Accessibility links

Тоқаев Ресейден кеткен компаниялар Қазақстанға келуі үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Ресейден кеткен шетел компаниялары Қазақстанға келуі үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Президенттің сөзінен Ресейдің мемлекеттік ТАСС агенттігі үзінді келтіреді.

"1400 ірі шетел компаниясының екіден бірі қызметін тоқтатты немесе Ресей нарығынан толық кетті. Үкімет олардың Қазақстанға шоғырлануы үшін жағдай жасауы тиіс. Бұл бізге қайта өңделетін тауарларды өндіруге жақсы мүмкіндік береді" деді Тоқаев бейсенбі күні үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері мыңнан астам шетел компаниясы Ресейдегі бөлімшелерінің жұмысын ішінара немесе толық тоқтатқан. Олардың арасында халықаралық дүкендер желісі, құрылыс, шаруашылық заттарын сататын, парфюмерия өнімдерін сататын танымал компаниялар бар. Мысалы, Estee Lauder Companies, McDonald's, Starbucks, Coca-Cola, Zara, Pull&Bear, Massimo Dutti, Bershka, Marks & Spencer, Mango, H&M және тағы басқа.

Мамырдың соңында Тоқаев ЕАЭО аймағында шетел компанияларын шоғырландыру үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін айтқан. Ол одаққа мүше елдердің ортақ жобаларын тезірек аяқтап, жаңа инвестиция жобаларын бастауға үндеген. Тоқаевтың ойынша, одаққа мүше елдер сауда-экономика саласы бойынша әріптестікті нығайту арқылы ғаламдық қиындықтарға қарсы "ұжымдық иммунитет" қалыптастыра алады.

ЕАЭО-ға Ресей, Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан мүше.

Сарапшылардың пікірінше, Ресейге Украинаға соғыс ашқаны үшін Батыс салған санкциялар қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсер еткен. Елде азық-түлік пен басқа да тұтыну тауарлары айтарлықтай қымбаттап, қант сияқты кейбір тамақ өнімдері қат тауарға айналды. Сарапшылардың пікірінше, санкцияға дейін де одаққа мүше елдер үшін ЕАЭО пайдалы жағынан таныла қоймаған еді. ЕАЭО негізінен Ресейге тиімді болып келген. Мәскеуге қарсы санкциялар күшейгенде ЕАЭО елдерінде одақтан шығу жайы жиі айтылатын болды. Одақ елдері үкіметтері азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету үшін кеңестер мен жұмыс тобын құрып, дағдарысты реттеу жолын қарастыра бастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG