Accessibility links

Британ барлау қызметі Қырым көпіріндегі жарылыстың Путин мен соғысқа әсерін бағалады


Жарылыстан кейін өртеніп жатқан Қырым көпіріндегі жүк пойыздары. 8 қазан 2022 жыл.
Жарылыстан кейін өртеніп жатқан Қырым көпіріндегі жүк пойыздары. 8 қазан 2022 жыл.

Британ барлау қызметі жексенбі күнгі есебінде аннексияланған Қырым мен Ресейдің Краснодар өлкесін жалғап тұрған Қырым көпіріндегі жарылыс туралы мәліметтерді бағалады. Бұл оқиға Ресей президенті Владимир Путинге "қатты тиеді" деп жазды Азаттықтың Қырым редакциясы – "Крым.Реалии" жобасы

"Бұл оқиға президент Путинге қатты тиеді. Оқиға ол 70 жасқа толғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң болды. Путиннің жеке өзі көпірді ашып, қолдады, құрылыс мердігері оның бала кезден бергі досы Аркадий Ротенберг болды. Кейінгі айларда Путиннің бұрынғы күзетшісі, қазір Росгвардияға жетекшілік ететін Виктор Золотов көптің алдында көпірдің қауіпсіз екеніне сендірген болатын" деп жазылған Ұлыбритания қорғаныс министрлігі жариялаған хабарламада.

Британ барлау қызметінің мәлімдеуінше, 8 қазанда таңертең жарылыстың салдарынан жолдың бір бөлігі - шамамен 250 метр жері түсіп кеткен. Жол қозғалысы ішінара қалпына келгенмен көліктер бұрынғыша көп өте алмайды.

"Темір жолдың қаншалықты бүлінгені белгісіз, бірақ кез келген ақау оның тасымалдау мүмкіндігіне кері әсер етеді. Ресейдің Украина оңтүстігіндегі күштерін қолдауы қиындай түседі" деп жазылған есепте.

Британ барлаушыларының айтуынша, жүк тасымалдауға арналған темір жол өткелі 2020 жылы маусымда ашылған. Бірақ аталған бағыт Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін әскери техниканың оңтүстікке қарай жылжуында негізгі рөл атқарып келді.

Қырым көпірінде жарылыс 8 қазанда таңертең болған. Төтенше оқиғадан кейін Қырымдағы жанармай станцияларында үлкен кезек қалыптасты. Ресей билігі Керчь кеме өткелін іске қосатынын мәлімдеген.

Ресей тергеушілерінің болжамынша, Қырым көпірінде жүк көлігі жарылған, соның салдарынан темір жолды өрт шалған. Үш адам қаза болған.

Ресей билігі 8 қазанда кешке қарай Керчь көпірінде жеңіл көліктер мен пойыз қозғалысы ашылғанын мәлімдеді. Бірақ автобустарды паром арқылы өткізуге уәде берді.

Жарылысты ешкім мойнына алған жоқ.

XS
SM
MD
LG