Accessibility links

Әскери доктринаны жаңартуға Ресей басқыншылығы себеп пе? Украинадағы соғыс ҰҚШҰ-ның түбіне жете ме?


Жамбыл облысындағы әскери парад.
Жамбыл облысындағы әскери парад.

Батыс басылымдары бұл аптада Қазақстан әскери доктринаға не себепті өзгерістер енгізді, бұған Ресейдің Украинаға басқыншылығы себеп пе деген сұраққа жауап іздеді. Одан бөлек, постсоветтік кеңістікте «қауіпсіздік кепілгері» саналатын Мәскеудің Украинадағы соғысы кесірінен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы ыдырай ма дегенге үңілді.

ҚАЗАҚСТАН ӘСКЕРИ ДОКТРИНАНЫ НЕ СЕБЕПТІ ЖАҢАРТТЫ?

«Қазақстан өзгерістер енгізілген әскери доктринаны бекітті, оның мазмұнында Ресейдің Украинаға басқыншылығына алаңдаушылық көрініс тапқандай» деп жазады Eurasianet басылымы.

24 қазан күні қорғаныс министрлігі Тоқаев қол қойған әскери доктринадағы өзгерістерді жария етті. Министрліктің хабарлауынша, жаңартылған әскери доктрина «жаңа қауіп-қатер мен тәуекелдерге жауап беру үшін елдің әскери әлеуетін арттырады».

Мақала авторы Алмаз Куменов құжатта «әлемде жаппай қырып-жоятын қару санының артуы» мен «физиканың жаңа принциптері негізінде жасалған жаппай қырып-жоятын қару» елдің әскери қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатер қатарына жатқызылғанына назар аударады.

"Батыл тойтарыс" әскери жаттығуы. Сәуір, 2022 жыл.
"Батыл тойтарыс" әскери жаттығуы. Сәуір, 2022 жыл.

Сонымен қатар әскери ақпараттық жүйелерге бағытталған кибершабуыл мен БАҚ арқылы таратылатын ақпаратты қолдану да қауіп-қатер ретінде көрсетілген. Автор бұл ретте мемлекеттік ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы пропаганда таратып, шетелде стратегиялық мақсатқа жетуді көздейтін бірден-бір ел Ресей екенін жазады.

Әскери доктринада мемлекет шекарасын қорғауды күшейту туралы да жазылған. Ол үшін әскери-әуе күштері заманауи қару мен әскери техникамен қамтылмақ. Құжатқа қарағанда, Қазақстан жаңа әскери техника мен қаруды алу, технология трансферті мен елде бірлескен кәсіпорындар құру үшін шетелдік компаниялармен әріптестік орнатады. Бірақ Қазақстан нақты қандай елдің компанияларынан қару мен әскери техника алдыртатыны жазылмаған. Елдің қарулы күштері негізінен совет кезеңінде шығарылған және Ресейде жасалған қару-жарақпен жабдықталған.

Автордың пайымдауынша, Украинадағы соғыста Ресей қолданып жүрген мұндай қару мен техника тиімсіздігін көрсеткендіктен, Қазақстан қару-жарақ импортында Ресейге тәуелділіктен құтылып, оны басқа елдерден алдыртуға тырысуы мүмкін. Бірақ Мәскеумен әскери ынтымақтастық жалғаса беруі ықтимал. Өйткені құжатта Қазақстан мен Ресейдің әуе шабуылына қарсы бірлескен қорғаныс жүйесі туралы сөз болады. Десек те бұл 2013 жылы екі ел жасасқан ұзақмерзімді келісімді еске салатын шартты дүние ғана болуы мүмкін.

Ресми тұлғалар ашып айтпаса да, қауіпсіздік саласындағы кейбір сарапшылар Қазақстан әскери салада одақтастарды іздеп жүр деп есептейді. Eurasianet бұл ретте Алматыдағы Еуразия интеграциясы институтының директоры Оразғали Селтеевтің Telegram-арнасындағы пікірін келтіреді. Селтеев геосаяси ахуал өзгеріп жатқан тұста Қазақстан НАТО-ға мүше Түркиямен стратегиялық әріптестікті дамытуға барынша күш салып жатыр деп кескен. Мамыр айында ақпарат құралдары Қазақстан Түркиямен жасалған келісім нәтижесінде елде ANKA дрондарын шығаратынын хабарлаған.

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы әскери доктринаны жаңарту себебін Қаңтар оқиғасымен байланыстырады. Мақала авторы қауіпсіздік мәселелерін зерттеу жөніндегі Джордж Маршалл атындағы Еуропа орталығының профессоры Грегори Глисон доктринаға енгізілген өзгерістер Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы өзгермегенін, көпвекторлы саясатты күшейтетінін көрсетеді деп есептейді. Бірақ зерттеушінің ойынша, жаңартылған доктрина елдегі күштік құрылымдар арасындағы балансты өзгертіп, президент әкімшілігінің өкілетін күшейтті.

«Әлемдегі саяси тұрақсыздық және Ресейдің Украинадағы соғысынан туындаған стратегиялық бәсеке кезінде Қазақстан Ресейдің қысымына көніп, әскери позициясын өзгерте ме, Мәскеудің Батысқа қарсы блогына кіре ме деген сұрақ әуеде бос қалқып қалған. Қазақстан күштік құрылымдарындағы шенеуніктер жаңа доктринада Қазақстан Ресейдің сыртқы саяси мүддесіне ығысатын шығар деп топшылаған. Бірақ жаңартылған әскери доктрина сыртқы саясаттағы өзгерістерді көрсетпейді. Құжат Қазақстанның сыртқы саясатында күштерді баланстау әрекеті күшейетінін әйгіледі», − дейді автор.

Қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге "террористер шабуылдағанын" мәлімдеп, ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ізінше ҰҚШҰ әскері Қазақстанға кірді. Суретте қырғыз солдаттары Алматыдағы нысандардың бірін күзетіп тұр. 11 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге "террористер шабуылдағанын" мәлімдеп, ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ізінше ҰҚШҰ әскері Қазақстанға кірді. Суретте қырғыз солдаттары Алматыдағы нысандардың бірін күзетіп тұр. 11 қаңтар 2022 жыл.

Құжаттағы өзгерістер күштік құрылымдардың елдегі тәртіпсіздіктерге қарсы әрекет ету қабілетін арттыруды қамтиды. Глисонның ойынша, бұл әскери доктрина елдің сыртқы саяси бағытын өзгертуге емес, елдегі билікті нығайтуға бағытталған. Мысалы, құжаттың 19-бабы ұлттық ұланның құрылымын жетілдіріп, құрамын күшейтуді көздейді. Сонымен қатар ел ішіндегі дағдарыс, әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай, төтенше және соғыс, ішкі қарулы жанжалдың жолын кесу кезінде әскерді қолданудың тәсілдері енгізілетіні айтылған. Автор ел ішіндегі дағдарыс не екені ашылып айтылмаса да, бұл жерде Қаңтар оқиғасы тәрізді толқуларды басу үшін әскери күшті қолдану сөз болып тұр деп есептейді.

ПУТИННІҢ УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫСЫ ҰҚШҰ-НЫ ЫДЫРАТА МА?

АҚШ-та шығатын National Interest басылымы Ресейдің Украинадағы соғысы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының түбіне жетіп, ыдырата ма деген сұраққа жауап іздейді.

«Владимир Путин Ресейдің ұлы держава статусы посткеңестік мемлекеттерге үстемдік ете алу қабілетіне байланысты деп есептейді. Ресейдің аймақтағы басты күші – қауіпсіздік кепілгері болу. ҰҚШҰ Мәскеуге осы рөлді атқарып, ұйым мүшелерін әртүрлі қауіптен қорғауға кепілдік беру арқылы аймақтағы ықпалын сақтауға мүмкіндік береді. Оның үстіне Мәскеу ҰҚШҰ НАТО-ға балама ретінде әрекет етсе дегенді көздейді», − дейді мақала авторы, қауіпсіздік саласындағы сарапшы Александр Гейл.

Тәжік-қырғыз шекарасындағы қақтығыстан кейін жуырда Қырғызстан ҰҚШҰ жаттығуын өз аумағында өткізуден бас тартты. Оның алдында жазда Ыстықкөлде өткен ҰҚШҰ әскери жаттығуы.
Тәжік-қырғыз шекарасындағы қақтығыстан кейін жуырда Қырғызстан ҰҚШҰ жаттығуын өз аумағында өткізуден бас тартты. Оның алдында жазда Ыстықкөлде өткен ҰҚШҰ әскери жаттығуы.

Автордың ойынша, ҰҚШҰ-ға кіретін алты ел бетпе-бет келген проблемалар ұйымды мүлде тиімсіз етуі мүмкін. Оны былай қойғанда Ресей Украинаға басып кіргенде Беларусьтан өзге ұйымға мүше елдер негізінен бұған қолдау білдірмеді.

Ұйымның ішінде проблемалар жеткілікті. Қыркүйекте Армения мен Әзірбайжан Таулы Қарабақта қақтығысқанда Ереван ұйымнан көмек сұрады. Алайда ҰҚШҰ Арменияға көмекке келмеді. Ұйым әрекетсіздігі армяндардың ҰҚШҰ-ға күмән келтіруіне әкеп соқтырды. 18 қыркүйек күні Ереванда наразылыққа шыққандар Арменияның ұйымнан шығуын талап етті. Автордың жазуынша, елдің элитасының да ұйымнан көңілі қалған.

Ұйымға мүше Тәжікстан мен Қырғызстан арасында қыркүйек айында шекарада қарулы қақтығыс болды. ҰҚШҰ бұған араласпай, шет қалды.

Мамыр айында өткен ұйымның саммиті кезінде Беларусь президенті Александр Лукашенко әскери альянсты шығыста НАТО-ға қарсы күш ретінде әрекет ететін «ортақ майдан» құруға шақырды. «Әлбетте, бұл пікір Путиннің «Еуразиядағы НАТО» немесе Варшава келісімі тәрізді альянсты құру ұмтылысын көрсетеді. Ұйым мүшелері Ресей экономикалық және қауіпсіздік мәселелерінде тәуелді болғанына қарамастан, Украина мәселесінде Мәскеуді өздерінен алшақ ұстай алды». Автор ұйым мүшелері Украина шығысында Ресей аннексиялаған сепаратистік аймақтарды мойындамағанын еске салады.

National Interest ұйым мүшелері бір жағы Батыс санкцияларына ілінбес үшін, екінші жағынан өз егемендігіне қатер төндірмес үшін Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдамады деп есептейді. Украина тәрізді ҰҚШҰ-ға мүше елдер – бұрынғы Совет мемлекеттері. Мәскеу Киевтің тәуелсіздігін елемеді, ал бұл Путин осы елдердің егемендігіне қол сұқпайды дегенге кепілдік бермейді. Сондықтан Мәскеудің әскери операциясын қолдау бұл елдердің қауіпсіздік мүддесіне қайшы. Путин мен Лукашенко ҰҚШҰ-ны НАТО-ға шығыста қарсы тұратын күшке айналдыруға мүдделі болуы мүмкін, бірақ ұйымға мүше өзге елдер оған мүдделі емес.

Автордың пайымдауынша, ҰҚШҰ-дың басты кемшілігі, оған мүше елдердің стратегиялық мүддесі әртүрлі, бір-бірінен алшақ. Сондықтан әскери альянс мүшелері бірігіп әрекет ете алмайды. Ұйымға мүше елдердің арасындағы қайшылық, мұның қарулы қақтығысқа ұласуы ҰҚШҰ-ның дәрменсіздігін күшейтеді.

Дегенмен сарапшы осы проблемаларға қарамастан әскери альянстың ыдырауы екіталай деп топшылайды. Гейлдің ойынша, Ресейдің Украинадағы сәтсіз әскери іс-қимылы Мәскеудің беделіне нұқсан келтірсе де, ҰҚШҰ-ға мүше елдер әлі де Ресейді қауіпсіздік кепілгері ретінде жоғары бағалайды. Қазақстан президенті Тоқаев қаңтар басындағы толқуды басу үшін ҰҚШҰ-дан көмек сұраған. Автор Тоқаев сол уақытта наразыларды «бандиттер мен лаңкестер» деп атағанын еске салады. «ҰҚШҰ наразыларға қарсы әрекет еткен-етпегені белгісіз, бірақ миссия сәтті өтіп, Тоқаев билігін сақтап қалды».

Гейл ҰҚШҰ-ның Қазақстандағы толқуға араласуы ұйымның ішкі оппозицияны басатын әлеуеті бар екенін көрсетті, ал ұйымға кіретін елдердің авторитар басшылары мұны бағалайды дейді. Дегенмен ҰҚШҰ-ның жік-жікке бөлінуі ұйым мүдделерін іске асыруға мүмкіндік бермейді. Осы себепті Мәскеу көздегендей альянстың НАТО-ға қарсы күшке айналуы екіталай.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG