Алматы тұншығып барады. Жасыл-желек кесіліп, жаппай салына бастаған, иін тірескен құрылыс жел режимін бұзды. Экобелсенділер бірнеше жылдан бері осы мәселені көтеріп, жөн - жосықсыз құрылыспен күресіп келеді. Азаттық қаланы "қорғап" жүрген белсенділермен сөйлесіп, құрылыс нормалары қалай бұзылатынын сұрастырып көрді.
ХРАПУНОВ, ҚҰЛЫБАЕВ ЖӘНЕ КОМИТЕТКЕ БЕРІЛГЕН 40 ӨТІНІШ
Алматыда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметкерлеріне берілген үйлер орналасқан квартал бар. Оны өздері "Погрангородок" деп атай береді. Қаланың жоғарғы бөлігіндегі "Акушерия, гинекология және перинатология" ғылыми орталығының жанында орналасқан квартал бірнеше қабатты 11 үйден тұрады.
2003 жылы ғылыми орталықтың иелігіндегі 0,86 гектар жер Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаевқа қарасты "КИТ Групп" компаниясына берілген. Әкімдік атынан жерді ғылыми орталықтың иелігінен шығару туралы келісімшартқа Алматының сол кездегі әкімі Виктор Храпунов (1997-2004 жылдары қаланы басқарған, кейінірек жер учаскелерін заңсыз бөлді деп айыпталған) қол қойған.
2014 жылы жер учаскесі Құлыбаевқа тиесілі тағы бір компания – Enterprise Development Group-тың меншігіне өткен. Компания ондағы ағаштарды кесіп, бес қабатты әкімшілік ғимарат салмақ болған. Бірақ ғимаратқа қарай жол болмағандықтан, "Погрангородок" тұрғындары құрылысқа қарсылық танытқан. Осыдан кейін құрылыс біраз жыл тоқтап, 2019 жылы Enterprise Development Group компаниясы қайтадан қолға алған.
– Олар балалар алаңына қарсы беттегі екі гаражды сатып алып, сол жерден өз учаскелеріне қарай жол салмақ болды. "Жол салуға рұқсат алдық" деді. Бірақ бізге берген құжаттарында мүлде басқа жоба көрсетілген, қағаздарға мөр басылған, қол қойылған, бірақ ешкімнің аты-жөні, күні жазылмаған. Құжатқа кім қол қойғаны белгісіз, – дейді белсенді Елена Легеньчук.
Өзге тұрғындар секілді Елена да бірнеше жылдан бері үйінің жанында құрылыс бастауға қарсы шығып жүр.
2019 жылы құрылысты қайта бастауға кіріскен компания бес қабатты әкімшілік ғимараттың орнына қымбат тұрғын үй кешенін салу туралы шешімге келген.
– 2021 мамырда құрылыс басталды. Ғылыми орталық жақтан ауыр техника кірді. "30 метр жерде жүкті әйелдер жатқан перзентхана бар, гүрілдеген техника әкелуге кімнен рұқсат алдыңдар?" деп ашуландық. Осылай текетірес басталды: құрылысшылар ағаштарды түбірімен қазып алып, үйдің іргетасын орнатуға жер дайындап, үш-төрт көлік бетон құйып тастады. Біз жолды жауып, қалған көліктерді өткізбей қойдық. Ол кезде қала құрылысын бақылау басқармасы архитектуралық-жоспарлау тапсырмасын беруді тоқтатқан, яғни, компанияның құрылыс жүргізуге құқығы жоқ еді. У-шу болдық, басқарма қызметкерлері, прокуратура, әкімдік өкілдері келді. Төбелесіп қала жаздадық.
Осыдан кейін сот процесі басталған. Белсенділер бірнеше сот отырысында жеңіске жеткен.
"Бізге жер ресурстары комитеті көп көмектесті. Комитетке әр тұрғынның атынан жеке-жеке 40 шақты өтініш жіберіп, жер учаскесі компанияға қандай негізде берілгенін тексеруді сұрадық", – дейді Елена.
– Былтыр шілдеде жер ресурстары комитеті Жер кодексінің 39-бабы 2-тармағы бұзылғанын анықтады. Онда "Мемлекеттiк жер пайдаланушы өзiне тиесiлi жер пайдалану құқығын иелiгiнен шығаруға, сондай-ақ кепiлге беруге құқылы емес" деп жазылған. Комитет әкімдікке заң бұзушылықты түзетуді тапсырды. Бұл мәселені бір ғана жолмен шешуге болады: сатып алу - сату туралы келісімшарттың күшін жойып, жерді ғылыми орталыққа қайтару керек. 14 шілдеде Алматы экономикалық соты сатып алу - сату келісімшартын заңсыз деп тауып, аталған учаскеде құрылыс жүргізуге тыйым салды, – дейді Елена Легеньчук.
Осындай айтыс-тартыстан кейін құрылыс тоқтаған. Алайда Елена мен оның көршілері қуануға әлі ерте дейді. Тұрғындар компания әлі де алған бетінен қайтпауы мүмкін деп алаңдайды.
– Мәселені қоғам назарына шығарғанымыз жақсы нәтиже берді, өйткені көбі Құлыбаевтың атын естігенде қорқып кетеді. Тіпті, кей журналистер бұл тақырыпта жазуға бата алмады. Бізден сұқбат алып кеткенімен, артынана "редактор материалды шығармай қойды" деп хабарласады. Пікірімді достарыммен кухняда отырғанда болмаса басқа жерде айта бермейтінмін. Бірақ қазір бәрі өзгерді. Facebook-те "мемлекеттік органдар ештеңе істемейді, қаланы жұмысын тастап, жер мәселесімен жүгіріп жүрген белсенділер ғана қорғап жатыр" деген пікірлер жиі жазылады, – дейді Елена.
"Погрангородок" тұрғындары талаптарын билікке жеткізу үшін экобелсенді Салтанат Тәшімовадан көмек сұраған. Көп жылдан бері Алматыдағы заңсыз құрылыспен күресіп жүрген белсенді тұрғындарға кеңес береді.
– Белсенді болып жүргендердің көбі – әділетсіздік пен соттың заңсыз үкімінен араша іздеген адамдар. Заңсыз құрылыс - тұрғындардың жайлы ортада өмір сүру құқығын бұзады. Қазір экологиялық дағдарыс алдында тұрмыз, өйткені жердің әр қалтарысына үй салуға тырысып жатыр. Гүлзар мен саябақты сүріп тастап, үй арасына биік ғимараттар сала беретін болды. Адамдар мемлекеттік органдарға хат жазғанымен жылдар бойы мардымды жауап ала алмай келеді, – дейді Тәшімова.
"ҚҰРЫЛЫС ТҰРҒЫНДАРҒА ТІКЕЛЕЙ ӘСЕР ЕТПЕЙІНШЕ, ЕШКІМ БҰЛ МӘСЕЛЕГЕ БАС ҚАТЫРМАЙДЫ"
Суретші Салтанат Тәшімова он жыл бойы таза ауа, жаяулар жолы мен аула үшін күресіп, тұрғындар құқығын қорғап келген. Белсенді заңсыз құрылысқа қарсы бейбіт митингі мен акция да ұйымдастырып көрген. "Өкінішке қарай, мемлекет бізді естімейді. Биліктің назарын аударудың жалғыз жолы – қоғамда резонанс туғызу. Осы мақсатта түрлі пикет пен акция ұйымдастырамыз", – дейді белсенді.
Мұндай белсенділік кейде сотқа да жеткізеді. Биыл 16 маусымда сот Салтанат Тәшімованы "билік рұқсат бермеген митингіге қатысты" деп айыптап, 15 тәулікке қамаған. Митингіні гүлзар орнына көпқабатты үй салуға қарсы тұрғындар ұйымдастырған еді.
Салтанат Тәшімовамен Атакент ауданындағы дәмханалардың бірінде кездестік. Көп жылдан бері осы ауданда тұратын ол кездесуге электросамокатпен келді. "Қалада самокатпен жүру ыңғайлырақ әрі экологияға да зияны жоқ" дейді. Белсенді қоғамдық қызметін 2012 жылы Көк Жайлау шатқалына шаңғы курортын салуға қарсы күрестен бастаған. "Қоғамдық жұмыспен айналысып жүріп, әділетсіздікті көп көрдім. Мемлекет бізді естімейтініне көзім жетті" дейді Тәшімова.
– "Бізде неге экология нашар? Қоршаған ортаның жағдайы жылдан-жылға ушығып барады" деген ой келді. Экологияның нашарлауына бір-біріне жапсарлас салынған көп қабатты үйлер көп әсер етіп отыр. Совет кезінде қазіргідей ретсіз құрылыс жүргізуге рұқсат берілмейтін. Қаладағы жалғыз биік ғимарат "Қазақстан" қонақ үйі болатын. Сейсмикалық аймақта орналасқан Алматыда көп қабатты үй салуға болмайды. Өкінішке қарай, көбіне құрылыс сейсмологтар мен төтенше жағдайлар департаментінің бақылауынсыз-ақ жүре береді. Сондықтан құрылыс барысында көп қателіктер жіберіледі. Бос орын қалдырмай, көп қабатты үй сала бергендіктен қазір Алматыда ауа дұрыс айналмайды, жел соқпайтын болды. 2003 жылы Атакентке жаздың өзінде жылы киініп баратынбыз. Өйткені таудан салқын самал соғып тұратын. Алматының төменгі жағы туралы айтудың өзі артық, ол жақта тыныс алу мүмкін емес, – дейді белсенді.
Салтанат көп қабатты ғимараттар көбіне бұрын мемлекет иелігінен жекеменшікке өткен гүлзарлар мен саябақтардың орнына салынып жатқанын айтады.
– Өкінішке қарай, құрылыс тұрғындарға тікелей әсер етпейінше, ешкім бұл мәселеге бас қатырмайды. Бізде азаматтық қоғам әлі жетілмеген, енді ғана қалыптасып жатыр. Сонда да кейінгі жылдары біраз өзгеріс байқалады. Бізді қолдайтындар көбейді: халықты рұқсат етілген митингіге шақырсам, әп сәтте 500-ге жуық адам жиналады. Досаев (Алматы әкімі Ерболат Досаев. – Ред.) митинг өткізуге осы себептен тыйым салса керек.
"ҚҰРЫЛЫСТЫ ТОҚТАТУҒА ШЫҒАМЫЗ, АЛ БІЗДІ КӨЛІКПЕН БАСЫП КЕТЕ ЖАЗДАЙДЫ"
Алматы. Марат Оспанов көшесі. Қаланың жоғарғы бөлігіндегі кілең коттедждерден тұратын тыныш аудан. Таксиде келе жатып, жол шетінде жаяулар жолы жоғын байқадым. Көлік жолағынан кейін бірден зәулім үйлердің биік қоршаулары басталады.
– Храпуновтың тұсында жер сатылған кезде жаяулар жолына орын жетпей қалды, – дейді қоршаудың шетімен әзер келе жатқан жасөспірімді қағып кетпеуге тырысып, тежегішті басқан такси жүргізушісі. Бұл ауданда жаяу жүру өте қауіпті.
Оспанов көшесіндегі коттедж ауданының тұрғындарын жаяулар жолынан өзге тағы бір мәселе алаңдатып отыр: құрылыс компаниясы көршілес үш қабатты үйдің орнына көп қабатты үй салғалы жатыр. Жер иесі коттедждің екі жағынан көрші учаскелерге тақап құрылыс бастаған. Шағын жер учаскесіндегі болашақ тұрғын үйдің алдынан құрылыс жұмыстарының дауысы естіледі, сары бүлдезер жаяулар жолы болуға жарайтын орынды тегістеп жатыр. Соған қарағанда, бұл жерде көлік тұрағы болатын сияқты. "Мұнда не салып жатырсыздар?" деген сұрағыма жұмысшылар иығын қиқаң еткізіп, "білмейміз" деген ишара танытты.
Көрші үйлердің тұрғындары "бұл құрылыс заңсыз" деп, бір жарым жылдан бері мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырып жүр. Осылай жағдайы жақсы ауданның тұрғындары еріксіз белсендіге, құрылыс саласындағы сарапшыға айналған.
– Айтсам сенбессіз, бірақ тоғыз сотық жерге 40 пәтерлі үй салмақ. Олар жұртқа ортақ жерді иеленіп, жаяулар жолының орнына автокөлік тұрағын салғалы жатыр. Құрылыс нормалары туралы заңға сәйкес, үйден қоршауға дейінгі қашықтық кем дегенде үш метр болуы керек. Ал мұндағы қашықтық 1 метр 20 сантиметр. Өрт бола қалса, өрт сөндіретін көлік сыймайды. Одан өзге де ұсақ-түйек өте көп: үйдің шатыры менің учаскеме қарай шығып тұр, жаңбыр, қар жауғанда, судың бәрі менің аулама ағады. Үйдің іргетасын тұрғызу үшін жер қазғанда қоршауым құлап қала жаздады. Бірақ біз менің қоршауым үшін күресіп жүрген жоқпыз. Бір жарым жыл әділетсіздік көріп, жүйкеміз жұқарды. Ведомстволар "құрылыс заңсыз, олардың рұқсат қағазы жоқ" дейді. Сот та бізді қолдап отыр, бірақ құрылыс тоқтамайды.
Әңгімемізді құрылыс қоқысын артқан жүк көліктерінің дауысы бөліп кетті.
– Жекеменшік секторда тұрамыз, мұнда су, газ және жарық ресурсы шектеулі. Коммуналдық қызметтер көп қабатты үйге арналмаған, – дейді Дина.
Динаның көршісі өмір бойы ғылым академиясында жұмыс істеген Мәдина Мәжитова "заң үстемдігі орнаған, әділетті мемлекетте тұрып жатырмын" деп ойлаған.
– Осы бір жарым жылда қандай елде тұрып жатқанымызға көзім ашылғандай болды. Көрші-қолаңмен құрылысты тоқтатуға шығамыз, ал олар "тараңдар" деп, көлікпен басып кете жаздайды. Құрылыс иесі "Сендерге түкіргенім бар, бұл жерге бәрібір үй саламын" дейді. Өзінің айтуынша, билікте сөзін сөйлейтін адамдары бар екен. Мұндай әділетсіздік пен арсыздықты бірінші рет көріп тұрмын, – дейді зейнеткер Мәдина Мәжитова.
Азаттық тілшісі құрылыс иесіне хабарласып көрді, бірақ олардың телефон нөмірлері ажырап тұрды.
"ҚАЛАНЫҢ ЖОҒАРҒЫ ЖАҒЫНДА ҚҰРЫЛЫС ЖҮРГІЗУГЕ ТЫЙЫМ САЛУ КЕРЕК"
Журналист, жақында Алматы мәслихатының депутаты болған Сергей Пономарев та ағаш кесіп, жаппай құрылыс жүргізуге қарсы. Ол митинг ұйымдастырмайды, бірақ мәселені билікпен келісіп шешуге тырысып жатқанын айтады.
– Алматыда ретсіз құрылыс 2010 жылы басталды. Ол кезде қалада игерілмей жатқан орындар көп еді, бос жерлерге тұрғын үй салса, шаһардың шырайы кіреді дедік. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов тұрғын үй кешенін көлік тұрағы, жасыл желек пен субұрқақсыз қабылдамайтын. Онысы халыққа да ұнайтын. Кейінгі әкімдер кезінде қалай болса, солай құрылыс жүргізіп, көлік жүретін орын қалдырмай, жаппай тұрғын үй салу басталды. Мысалы, Сәтбаев-Шагабутдинов көшелерінің қиылысын қараңыз. Тар жерде бес тұрғын үй кешені сығылысып тұр, – дейді Пономарев.
Сергей Пономарев Алматыдағы ретсіз құрылысты "қаланың қатерлі ісігі" деп атайды. Бірақ депутат "урбанизация процесін тоқтата алмаймыз, мегаполис өсіп, құрылыс жалғаса береді, сондықтан келісімге келудің жолын іздеу керек" деп есептейді.
– Қаланың жоғарғы бөлігінде құрылыс жүргізуге тыйым салу керек. Қаланы Қапшағайдың сусыз, құмды бөлігіне қарай ғана кеңейтуге болады. Облыстық әкімдікпен осы мәселені шешіп, жер бөліп, инфрақұрылым, жақсы жол салып, интернет, су, газ, жарық және кәріз жүйесін жүргізу керек. Жолды тарылтып, гүлзарды сүріп, қаланың ішіне ине шаншар орын қалдырмай биік ғимараттар сала бергенше, қаланы сол бағытта кеңейткен жөн. Ерболат Досаев (Алматының қазіргі әкімі – Ред.) жағдайды жақсы жаққа өзгертуге тырысып жатыр. Өзімді әкімнің орнына қойсам, құрылыс деген – салық, жаңа жұмыс орындары, шаршы метрлер екенін түсінемін. Құрылысшылар жаман адамдар деп ойлауға болмайды. Бірақ өкінішке қарай, халық құрылысшыларды жек көріп барады, бұл жақсы емес, – дейді Пономарев.
"ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА БЕЛШЕСІНЕН БАТҚАН"
Кейінгі үш жылда адвокат Руслан Қожахмет Алматыда құрылыс нормаларының бұзылуына байланысты істермен ғана айналысады. Сарапшы Қазақстанда қала құрылысы туралы заңнамада біріне бірі қайшы нормалар көбін айтады.
– Заңдағы жалпы түсініктердің көбінің екіұшты мағынасы бар. Сөйтіп қала құрылысын бақылау және сәулет басқармасындағы шенеуніктерге заң нормаларын құрылыс компаниясының немесе өзінің мүддесіне қарай бұрмалауға мүмкіндік береді. Олар осы нормалардың арқасында құрылыс компанияларын уысында ұстап отыр. Осы себептен құрылыс компаниялары кейде заңсыз әрекеттерге баруға мәжбүр болады. Бұл – жемқорлыққа бастайтын нормалар, – дейді Қожахмет.
Адвокат өз тәжірибесінен мынадай мысал келтірді: 2017 жылы құрылысты бақылау басқармасы сот арқылы үш қабатты үйді сүруге рұқсат алған. Бірақ үш жылдан кейін құрылыс компаниясына дәл осы үйді пайдалануға беруге болады деген құжат тапсырған.
– Сот орындаушысы үйдің кіре берісін ғана сүргізіп, қалған қабаттарына тимеген. Ғимарат үш жыл бойы осылай тұрған. Осы уақыт ішінде құрылыс компаниясы архитектуралық-жоспарлау тапсырмасын алып, жоба сызбасын мақұлдатып, құрылысқа өтініш беріп, құжаттарда үйді толық өзі салып шыққандай етіп көрсеткен. Бұл мысал– заңды бұрмалаудың жарқын үлгісі, – дейді Руслан Қожахмет.
Тағы бір мысалға сәйкес, қала құрылысын бақылау басқармасы соттан үйді пайдалануға беру туралы актіні жарамсыз деп тануды сұрап, арыз берген. Адвокаттың пікірінше, сотта басқарма әдейі жеңіліп қалған. "Нәтижесінде, құрылыс нормалары бұзылғанына қарамастан, үй пайдалануға берілген", – дейді Қожахмет. Сарапшының сөзінше, прокуратураның өзі тексеру жүргізіп, заңнаманың бұзылғанын анықтай алмаған. Өйткені олар бұл істің құқықтық қыр-сырын түсінбеген.
– Мәселе құрылыс нормаларының бұзылу фактілерін анықтай алатын мамандардың аздығында болып отыр. Бұл мәселені министрліктің агломерацияларды дамыту туралы жаңа заң қабылдау туралы бастамасы да шеше алмайды. Өйткені мұндай мәселелерге салмақты қарау керек. Әртүрлі жоспарлар бар, сәулет өнері басқармасы осы жоспарларды құрылыс компаниясының мүддесіне қарай өзгерте береді. Құрылыс саласы жемқорлыққа белшесінен батқан, – дейді сарапшы.
2021 жылы Алматы халқы екі миллионнан асты. Биліктің болжамынша, 2030 жылға қарай қаланың іргесіндегі елдімекендерді қоса есептегенде, мегаполис тұрғындарының саны бес миллионға жетуі мүмкін. Ресми дерек бойынша, 2021 жылы бір ғана "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында жалпы аумағы 239,7 мың шаршы метрді құрайтын 66 көп қабатты үй (3065 пәтер) тұрғызылған.
Белсенділердің мәліметінше, қала құрылысы ережелерін бұзу фактілері көп, ал олардың әрқайсымен күресуге бірнеше жыл кетеді. Бұл пікірге коттедж ауданының тұрғындары да қосылады. Олар Қазақстанда жақсы жұмыс істейтін жалғыз әдіс – қоғамдық резонанс туғызып, мәселеге биліктің назарын аудару үшін белсенділер көмегіне жүгінген. Бірақ аудан тұрғындарының әділдік үшін күресі әлі ұзаққа созылатын сияқты.
ПІКІРЛЕР