Accessibility links

Өскемен 2050 жылға дейін металлургия зауыттарына тәуелді болып қала бермек. Қалаға бұл қаншалықты қауіпті?


 Өскемендегі жылу электр орталығы. 2022 жылдың наурызы. Фото авторы: Аяужан Өтеулинова.
Өскемендегі жылу электр орталығы. 2022 жылдың наурызы. Фото авторы: Аяужан Өтеулинова.

ШҚО орталығы Өскемен қаласы жетпіс жылдан бері Сталин дәуірінде пайда болған металлургия зауыттарына арқа сүйейді. Жергілікті әкімдік қаланың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында алдағы отыз жылда да Өскемен экономикасының базалық секторы "дәстүрлі өнеркәсіп өндірісі мен түсті металлургия болып қала береді" деп жазған. Cарапшылар қаланы дамыту стратегиясында жаңа салаларды дамыту жоспары жоқ деп дабыл қағады.

"ӨСКЕМЕН – МЕТАЛЛУРГИЯ ЗАУЫТТАРЫНА ТӘУЕЛДІ ҚАЛА"

Өскемендік белсенді, заңгер Роман Честных қаланың 2050 жылға дейінгі стратегиясын оқып, көңілі құлазыған. Әкімдіктің алдағы отыз жылға арналған жоспарында қала "Қазмырыш", Өскемен титан–магний комбинаты (ТМК), Өскемен конденсатор зауыты, Үлбі металлургия зауытына (ҮМЗ) арқа сүйейтіні жазылған. Честных қала экологиясына зиян келтіріп жатқан зауыттар Өскеменді шын мәнінде моноқалаға айналдырады деп қауіптенеді.

– Үш ірі металлургия зауыты – "Қазмырыш", ТМК, ҮМЗ – әрқайсысы өз саласының флагманы. Өскемен – осы зауыттарға тәуелді қала. Бұл жағдай дәл қазір қорқынышты емес шығар, бірақ кәсіпорындар тоқтаған кезде қауіпті болады. Ал өндіріс деген кез келген сәтте тоқтап қалуы мүмкін. Мысалы, нарықтың құлдырауы, нарық конъюнктурасының өзгеруі, санкция ықтималдығы не техногендік апат болуы мүмкін. Қазіргі жағдайда бәрі ықтимал екенін көріп отырмыз. Әлем мен әлем экономикасы өзгеріп жатыр ғой, сонда Өскемен шикізат бағытындағы қала болып қала бермек пе? Әрине, бұл сала да қажет, бірақ экология тазалығы төмендеп, экономиканы әртараптандыру жүргізілмей жатқан жоқ па? Машина жасау саласын дамытады деген үміт болды, бірақ ол іске аспады, – дейді Роман Честных.

"Қазмырыш" зауыты мен жылу электр орталығы маңындағы үйлер. 2022 жылдың наурызы. Фото авторы: Аяужан Өтеулинова.
"Қазмырыш" зауыты мен жылу электр орталығы маңындағы үйлер. 2022 жылдың наурызы. Фото авторы: Аяужан Өтеулинова.

Өскеменде 2002 жылдан бері істеп тұрған мыңдаған жұмысшысы бар "Азия Авто" машина құрастыру зауытының жұмысы екі жыл бұрын тоқтаған. Мемлекет компанияның иесі Анатолий Балушкинді ірі көлемде қаражат жымқырды деп айыптап, халықаралық іздеу жариялаған. Үкімет компаниядан 2012–2020 жылдар аралығында алған жеңілдіктері мен преференцияларынан 173 млн теңге шығынды өндіріп алу туралы сотқа талап арыз түсірген еді.

Бұған қоса, әр жылдары қалада "Востокмашзавод" машина құрастыру зауытының цехтары тоқтап, ет комбинаты, жібек мата комбинаты жабылған. Қазір қаланың негізгі табысы мен экономикасы металлургия зауыттарына тәуелді.

"ҚАЛАДА ЗАУЫТТАРДЫҢ ОРНЫН БАСАР ЖАҢА САЛАЛАР ЖОҚ"

Қала әкімдігі алдағы отыз жылға арналған даму стратегиясында Өскемен экологиясының бұзылғанын жаза келе, "2050 жылға дейін металлургия мен машина жасаудың экспортқа бағытталған салалары қаланың негізгі өнеркәсіп бағыты болып қала" береді дейді. Ал "Қазмырыш" экологы биыл 15 тамыздағы кәсіпорынның қала экологиясына әсеріне байланысты қоғамдық тыңдауда "зауыт 2042 жылға дейін шикізатпен сенімді түрде қамтамасыз етілген" деп мәлімдеген.

Экономика ғылымдарының кандидаты Владимир Гранецкий де Өскеменде зауыттардың жұмысы аяқ асты тоқтап қалса, қаланың дамуы кері кетеді деп есептейді.

– Өскемен бюджетінің 70 пайызы "Қазмырыш" компаниясынан түседі. Меніңше, осы санның өзі–ақ біраз мағлұмат беріп тұр. Егер зауыттар аяқ астынан тоқтап қалатын болса, онда қала құлдырайды. Семейдегі сияқты базарлар ғана қалады. Дәл қазір Өскеменде зауыттардың орнын басатын жаңа салалар дамып жатқан жоқ. Алдағы қырық жылда осы қалпы өзгеріссіз қалады деп ойлаймын. Ал бізге нені дамыту керек? Егер білсеңіз, қалада бұрын жібек мата комбинаты болған. Бұл ірі кәсіпорын еді. Сонымен бірге үй құрылысы комбинаты да жұмыс істеген. Осы комбинаттарды қайта жандандыру керек. Ал Анатолий Балушкиннен қалған "Азия Авто" көлік зауытын шетелден болса да инвестор тартып, алға жылжытқан абзал. Ал облыс бойынша қарайтын болсақ, сулы–нулы өлкемізде туризмді өркендетуге мүмкіндік мол. Бұған қоса, қала экологиясын тазарту деген маңызды мәселе тұр. Ол үшін көмірден бас тартып, өңірге газ тартуды жеделдету керек, – дейді сарапшы.

Өскемендік белсенді, заңгер Роман Честных.
Өскемендік белсенді, заңгер Роман Честных.

Қала әкімдігінің 2050 жылға арналған стратегиясында құрылыс материалдары, жиһаз, тамақ өнімдері, сусын, тоқыма бұйымдары саласын дамыту, денсаулық, білім беру, мәдениет саласына да көңіл болу туралы жоспар да бар. Алайда белсенді Роман Честных мұның бәрі "сәнді сөзге ұқсайды" деп есептейді.

– Қаланың даму стратегиясы деген құжат әйтеуір "бар" екенін көрсету үшін әзірленген сияқты, толық аяқталмаған жоспар болып көрінеді. Стратегияның қарама-қайшы тұстары көп. Қаланың бір аймағына шоғырланған өнеркәсіпті негізгі жұмыс орындары ретінде қалдыруды жоспарлайды, бірақ сол кәсіпорындарға баратын ыңғайлы көлік инфрақұрылымын жасау туралы сөз жоқ. Қала халқын көбейту жайлы айтады, бірақ жастар азая беретінін мойындайды. Қала халқын өсіруге ауылдардан жастарды тарту бағдарламасы да көмектеспейді. Ал аудандардан жастарды қалаға тарту аймақтардың дамуына кесірін тигізеді. Стратегияда осыған дейінгі даму модельдері емес даму векторлары көрсетілуі керек еді. Стратегиядан қалада жаңа салаларды дамыту жайлы нақты бағыттарды көрмедім, – дейді ол.

"ӨСКЕМЕН ӨМІРДЕН ҚАЖЫҒАН АДАМҒА ҰҚСАЙДЫ"

Өскеменнің 2050 жылға арналған стратегиясында қалада 2008 жылдан бастап қала халқы 29 мыңға көбейіп, қазір 348,8 мың адам тұратыны жазылған. Алайда қалада еңбекке қабілетті жастағы адам саны қысқарып (2013 жылмен 2018 жылды салыстырғанда 4,1 мың адамға азайған), 58-ден асқан егде жастағы тұрғындар 7,2 мыңға артқан.

Әкімдік жоспарында еңбекке қабілетті тұрғындардың азаюы, бала тууға қабілетті әйелдер үлесінің қысқаруы мен егде тұрғындар үлесінің артуы, экологияның одан әрі нашарлауы "түйткілді мәселе" деп көрсеткен.

"Қала экологиясының одан әрі нашарлауы білікті және креативті жастардың Өскеменге келуге деген ынтасының төмендеуі, сондай-ақ аурулардың көбеюіне әкеледі" деп жазылған стратегияда.

"Қазмырыш" зауытынан шыққан түтін қалаға жайылады. Өскемен, 1 қаңтар 2022 жыл. Фото авторы: Тілеубек Шаяхмет.
"Қазмырыш" зауытынан шыққан түтін қалаға жайылады. Өскемен, 1 қаңтар 2022 жыл. Фото авторы: Тілеубек Шаяхмет.

Бұған қоса, жоспарда "қаланың білікті тұрғындарының кетуі", "қала жастарының Ресейге оқуға кетіп, сонда орнығып қалуы" негізгі қауіптердің бірі ретінде аталған.

Өскемен әкімдігі бұл мәселелерді шешу үшін "ірі өнеркәсіп орындарының қолда бар әлеуеті негізінде экономиканың инновациялық салаларын дамытуды", "қала халқының кетуін тоқтату үшін қолайлы орта құруды" ұсынады.

Ал эколог Дәулет Асанов стратегиядағы көрсетілген барлық мәселе қала экологиясынан туындағанын айтады. Ол қала билігі алдымен экология мәселесін шешуі тиіс деп санайды.

– Басшылар Өскеменді еуропалық қала деп айтып қалып жатады (шілдеде Астанада журналистерге брифинг берген ШҚО әкімі Даниал Ахметов Өскеменді "нағыз еуропалық қала тәрізді" деп айтқан – ред.). Бірақ мен араласатын орта жастағы, білікті адамдар Өскеменді "тым депрессивті қала" деп көшіп кетіп жатыр. Олар бұл жерде Алматы не Астанадағыдай жалақыны таба алмайды. Егер экология, тұрмыс проблемалары ақырындап шешілгенін көрген болса, жастар бәлкім, жалақыға қарамастан ойланар ма еді. Өйткені Өскемен ықшам әрі табиғаты әсем жер ғой. Өкініштісі, осы адамдар қаланы көтеріп, көркейте алар еді. Қазір барлық өндіріс орыны мен бизнесте маман тапшылығы сезіліп отыр. Ықшам аудандардың түріне қарасаң, халықтың жағдайы мәз емес екенін анық көресің. Өскемен әжімдерінің астынан бір кезде сұлу болғаны байқалатын, өмірден қажыған адамға ұқсайды. Қала тұрғындары көбіне жұмыс-үй деп қана жүреді, көшеде күлкі аз естіледі, – дейді ол.

ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?

Азаттық Өскеменнің 2050 жылға арналған стратегиялық жоспарын нақтылау үшін және "Қалада жаңа салалар ашылмай ма?" деп әкімдікке сауал жолдаған. Қала әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі "Өскемен болашақта өнеркәсіп, сауда-логистика, қаржы және кадастр, ақпарат пен технологияларды жеткізу орталығы болады" деп мәлімдеді.

"Қалада металлургия өнеркәсібімен қоса машина жасау, тамақ өндірісі, металл конструкциялары мен жабдықтары, атом электр станцияларына қажет отын шығаратын өнеркәсіп бағыты сақталады. Май және сүт өнеркәсібінің кластерлерін құру ескерілген. Қазір шағын және орта бизнес жобаларын орналастыруға арналған, оның ішінде халық тұтынатын тауарларды шығаруға арналған екі индустриялық аймақ бар. Ал стратегияны жүзеге асыру тетіктері – агроөнеркәсіп кластерлерін құру, индустриялық аймақтарда жаңа жобалар орналастыру, шағын және орта бизнесті несие мен инвестиция жағынан қолдау, көлік-логистика орталықтарын, өндірісті дамыту және цифрлық технологияларды пайдалану" дейді экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі жауабында.

"Қазмырыштан" шыққан түтін. Өскемен, 1 қаңтар 2022 жыл. Фото авторы: Тілеубек Шаяхмет.
"Қазмырыштан" шыққан түтін. Өскемен, 1 қаңтар 2022 жыл. Фото авторы: Тілеубек Шаяхмет.

Ал қала әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі "жүйе түзуші кәсіпорындар" белгілі үш зауыт екенін мойындайды, бірақ Өскеменді "тек өнеркәсіпке сүйенген қала деуге болмайтынын" жазады.

Бөлім қалада 33 мың шағын және орта бизнес тіркелгенін айтады және Өскеменде ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін кәсіпорындар "жетерлік" дейді.

Дегенмен қала әкімдігінің 2050 жылға арналған стратегиялық құжатында "шағын және орта бизнесті дамытуға қаржыландыру шектеулі, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну рәсімі күрделі, білікті кадрлар жетіспейді" деп жазылған.

"Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен қайта өңдеушілерге қажет трансшекаралық логистика дамымаған, ауа райы қолайсыз, суармалы жер көлемі қысқарған, тыңайтқыштар жеткіліксіз енгізіледі, селекциялық жұмыс жоққа тән, техникалық жабдықталуы төмен" деп көрсетілген стратегиялық құжатта.

"ПРОБЛЕМАЛАРЫНА ҚАРАМАСТАН ЖАҚСЫ КӨРЕМІН"

Қала тұрғындарын, белсенділерді Өскемендегі зауыттардың ауаны ластайтыны алаңдатады. Бұл мәселені әкімдік те жақсы біледі. Кәсіпорындар арасында қаланы "Қазмырыш" зауыты көбірек ластайды, ауаға шығатын өндіріс қалдықтарының 49 пайызы осы зауытқа тиесілі. Мұны шілдеде журналистерге брифинг берген ШҚО экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев айтқан.

Өскемендік эколог Дәулет Асанов. Сурет экологтың жеке мұрағатынан алынды.
Өскемендік эколог Дәулет Асанов. Сурет экологтың жеке мұрағатынан алынды.

Эколог Дәулет Асановтың сөзінше, зауыттарға экология департаменті тексеру жүргізеді, бірақ олардың мүмкіндіктері аз

– Зауыттарда апат болған кезде зауыттың ішіне уақтылы кіре алмаған. Зауыттармен қатар жылу электр орталықтары мен жеке үйлер де ауа сапасының нашарлауына әсер етеді. Жылу электр орталықтарындағы қондырғылар шаң ұстайды, бірақ газды тазаламайды, – дейді ол.

Заңгер Роман Честныхтың пікірінше, қалада ауаның ластану деңгейі жоғарылағанда көптеген адамның тамағы қырнап, тұмауратады, басқа да ауырлық пайда болады.

– Бірақ дәрігерлер тамақтың химиялық күюуі диагнозын қоймайды. Өйткені ауадағы ластаушы заттардың мөлшері көбейген кезде науқастың қалада болғанын тексеріп, соның салдарынан ауырғанын дәлелдеуге тиіс. Сондықтан қазір көбіне "ЖРВИ" деп диагноз қояды. Вирус инфекциялары шырышты қабыққа оңай түседі, яғни диагнозда салдарды көрсетеді, ал себебін көрсетпейді. Менің ойымша, егер ертең жаппай, тіпті жаппай емес, біраз адамға қолайсыз экологиялық жағдайларға байланысты шырышты күйік диагнозы қойылса, онда Конституцияда бекітілгендей, халықтың денсаулығын қорғау функциясын орындамайтын мемлекетке қатысты сот ісі жүргізілер еді, – дейді ол.

"Қазмырыш" зауыты. 2022 жылдың сәуірі. Фото авторы: Мерей Қайнарұлы.
"Қазмырыш" зауыты. 2022 жылдың сәуірі. Фото авторы: Мерей Қайнарұлы.

Қала белсенділері бірнеше рет экология мәселесін көтеріп, митинг өткізуге талпынғанымен, әкімдік келісім бермеген. Олар туған қаласы Өскеменді экологияға зиян тигізетін кәсіпорындарсыз дамытып, осы қалада өмір сүргісі келеді.

– Көшіп кету туралы өте жиі ойланам, бірнеше жыл бұрын Алматыға жұмысқа кел деп шақырған болатын, ол кезде батылым жетпеді. Осы қалада ата-анам, туған-туысым тұрады. Өсіп келе жатқан қызымды қалай олардың назарынан тыс қалдырамын деп ойлаймын. Өскеменде жастық шағым өткеннен кейін өзіме өте ыстық. Проблемаларына қарамастан жақсы көремін. Терең тамыр жайып кеткенбіз, – дейді Дәулет Асанов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG