған. Тоқаев өзіне дейінгі билік кезінде орныққан кейбір келеңсіздіктерді сынағанымен, "тұңғыш президенттің тарихи еңбегін лайықты бағалау" қажетін оқта-текте айтып қояды.

Қазақстан президентін кезектен тыс сайлауға үміткер ұсыну 23 қыркүйекте басталған, ол 11 қазанда сағат 18.00-де аяқталады. Президенттікке кандидаттарды тіркеу 21 қазанда жергілікті уақытпен сағат 18:00-де аяқталады.

ОСК президенттікке кандидат етіп тіркегеннен кейін үміткер сайлау алдындағы үгіт жұмыстарын бастайды, ол шара 2022 жылғы 19 қараша сағат 00-00-ге дейін жалғасады.

19 қа­ра­ша – сайлау алдындағы тыныштық күні. 20 қарашада Қазақстан азаматтары президентті кезектен тыс сайлауға дауыс береді. Дауыс беру аяқталған соң сайлау қорытындысын шығару мен сайланған президентті ресми тіркеудің аралығы 7 күннен аспауы керек; бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау қорытындысы туралы хабар сайлау өткізілген күннен бастап 10 күннен, яғни 30 қарашадан кешіктірмей жариялануы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG