Accessibility links

Иранда Махса Амини өлімі туралы жазған журналистер "мемлекетке сатқындық жасады" деп айыпталды


Ирандық журналист Нилуфар Хамеди
Ирандық журналист Нилуфар Хамеди

Иран билігі 22 жастағы белсенді Махса Аминидің қазасы туралы бірінші болып мақала жазған екі журналисті "мемлекетке сатқындық жасады" және "АҚШ арнайы қызметіне жұмыс істеді" деп айыптады. Иран заңы бойынша оларға өлім жазасы берілуі мүмкін. Бұған дейін ресми Тегеран Амини өлімінен кейін елде тұтанған жаппай наразылықтың ар жағында АҚШ пен "сионистер" тұр-мыс деп мәлімдеген.

Журналистер Нилуфар Хамеди мен Элаэ Мохаммади Амини қазасынан кейін көп ұзамай ұсталған. Ақпаратқа қарағанда, олар саяси баппен айыпталғандар отыратын Эвин түрмесіне қамалған болуы мүмкін.

Иран арнайы қызметі ортақ мәлімдеме жариялап, онда журналистерді "ЦРУ агенттері" деп атаған. Мәлімдемеде елде бір жарым айдан астам уақыттан бері өтіп жатқан наразылық акцияларының ар жағында "ЦРУ, Моссад және өзге де батыс барлау ұйымдары тұрғаны" айтылған.

Иранда наразылық басталғалы бері 40-тан астам журналист ұсталған. Қамалмаған журналистер британдық The Guardian басылымына арнайы қызметтің өздерін үнемі аңдитынын, телефондарын тыңдайтынын және жазғандарын бақылайтынын мәлімдеген. Қудалауға байланысты олар шетелдегі әріптестерімен сөйлесе алмайтынын, өздерін қауіпсіз сезінбейтінін айтқан.

Иранда жаппай наразылық қыркүйек ортасында 22 жастағы құқық қорғаушы Махса Аминидің өлімінен кейін тұтанған. Ахлақ полициясы оның хиджабы нормаға сәйкес емес деп тауып ұстаған. Кейін ол полиция бөлімшесінде жұмбақ жағдайда қаза болды. Куәгерлер оны ұрып-соққанын айтады, ал ресми орындар Аминидің аурудан көз жұмғанын айтты. Бірақ оған еш дәлел келтірмеді.

Қыркүйектің ортасынан бері жалғасып келе жатқан наразылықта демонстранттар әйел құқығын қорғауды, полиция озбырлығын доғаруды, Иранды демократияландыруды, үкіметті отставкаға жіберуді талап еткен.

XS
SM
MD
LG