Accessibility links

Кремльдің Украинадағы "референдумы" және Орталық Азия елдерінің үнсіздігі


Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

2014 жылы Ресей Украинаның Қырым түбегін аннескиялап алғаннан кейін Орталық Азияның кей мемлекеттері оны де-факто мойындаған. Содан бері аймақтағы елдердің көңіл-күйі, соның ішінде Мәскеудің Украинаға басқыншылығына деген көзқарасы өзгерді.

Украинаның төрт облысын аннексиялауға арналған жиында Ресей президенті Владимир Путин өзін Батыс гегемониясымен күресуге шыққан отаршылдарға қарсы қозғалыс басшысы ретінде сипаттады.

Мәскеу Украинаның "ДХР", "ЛХР", Херсон және Запорожье облыстарының оккупацияланған жерлерін Ресей территориясы деп жариялады. Батыс елдері "референдум" заңсыз деп біледі. Ал Ресей империя бөлігі санап келген Орталық Азия елдері не үнсіз қалды, я территория тұтастығын қолдайтынын айтумен шектелді.

Путиннің пікірінше, мұның себебі белгілі: олар Мәскеудің Украинаға жасаған басқыншылығына жауап ретінде Батыс елдері Ресей мен оның халқын өзгелерден шеттеткен санкциялардан қорқады.

Бірақ Орталық Азия елдері 2008 жылдан кейін Кремльдің экстерриторияларық жобаларына сақтықпен қарайды. Ол кездері Ресейдің осы аймақтағы әріптестері Грузиядан тәуелсіздік алғанын жариялаған Оңтүстік Осетия мен Абхазияны мойындамаған еді.

Ресейдің Украинаға басқыншылығы аймақта Мәскеудің қандай қадамға бара алатынына қатысты қауіптенуге негіз болды дейді сарапшылар.

"ТЕРРИТОРИЯ ТҰТАСТЫҒЫ"

30 қыркүйекте Владимир Путин Батыс елдерінің билігіне қарсы шығып, олар санкция саламыз деп сес көрсете отырып "бәрін, оның ішінде ТМД елдерін де нысанға алып отыр" деп айыптады.

Мәскеудің нысанасына түскенін сезіне алатын елдердің бірі – Қазақстан. Бұл Ресеймен ортақ шекарасы бар жалғыз Орталық Азия елі. Соғысқа бейтарап көзқарас танытқан Қазақстан Ресей саясаткерлері мен қоғам белсенділерінің ақпараттық шабуылына ұшыраған еді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Санкт-Петербург, 17 маусым 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Санкт-Петербург, 17 маусым 2022 жыл.

Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан ғана Ресей өткізген референдумды мойындамайтынын айтты. Әскері Украинаның қарсы шабуылына тап болған Мәскеу 23-27 қыркүйекте асығыс референдум өткізген еді.

26 қыркүйекте Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстанның референдумға көзқарасы "мемлекеттік территориялық тұтастығы, егемендік эквиваленті мен бейбіт өмір сүру" принциптерін негізге алатынын айтты.

Орталық Азия бойынша халқының саны ең көп Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі өткен аптадағы мәлімдемесінде референдумды "Украинадағы жағдайға қатысты кейбір мәселелерді анықтағысы келген азаматтардың өтініші" деп атаған.

Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан да пікір білдірген жоқ.

Қырғызстанның жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірі Азаттық радиосына өз елінің Украинаның басып алынған аймақтарындағы жағдайды заңды деп мойындамайтынын айтып, мемлекет жерінің тұтастығы – халықаралық құқықтың негізі деп атады.

Бұған дейін Орталық Азия елдері мұндай жағдайға 2014 жылы тап болған еді. Сол жылы наурызда Мәскеу Украинаның Қырым түбегінде "референдум" өткізген.

Олар аннексияны мойындаған жоқ. Бірақ Қазақстан мен Қырғызстан дауыс беру нәтижесін растады. Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі плебисцитті "автономды республика халқының өз қалауын білдіруі" деп атап, Ресейдің шешімін "түсінетінін" айтты.

Ал 2019 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырымдағы жағдайды сипаттауға аннексия сөзі тым ауыр болатынын айтып, Украина тарапынан сынға қалған.

Бірақ содан бері Астанадағы жағдай өзгерді. "Ақпандағы басқыншылық Ресей билігіндегі элитаның империялық көңіл-күйінің қаншалық алысқа бара алатынын байқатты" дейді Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінде халықаралық қатынастар бойынша дәріс беретін Әсел Битабарова.

Одан кейін Ресейдің кейбір саясаткерлері мен қоғам қайраткерлері Қазақстан мен оның билігіне ақпараттық шабуыл жасауға көшті. Олардың бірі Тоқаев әкімшілігі Қаңтар оқиғасында қолдау білдірген Ресейдің "жақсылығына жетпеді" деді.

Кейбірі Қазақстанның солтүстігінде тұратын орыстарды қорғауға шақырды. Битабарова Мәскеу қалалық кеңесі мүшесінің Қазақстанды "ұлтшылдар мен қарудан азат ету" аймағына қосу керек деген сөзіне тоқталды. Мәскеу Украинаға басқыншылық жасағанда осы терминдерді қолданған еді.

"Бұл сөздер Қазақстан мен Украинаға қатысты ұқсас мәлімдемелерді алға шығарды" дейді сарапшы.

Өзбекстан Украинаның егемендігі мен территориясының тұтастығын қолдайтынын бірінші рет айтқан жоқ.

Наурызда сол кездегі сыртқы істер министрі Абдулазиз Комилов парламентте сөйлеген сөзінде Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырып, Ташкент өзін тәуелсіз деп жариялаған Донецк пен Луганск "халық республикаларын" мойындамайтынын айтты.

Кейін Комилов көпшілік алдына шықпай кетті. Министрлік оның ауырып жатқанын айтты. Ал сәуірде ол президент жанындағы қауіпсіздік кеңесі хатшылығының орынбасары қызметіне кірісті.

Ташкенттегі саяси шолушы және Киевті ашық жақтап жүрген Әнуар Назиров Өзбекстанның Украинаға деген көзқарасы 2014 жылға қарағанда беки түскенімен, Қазақстанға қарағанда сақ қимыл жасауға тырысатынын айтты.

Наурызда Назиров Украинаның Ташкенттегі елшілігі алдында жиналған топ арасында болған. Сонда өзбек полициясы Ресей елшілігі жақтырмай жатыр деген уәж айтып, наразы топты таратқан деді ол Азаттыққа.

Дегенмен, Ташкенттің Батыс пен Азия елдерінен алған инвестиция мен кредитін, Украинадағы соғыста Ресейдің қазіргі жағдайын ескерсек, Өзбекстанның Ресейге айтарлықтай қолдау білдіре қоюы екіталай.

"Украина стратегиялық артықшылыққа ие болған соң, Өзбекстан Ресейдің жеңіліп қалуы мүмкін екенін, Ресейдің Путиннен кейінгі кезеңін де естен шығармауы керек" деді Назиров Азаттыққа.

ҚЫТАЙДЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ МҮДДЕСІ

Орталық Азия тап болған Ресейге қатысы бар мәселе Қырымнан басталған жоқ.

2008 жылы Мәскеу Грузиядан Оңтүстік Осетия мен Абхазияны тартып алған соң, Ресей жақын одақтастары оны қолдайды деп ойлады.

Ресейдің сол кездегі президенті Дмитрий Медведев Тәжікстанда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне барып, ұйымға мүше елдердің қолдауын алуға үміттенді. Бұл ұйымға Ресей, Қытай және Орталық Азия елдері кіреді.

"Бірақ ұйым қолдаудан бас тартты және оның басында Қытай тұрды" дейді Лондон патша институтының ғылыми қызметкері Рафаэлло Пантуччи.

Содан бері Пекин мен Мәскеу жақындап, шексіз әріптестік туралы айтқанымен, Орталық Азия елдері Қытай бөлінген республикаларды мойындауда ойланып әрекет ететініне сенімді бола алады деді Пантуччи.

Қытайдың аймақтағы елдерді Ресейден тасалайтын дипломатиялық қалқан бола алатыны өткен айда байқалды. Қытай президенті Си Цзиньпин коронавирус пандемиясынан кейін алғаш рет шетелге сапар жасап, Қазақстанға келді.

Өзбекстанда өткен ШЫҰ саммитіне бара жатқан ол Тоқаевқа Қытай Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігі мен территориялық тұтастығын қорғауға дайын екенін, елдің ішкі мәселелеріне сыртқы күштердің араласуға қарсы шығатынын айтты.

Украинадағы соғыстың Орталық Азия елдеріне әсері кейінгі апталарда ерекше байқалды. Владимир Путин мобилизация жариялаған соң, ондаған мың ресейлік Орталық Азия елдеріне лап берді.

"Ресейде қалудың мәні жоқ". Павлодарда соғыстан қашқан ресейлік көп
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:59 0:00

Путин ішінара мобилизация туралы бұйрық берген соң Қазақстан билігі елге 200 мың Ресей азаматының келіп, олардың 147 мыңы кетіп қалғанын хабарлады.

Ресейден Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдеріне барып жатқандар айтарлықтай көп болмаса да, ол жақта да жол ақысы мен азық-түлік қымбаттап жатыр.

Ресейліктердің келіп жатқанына реакция әртүрлі болды. Біреулер қонақжайлық туралы айтса, басқалары ашық қарсылық білдірді. "Бұл Ресей – Орталық Азия елдерінің ішкі мәселесі екенін көрсетеді" дейді Глазго университетінің сарапшысы Лука Анческа.

2014 жылдан бері жаһандық геосаясат пен жергілікті халықтың Ресейге көзқарасы барған сайын қарама-қарсы болып келе жатқанымен, "Орталық Азия елдері билігінің Ресейге реакциясы бірдей деуге болады" деді Анчески Азаттыққа.

"Биліктен айрылғысы келмейтін олар халықаралық деңгейдегі іс-әрекетінің барлығын ел ішінде пайдалану қажеттілігіне қарай сүзгіден өткізіп отырады. Мұндайға келгенде әккі боп алған" дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG