Accessibility links

Украина "Ресей басып алған" Курил аралдарын Жапония жері деп таныды


Курил аралдары.
Курил аралдары.

Украина президенті Владимир Зеленский Жапонияның солтүстік аймақтарына (Курил қырқасының оңтүстіктегі төрт аралы: Итуруп, Шикотан, Кунашир және Хабомаи) қатысты мәселе жөнінде жарлыққа қол қойды. Құжатта Украина "Жапонияның егемендігі мен территориялық тұтастығын құрметтейді", оның "Ресей басып алған" солтүстіктегі аймақтарын да Жапония жері ретінде танитыны жазылған.

Зеленский мәлімдемесінде әлем елдерін осыған ұқсас шешім қабылдауға үндеді.

"Басқыншы жеңілуі тиіс. Солай да болады. Мұндай соғыс қайталанбас үшін, бейбітшілік ұзаққа созылуы үшін. Басқыншыға ештеңе қалмауы керек. Біздің әріптестер (Жапонияны айтып отыр - ред.) де әділдікке қол жеткізеді деп сенемін" деді Украина президенті.

Осыған дейін жоғарғы рада спикері Руслан Стефанчук Фейсбук парақшасында "Қырым – Украина, Курил аралдары – Жапония", "Ресей ұрлаған жерлерді қайтару керек" деп жазып қойған еді.

Оның айтуынша, украин парламенті халықаралық қауымдастыққа қайырылып, "Жапонияның солтүстік территориясының мәртебесін келісім-құқықтық тұрғыда рәсімдеу бойынша барлық шараны жалғастыру туралы" үндеу жасайды.

Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейін Жапония Украинаны қолдаған. Жапон билігі Мәскеуге қарсы бірнеше санкция пакетін енгізді. Ресей жауап ретінде жапондардың Курилға бару мәселесі қарастырылған екі келісімнің күшін жойды. Наурызда Ресей жапондарға Оңтүстік Курилге визасыз баруына тыйым салып, бірігіп шаруашылық жүргізу туралы бейбіт келісімді талқылауды тоқтатқан.

Украина президенті 7 қазанда "Ресей жаулап алған аймақтың барлығын босату – тек уақыт еншісінде ғана" деді.

  • Ресей жуырда Украинаның басып алған жерлерін ("ДХР", "ЛХР", Херсон облыстары мен Запорожье Николаев облыстарының бір бөлігі) аннексиялап алғанын мәлімдеген. Ізінше оны федерация кеңесі бекітті. 5 қазанда Украинаның аумағын Ресейге қосу туралы заңға Ресей басшысы Владимир Путин қол қойған. Халықаралық қауымдастықтың басым бөлігі заңды мойындаудан бас тартты.
  • Жапония Курил қырқасының оңтүстіктегі төрт аралын өзінікі деп санайды. Олар: Итуруп, Шикотан, Кунашир және Хабомаи. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғында бұл аралдарды Совет одағы аннексиялап, ол жерден жапондар шығарылған. 1956 жылы Мәскеу мен Токио әскери қимылдарды доғару туралы декларацияға қол қойды, алайда бейбіт келісімге келген жоқ.
  • 2003 жылға дейін жапон дипломатиясы аралдарды ресми түрде "заңсыз басып алынған" аумақ, ал 2012 жылға дейін "байырғы жерлер" деп сипаттады. 2012 жылдан бастап Ресеймен ымыраға ұмтылған жапон үкіметі мұндай анықтаманы қолданбауға тырысты.
  • Биыл наурыздың басында Жапония сыртқы істер министрі Ёсимаса Хаяси үкіметте сөйлеген сөзінде аралдарды "жапонның байырғы жерлері" деп атады. Одан кейінгі баспасөз конференцияларында министр бұл аумақтарды "заңсыз басып алынған" деп сипаттады. Содан кейін Мәскеу Курил аралдарына қатысты бейбіт келіссөздерді тоқтатты.
XS
SM
MD
LG