14 қазанда таңертең белгісіз біреулер "Elmedia" редакциясы орналасқан бизнес-орталықтың есігінің әйнегін сындырып, кіреберісте "Elmedia. Kz News" деп қызыл бояумен жазба қалдырып кеткен. Бұл жөнінде "Әділ сөз" баспасөз қорғау қоры хабарлады.
"Elmedia" редакциясының Телеграм арнасында жарияланған видеода кіреберіс есік әйнегінің ортасынан сынғаны, іште тас жатқаны көрінеді. "Осы тас арқылы сындырған сияқты" деп топшылайды редакция өкілдері.
"Полиция оқиға орнына келді, бірақ қазірдің өзінде мұның қарапайым бұзақылық және балалар еркелігі емес екені, журналистерге бағытталған қатаң ескерту екені түсінікті. Мұның шабуыл екені күмәнсіз және оны ақпарат құралдарына жасалған осыған ұқсас өзге шабуылдар қатарында қарау керек" деп жазды редакция өкілдері.
"Әділ сөздің" жазуынша, Elmedia сайтына бұған дейін DDoS-шабуыл жасалып, басылымның бас редакторы Гүлжан Ерғалиева мен редакцияның телефоны да шабуылға ұшыраған. Бұған қоса, Ерғалиеваның телефон нөмірі интимдік қызмет көрсету сайттарына орналастырылып, соның салдарынан журналистің телефоны тынбай шырылдап, журналистің кәсіби қызметін атқаруына кедергі келтірген.
Гүлжан Ерғалиева 14 қазанда Фейсбук парақшасында "Orda және Elmedia сияқты ақпарат ресурстарына ғана емес", елдегі "әлеуметтік-саяси өткір мәселелерді ашық айтып жүрген белсенді азаматтарды қорқыту, қаралау" науқаны басталғанын жазды. Ол оқиғаның ар жағында кім тұруы мүмкін екені жөнінде болжам айтқан. Ерғалиева мәселе ушығып тұрмай тұрғанда бұған Қауіпсіздік кеңесі назар аударуы тиіс деді.
Полиция әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.
Қазан айының басында Orda.kz сайты белгісіз біреулер редакцияға шошқаның басын жолдағанын хабарлаған. Редакция мұны порталда шыққан соңғы мақалалармен байланыстырған.
Қазақстанда журналистер кәсіби қызметіне байланысты жиі кедергіге ұшырайды. Баспасөз қорғау ұйымдары журналистердің кәсіби қызметіне кедергі жасалғаны туралы шағымдары көп жағдайда тексерілмей қалады дейді.
Қазақстан халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымының "Сөз бостандығы индексінде" 180 елдің арасында 122-орында тұр. Құқық қорғаушылар елде сөз бостандығының ахуалын күрделі деп бағалайды.
ПІКІРЛЕР