Accessibility links

Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім аштық акциясын тоқтатты


Қоғам белсендісі, журналист Думан Мұхаммедкәрім Іле аудандық полиция басқармасының алдында тұр. Алматы облысы, 12 қазан 2022 жыл.
Қоғам белсендісі, журналист Думан Мұхаммедкәрім Іле аудандық полиция басқармасының алдында тұр. Алматы облысы, 12 қазан 2022 жыл.

12 қазаннан бері Алматы облысы Талғар аудандық уақытша ұстау изоляторында аштық жариялап жатқан журналист, YouTube-тегі ND арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім қарсылық акциясын тоқтатты. Ол БАҚ өкілдерімен кездестіру туралы талабы орындалмаған соң бүгін, 18 қазанда әлеуметтік желі арқылы үндеу жариялады.

Думан Мұхаммедкәрім 12 қазанда Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен "халықты 25 қазанға митингіге шақырып, бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып бойынша 15 тәулікке қамалған.

Думан Мұхаммедкәрім әлеуметтік желіге жариялаған үндеуінде халықты митингіге шақырғанын да, қамалғаннан кейін аштық жариялағанын да алдын ала жоспарланған эксперимент" деп атаған.

Ол қоғам белсенділері Марғұлан Боранбай, Данат Намазбайлардың "мақтабас" (ватник) деген сөздері үшін 5 жылға сотталғанын, Жанболат Мамай, Қалас Нұрпейісов, Қосай Махамбаевтар "заңсыз митинг ұйымдастырушы, шақырушы, қатысушы" деген айыптармен қамауда отырғанын айтқан.

"Мені де солай айыптады. Алайда оларға қылмыстық іс, маған әкімшілік іс қозғалды" дейді Думан Мұхаммедкәрім. Ол осы екі мысал арқылы құқық қорғау органдарының бір істі түрліше бағалайтынын дәлелдегісі келгенін айтады.

Журналист, ND арнасының авторы үндеуде Қазақстан президентінің орыс тілі туралы ұсынысын сынап, елде шынайы өзгеріс жасауға шақырған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қазанда Санкт-Петербургте өткен ТМД елдері басшыларының бейресми саммитінде ТМД жанынан орыс тілін қолдау және дамыту бойынша халықаралық ұйым құруды ұсынған.

Кеше, 17 қазанда Думан Мұхаммедкәрімнің апелляциялық шағымы қаралған. Адвокат Ғалым Нұрпейісов судья алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырғанын хабарлады.

Бүгін уақытша ұстау изоляторына Думан Мұхаммедкәрімнің ата-анасы да келген. Олар "Думан билікті әділдікке шақырғаны үшін айыпты болып жатыр" деп санайды.

– Қаншама тәуелді журналист бар. Оларға айтқызбай, сөздерін қиып тастайды. Тәуелсіз журналистер ақты айтса, оларды қамайды. Менің ұлым соған намыстанып аштық жариялап жатыр. Денсаулығын да құртты, – дейді анасы Қалимаш Тойшыбекова.

Азаттық ішкі істер министрі Марат Ахметжановтан журналистің аштық жариялағанынан хабары бар-жоғын сұрады. Министр "Маған ондай арыз түскен емес" деп жауап берді.

Бірнеше жыл мемлекеттік арнада жұмыс істеген Думан Мұхаммедкәрім кейінгі жылдары ютубтегі ND арнасының авторы ретінде қоғамдық саяси мәселелерге байланысты хабарларымен танылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG