Ресейден кеткен 50-ден астам халықаралық компания Қазақстанға орнықты. 19 қазанда Алматы облысы "халқымен кездесу кезінде" президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. Бұл жөнінде Ақорда сайты хабарлады.
"Қазіргі кезде Ресейден кеткен 50-ден астам халықаралық компания Қазақстанға орнықты. Олардың барлығын ірі қалаларға шоғырландыру тиімсіз. Әкімдік ондай өндірістерді Алматы маңына Үлкен Алматы автомобиль жолы периметрімен шоғырландыру мәселесін ойластыруы тиіс, бұл облыс экономикасына едәуір көмектеседі" деді Тоқаев.
Ол өзге елден көшіп келген компанияларға елде орналасуына жағдай жасауды тапсырған.
Премьер-министр Әлихан Смайылов сәрсенбі күні журналистермен брифинг кезінде Ресейден көптеген шетел компанияларының кетіп жатқанын айтты.
"Біз сондай 300-ден астам ірі шетел компаниясының тізімін құрастырдық. Олардың қызметін Қазақстанда жалғастыру мүмкіндігі бойынша ақпарат беру жұмыстарын жүргіздік. Қазірге дейін 56 компания Қазақстанға кеңселерін көшіруге ынта білдірді. Компаниялардың бір бөлігі оң шешім қабылдап үлгерді. "Көшірді" деп айтуға болады" деді Смайылов.
Ол мысал ретінде "Индрайвер" және Honeywell сияқты компаниялардың атын атады.
Оның сөзіне қарағанда, шетел компанияларының өндіріс қуаттылығын елге тарту негізгі міндеттердің бірі болып отыр.
"Бізде отандық және шетел инвесторларына арналған құралдарымыз да бар. Бұл белгілі бір дәрежеде салық, реттеуші преференциялар. Бұған қоса, инфрақұрылым жағынан жергілікті атқару органдарын қолдау да бар" деді Смайылов.
Биыл ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты мыңнан астам шетел компаниялары Ресейден кеткен. 320-сы Ресей аумағынан толық кетті. Кейбірі, мысалы Starbucks және McDonald's сияқты мейрамханаларды ресейлік кәсіпкерлер сатып алған.
ПІКІРЛЕР