Accessibility links

"Ресейге өкпелі". Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы елдерінің арасына жік түсті ме?


Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) жаттығуы басталарда оған мүше елдердің туларын көтеру рәсімі. Тәжікстан, 2021 жыл.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) жаттығуы басталарда оған мүше елдердің туларын көтеру рәсімі. Тәжікстан, 2021 жыл.

Украинадағы соғыс Ресей басқаратын Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдердің қарым-қатынасын қиындатты. Олардың кейбірін шекарадағы жанжалдарға Мәскеудің селқос қарағаны алаңдатады.

Жыл басында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бойына қан жүгіргендей болған.

Ресей басқаратын әскери одақ 200-ден астам адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға әскер жіберді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "шетелдік террористер көмегімен мемлекеттік төңкеріс жасау" әрекеті болғанын айтып, одақтан көмек сұраған еді.

Сол кезде ұйым ұжымдық қорғаныс механизмі негізінде алғаш рет әскер жіберді. Осылайша "Одақ тағы қандай мәселелерге араласуы мүмкін?" деген сұрақ туды.

Осы оқиғадан бір жыл да өтпей жатып Ресейдің Украинаға басқыншылығы кезінде ұйым ең қиын кезеңдердің біріне тап болды.

Ресейдің Украинаға басқыншылығын ҰҚШҰ-ға мүше Беларусь қолдап, санкцияларға тап болды. Ал Қырғызстан мен Армения жуырда өз шекарасында болған қақтығыстар кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әрекетсіздігіне наразы екенін байқатпай қоймады.

ПУТИННІҢ РАХМОНДЫ МАРАПАТТАУЫ БІШКЕКТІҢ ШАМЫНА ТИДІ МЕ?

Өткен аптада Қырғызстан ҰҚШҰ-ның 10-14 қыркүйек аралығына жоспарланған жаттығуын өз аумағында өткізбейтінін мәлімдеді. Бұл ұйымның ауызбіршілігіне сызат түсіргендей болды.

Бішкектің шешімнен кейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Санкт-Петербургте өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы жиынына барған жоқ. Сол кезде Ресей президенті Владимир Путин жетпіс жасқа толып, Жапаров оған телефон шалып, құтты болсын айтқан.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақтан екінші) 70 жасқа толған күні бірнеше постсоветтік елдің басшыларымен кездескен. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров бұл жиынға бармады. Санкт-Петербург, Ресей, 7 қазан 2022 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақтан екінші) 70 жасқа толған күні бірнеше постсоветтік елдің басшыларымен кездескен. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров бұл жиынға бармады. Санкт-Петербург, Ресей, 7 қазан 2022 жыл.

Ресей депутаты Константин Затулин ресейлік басылымға берген сұхбатында Қырғызстанның "ойын ойнап отырғанын, Батыс санкцияларынан қорқатынын" айтты.

Көрші елдер енді шешімдерін сарапқа салып, қаншалық мықты екенімізді және Украинамен соғыста қалай жеңіске жететінімізді бақылап отыр дейді Затулин.

"Кейінгі кезде жағдайымыз жақсы болмағандықтан, біршама оқиға болып жатыр" деді депутат. Мемлекеттік думаның ТМД елдері бойынша комитетінің төрағасы Затулин Мәскеуді қолдамай отырған көршілерін айыптағанымен танылған.

Бірақ Затулин Қырғызстанның әрекетінің санкцияға да, Ресейдің Украинадағы сәтсіздіктеріне де қатысы жоғын жақсы біледі.

Өткен айда Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекарада қақтығыс болып, жүзден астам адам қаза тапты. Бішкектегі ірі ақпарат агенттіктері Душанбенің әрекетін "басқыншылыққа" теңеді.

Қырғыз әлеуметтік желілерінде Мәскеудің шекара дауына қатысы бар деген болжам айтылып, Жапаров бұл сөзді сынға алған еді.

ҰҚШҰ-на мүше елдердің бірлескен әскери жаттығуы кезінде жалғыз адам қолдана алатын зениттік ракета қаруынан атып жатқан қырғыз сарбазы. Эдельвейс полигоны, Қырғызстан. 2021 жылғы қыркүйек айы.
ҰҚШҰ-на мүше елдердің бірлескен әскери жаттығуы кезінде жалғыз адам қолдана алатын зениттік ракета қаруынан атып жатқан қырғыз сарбазы. Эдельвейс полигоны, Қырғызстан. 2021 жылғы қыркүйек айы.

4 қазанда Владимир Путин жетпіске толған Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды "аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке үлес қосқаны үшін" марапаттады. Бішкек бұған бірден реакция білдірді.

"Тәжікстан билігі жылдан жылға бейбітшілікті бүлдіріп, Орталық Азия елдері арасындағы келісімді бұзып жатқанда, қандай қауіпсіздік туралы айтуға болады?" деп жазды Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Құстабаев Фейсбукте.

Ол Рахмонның былтыр да шекара қақтығыстарынан соң Путиннен марапат алғанын еске алды.

"Путиннің Рахмонға берген марапаты қырғыздар үшін нашар нышан саналады және Кремльдің шиеленісте тараптардың бірін қолдайтынын білдіретіндей" дейді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бішкектегі академиясының сарапшысы Айжан Шаршенова.

10 қазанда Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары Еділ Байсалов Қырғызстан қоғамы өз елінде Тәжікстанмен жаттығу өткізуге қарсы екенін айтып, шешімнің бірінші себебі сол деді.

"Бірақ Бішкек ұйымға мүше болып қала береді" деді Байсалов.

ҚАЗАҚСТАНДЫ МАЗАЛАЙТЫН МӘСЕЛЕ

ҰҚШҰ-ның тамыры Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім-шартқа барып тіреледі. Оған 1990 жылдары Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан мен осы ұйымның қазіргі алты мүшесі қол қойған. Бірақ 2002 жылы ұйым құрылғанда, осы үш мемлекеттің ешбірі оған мүше болған жоқ.

Орталық Азиядағы ең ірі әскер құрамы бар Өзбекстан 2005 жылы ұйымға қосылды да, жеті жылдан соң одан шығып кетті. Өткен аптада Ташкент ҰҚШҰ-ға мүше болуды қарастырмайтынын мәлімдеді.

Ұйым тарап кетуі мүмкін деген болжам Армения мен Қазақстанға қатысты айтылды.

Қаңтарда ҰҚШҰ-нан әскери көмек алғанына қарамастан, Астана Украинадағы жағдайды үреймен бақылап отыр.

Қаңтар оқиғасы кезінде президент Тоқаевтың сұрауымен Қазақстанға ҰҚШҰ миссиясы құрамында келген ресейлік сарбаздар еліне қайту үшін ұшаққа мініп жатыр. Алматы, 13 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде президент Тоқаевтың сұрауымен Қазақстанға ҰҚШҰ миссиясы құрамында келген ресейлік сарбаздар еліне қайту үшін ұшаққа мініп жатыр. Алматы, 13 қаңтар 2022 жыл.

Ресеймен 7644 шақырымға созылған ортақ шекарасы бар мемлекет үшін қауіп күшейді. Затулин секілді ресейлік саясаткерлер Астананың соғысқа қатысты бейтарап көзқарасына ашуын жасырмайды.

Өткен айда Мәскеу әскері Киевтің қарсы шабуылынан кейін мобилизация жариялағанда, Астана Ресей шекарасына жақын жерде қорғаныс жаттығуын өткізді.

Бірақ Қазақстан ресми өкілдері ҰҚШҰ құрамында қалатынын растады. 12 қазанда Қазақстан қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов журналистерге "ұйымда дағдарыс жоқ" деді.

13 қазанда Путин екіжақты және көпжақты кездесу өткізу үшін Қазақстанға келді. Мәскеу Украинада азаматтық нысандарды атқылағаннан кейін Путин алғаш рет шетелге сапар шегіп отыр. Мұны сарапшылар Украинаның Қырым түбегі мен Ресейді байланыстырып тұрған Қырым көпіріндегі жарылыс үшін кек алу деп айтып жүр.

АРМЕНИЯ ҰҚШҰ-дан ҚОЛ ҮЗЕ МЕ? ӘЛДЕ ҰЙЫМ ОДАН СЫРТ АЙНАЛА МА?

Армения премьер-министрі Никола Пашинянның ҰҚШҰ-дан көңілі қалатындай себеп көп.

Өткен айда Әзербайжанмен болған қақтығыстар кезінде Ереван ұжымдық қорғаныс туралы төртінші бапты қолдануға тырысты. Бұл екі ел арасында 2020 жылы Таулы Қарабақ үшін алты аптаға созылған қарулы қақтығыстан кейінгі ең ірі қанды оқиға болды.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Армения премьер-министрі Николь Пашинян Шығыс экономика форумында. Владивосток, Ресей, 7 қыркүйек 2022 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Армения премьер-министрі Николь Пашинян Шығыс экономика форумында. Владивосток, Ресей, 7 қыркүйек 2022 жыл.

13-14 қыркүйек пен 28 қыркүйектегі қақтығыстар кезінде екі жақтан екі жиынтығы жүзден астам сарбаз қаза тапты. Армения қалалары артиллерия шабуылына ұшырады.

Арменияның өтініші елеусіз қалды. Ұйым әскер жібермей, фактілерді анықтау үшін миссия жіберумен шектелді.

Қыркүйектің аяғында болған екінші қақтығыс кезінде Пашинян ҰҚШҰ-ға кіретін кей елдердің "Армения одақтан шығу мәселесін қарастыра ма?" деп сұрағанын айтты.

"Мен керісінше, ұйымның Армениядан кету қаупі бар дедім" деді Пашинян 30 қыркүйекте телеарнаға берген сұхбатында.

Қауіпсіздік мәселелері жөніндегі армян сарапшысы Леонид Нерсисян Азаттыққа "басқа балама болмаса, Ереванның Мәскеудің қауіпсіздік алаңынан кетуі екіталай" екенін айтты.

Бұл жағдай Әзербайжан мен оның одақтасы Түркияның толық басқыншылық жасауына алып келуі мүмкін дейді ол. Нерсисян оларды тек ҰҚШҰ тоқтатып тұрғанын, сонымен қатар Ресейдің кек алуы мүмкін екенін айтады.

"Ресей Арменияға көмек көрсетпейді, – деді Нерсисян Азаттыққа. – Бірақ Ереван ұйымнан шықса, ол көп кесірін тигізуі мүмкін".

Ресей ҰҚШҰ-дан әскер сұрай ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:13 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG