Accessibility links

Алмас Ордабаев: Ақылды адам көрсе біздің басшылардың көңілі нілдей бұзылады


Алматы қаласының орталық бөлігі. 13 маусым 2021 жыл.
Алматы қаласының орталық бөлігі. 13 маусым 2021 жыл.

"Алматы кез келген сәтте үлкен зиратқа айналуы мүмкін", "Түркістанға қарасам, жылағым келеді". Белгілі сәулетші, дизайнер, материалды мәдениет тарихшысы Алмас Ордабаев Азаттыққа берген сұхбатында қазіргі Қазақстандағы сәулет өнері, қала құрылысы, мәдени құндылықтар және өзге де мәселелер жайлы ойын айтты.

83 жастағы Алмас Ордабаев Алматыда тұрады. 1960-жылдардан бері сәулет өнері саласында істейді. 1990-жылдарға дейін мемлекеттік мекемеде мамандығына сай қызмет атқарған, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жекеменшік тапсырыс бойынша жұмыс істеуге көшкен. Кезінде Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін реставрациядан өткізуге қатысқан.

"САМАЛ ЫҚШАМАУДАНЫН АЙНАЛЫП ӨТУГЕ ТЫРЫСАМЫН"

Азаттық: Бірде тек екі шығармашылық жобаны ғана "жиренбей" еске алатыныңызды айтқан едіңіз. Бұл қандай жобалар?

Архитектор Алмас Ордабаев.
Архитектор Алмас Ордабаев.

Алмас Ордабаев: Біріншісі – Қонаев және Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы шағын тұрғын үй. Ол жақта жұлдыздарымыз Олжас Сүлейменов, Бибігүл Төлегенова, Нұрғиса Тілендиев және басқа да тұлғалар тұрған. Екінші жоба – Қазақ ССР ғылым академиясының ғимараты. Хрущев (Никита Хрущев – 1953-1964 жылдары Совет одағы коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болған – ред.) бастады, ал мен ғимараттың Құрманғазы көшесіндегі бетін бітірдім. Ғимараттың қас бетін Щусевтің (Алексей Щусев – белгілі орыс сәулетшісі, Мәскеудің Қызыл алаңында тұрған Владимир Ленин кесенесінің авторы – ред.) соғыстан кейін жасаған жобасы бойынша қайталап салуға тырыстық.

Өзім жобалаушы және ғимарат авторы ретінде қатысқан ең ірі кешенді жоба – Алматыдағы Самал ықшамауданы (Алматының жоғары бөлігінде орналасқан ең бай аудандардың бірі саналады – ред.). Бұл Орталық Азиядағы беткеұстар аудандардың бірі болуы керек еді. Бірақ оның құрылысы СССР тараған кезге тұспа-тұс келді де, ойлағанымыздың тек 20-25 пайызы ғана жүзеге асты. Қалғаны қарапайым әрі арзан жобаларға ауысты. Сапасы төмендеп кетті. Сондықтан көбіне Самал ықшамауданын айналып өтуге тырысамын.

Қазақ ғылым академиясы ғимараты. Алматы, 13 маусым 2021 жыл.
Қазақ ғылым академиясы ғимараты. Алматы, 13 маусым 2021 жыл.

"АЛМАТЫНЫҢ ТАБИҒИ ЕРЕКШЕЛІГІ ҰСҚЫНСЫЗ АРХИТЕКТУРАСЫН ЖАСЫРЫП КЕЛДІ"

Азаттық: Сізге қазіргі Алматы ұнай ма? Мегаполис салуда кейінгі отыз жылда және қазір болып жатқан өзгерістерді қалай атар едіңіз?

Алмас Ордабаев: Алматы – күрделі қала. Ол қазақстандықтар мен шетелдіктерге бірінші кезекте көшесі мен аулаларында жасыл желегі көптігімен ұнайды. Әрине, жазда қаланы аралаған адам көлеңкеде жүріп, жаны жай табады.

Бірақ бізде қоғамдық жасыл желек, гүлзар мен саябақ аз. Мысалы, Лондонның ортасындағы көп гүлзарды есептемегенде, саябақтың өзі үш мың гектар, ал гүлзарлары бір жарым - екі мың гектар жерді алып жатыр. Салыстыру үшін Алматыдағы Горький атындағы саябақты алайық. Совет одағы тұсында, саябақты жанынан қысып, аумағын тарылтпай тұрғанда, оның территориясы 60 гектар болатын. 28 панфиловшылар паркін саябақ деп атауға келмейді. Лондонның өлшемі бойынша, бұл жай ғана гүлзар. "Қарағайлы" паркі де – саябақ емес. Яғни, бүкіл жасыл желек қала ішінде "шашылып жатыр" деуге болады.

"Қарағайлы" паркі. Алматы, 12 маусым 2021 жыл.
"Қарағайлы" паркі. Алматы, 12 маусым 2021 жыл.

Одан бөлек, бізде қаладан тау көрінеді. Қазір бұл көрініс біртіндеп көзден жоғалып барады, бірақ бұрын тау қаланың сәнін келтіріп тұратын. Алматының осындай табиғи ерекшелігі қаланың орташа деңгейден төмен ұсқынсыз архитектурасын жасырып келді. Тіпті қаланың ортасынан Верныйдан (Алматы 1921 жылға дейін осылай аталған – ред.) қалған қарапайым жоспарлы құрылымды (көлікпен жүруге қолайсыз шағын кварталдардан тұратын әскери лагерь құрылымы) байқауға болады.

Алматының объективті кемшілігі өте көп. Бірақ жасыл желектің көп болуы, ғимараттардың тығыз салынбауы жартылай ауыл, жартылай шипажай, жартылай қалаға тап болғандай әсер қалдыратын. Сондықтан Мәскеу сияқты тар қаладан келген адамдарға Алматы шипажай болып көрінетін. Алматының басты артықшылығы мынада: қаладан бір-бір жарым сағатта тауға жетуге болады! Екі сағатта Альпі тауына жетесің! Швейцария мен Италияда тау етегінде орналасқан кішкентай қала өте көп. Бірақ әлемде осындай ерекше табиғи ортада орналасқан басқа үлкен қала жоқ. Бұл таңғажайып нәрсе! Даланы жақсы көретіндер де қаладан бір жарым сағат ұзап шықса, далаға тап болады. Міне, осындай тамаша қала болды.

Алматы әлі күнге ерекшелігін жойған жоқ. Басқа қалалармен салыстырғанда Алматыға толық "4", тіпті, "+4" деген баға қоямын. Бірақ қалаға мұқият зер салып, кәсіби көзқараспен қараса көп кемшілігін байқауға болады.

11 қабатты ғимарат салуға тұрғындар наразы, әкімдік дәрменсіз
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00

"АЛМАТЫ ҮЛКЕН ЗИРАТҚА АЙНАЛУЫ МҮМКІН"

Азаттық: Алматының маңызды кемшіліктерін айтып берсеңіз?

Алмас Ордабаев: Кейінгі кездері аз айтылып жүрген ең ауыр кемшіліктің бірі мынау: қаланың тарихи орталығындағы 1950-жылдардың ортасына немесе соңына дейін салынған ғимараттардың бәрі сейсмикалық тұрғыдан қауіпті. Тұрғындардың көбі мұны біле бермейді. Біз осы мәселені бірнеше рет көтеріп, үнемі ескертсек те, қала басшылары аталған мәселемен мүлде айналысып отырған жоқ.

Жүз жылдан бері қатты жер сілкінісі болған жоқ. Бірақ бүгін-ертең немесе бір айдан кейін, түнде адамдар шырт ұйқыда жатқан кезде сондай жағдай бола қалса, Алматыда (орталық бөлігінде ғана емес) жаппай адам өлімі болып, қала үлкен зиратқа айналады. Апат құрбандарының саны жүздеген мың адамға жетуі мүмкін. Қалада бұл мәселені шешу үшін ештеңе жасалып жатқан жоқ. Тек кейде ғана бұл мәселені кішкене қозғап, жылы жауып қоя салады.

Бұл мәселе Тасмағамбетовтың тұсында (Иманғали Тасмағамбетов – 2004-2008 жылдары Алматы қаласының әкімі болған – ред.) көтеріліп, сәулет өнері тұрғысынан құнды саналатын бірнеше бюджеттік ғимарат жер сілкінісіне төтеп беретіндей етіп күшейтілді. Бірақ кез келген қаладағы ғимараттардың басым бөлігін тұрғын үйлер мен қатардағы әкімшілік нысандар құрайды. Жеке сектордағы үйлер бар, ондағы тұрғындар үйін өз қаржысы есебінен күшейте алмайды. Жер сілкінісі бола қалса, жеке секторда тұратын адамдар жаппай қырылуы мүмкін.

Көктөбеден қарағандағы қала көрінісі. Алматы, 13 маусым 2021 жыл.
Көктөбеден қарағандағы қала көрінісі. Алматы, 13 маусым 2021 жыл.

Мемлекет сәулет өнері тұрғысынан құнды, маңызды әрі қызық саналатын тұрғын үйлер мен ескерткіштерді күшейту туралы шешімді әлдеқашан қабылдауы керек еді. Бірінші кезекте, Тараз, Шымкент және әсіресе, Алматы қаласында. Бұл – шешімі табылмай отырған өте күрделі мәселе.

Алматы тұрғындары мен мегаполиске басқа жақтан көшіп келген азаматтардың көбі мұндай қауіп барын білмейді. Адамдар бір кездері жапон тұтқындары салған берік үйлер туралы аңыз-әңгіме таратып жүр. 1940-жылдардың соңы – 1950-жылдардың басында салынған үйлердің фундаменті нашар, қабаттар арасын жалғаған материалдар жарамсыз, қабырғасының қалыңдығы алдамшы. Мұндай үйлер әп сәтте қирап қалады. Әзірге, тіфәй-тіфәй, Құдай сақтап отыр. Бірақ бұл сабырлықтан еш пайда жоқ.

"АЛМАТЫНЫҢ БАСҚАРУҒА КЕЛМЕЙТІН ДАМУЫН ТОҚТАТУ КЕРЕК. ӘЙТПЕСЕ ТҰНШЫҒЫП ҚАЛАМЫЗ"

Азаттық: Алматыда тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы басталды. Төрт жылда 700-ден астам үйді сүріп тастап, орнына жаңа үйлер салу жоспарланып отыр. Сіз бұл бағдарламаны қалай жүзеге асырар едіңіз?

Алмас Ордабаев: Иә, кейінгі уақытта ескі үйлерді сүріп, жаңарту туралы айтыла бастады. Мен бұл процесті мұқият бақылап, туған қаламның мәселесін терең түсініп отырмын. Алматыдағы ғимараттардың барлық түрін білемін. Самал ықшамауданын жобалаған кезде Алматыда қол астымда істеген үздік инженер, конструкторлармен бірге барлық қауіпті зерттеп, ескеріп отырдық. 1990-жылдардан бері салына бастаған биік үйлер мен көпқабатты кеңселердің құрылысында монолитті темір бетон қолданылды. Теориялық тұрғыдан бұл ғимараттар 9, тіпті 10 балдық жер сілкінісіне де төтеп бере алады. Бірақ бұл үйлер жаппай ұрлық пен әртүрлі алаяқтық басталған кезде салынды. Ол кезде құрылысқа рұқсат пен ғимараттың қауіпсіз екенін дәлелдейтін құжат алу үшін пара мен конвертке салынған ақша беретін. Теориялық тұрғыдан иә, бірақ бұл іс жүзінде қалай болады? Мен бұл үйлер (сапасы) үшін жауап бере алмас едім.

Қандай ғимаратты сақтап, қайсысын сүріп тастау керегін ойлану керек. Жер сілкінісі болса, бітті! Кейбір күшейтілген нысандарды қоспағанда, қазір біз тамсанып жүрген ғимараттардан ештеңе қалмауы мүмкін. Жаңа құрылыс жүргізу мәселесі қазір шешілуі керек. Қай учаскелерде жүретіні, жетіқабатты, бесқабатты ғимараттар қайда салынатыны анықталуы тиіс. Яғни, қаланың әр учаскесі сол жердің ерекшелігіне, тауға жақын не алыс орналасқанына байланысты жеке қаралғаны жөн.

Алматының орталығындағы ескі үйлердің бірі. 1 мамыр 2020 жыл.
Алматының орталығындағы ескі үйлердің бірі. 1 мамыр 2020 жыл.

Алматының басқаруға келмейтін дамуын тоқтату керек. Әйтпесе тұншығып қаламыз. Қаланың таза ауа, тұщы су сияқты табиғи мүмкіндіктері сарқылды. Қаланың дамуына жаңа учаскелер керек болса, құрылыс жұмыстарын таудың бойында емес, Алматының солтүстік бөлігінде жүргізу керек. Қаланың солтүстік бөлігіндегі сейсмикалық жағдай әлдеқайда жақсы. Жер сілкінісінің балы төмен.

"БАТЫСТА АҚЫМАҚ АДАМНЫҢ БИЛІККЕ КЕЛУІ БІЗДЕГІДЕЙ ҚОРҚЫНЫШТЫ ЕМЕС"

Азаттық: Алматының бас жоспары, маңызды құрылыс нысандары мен қаланы жоспарлау түсінігі әкім ауысқан сайын өзгереді. Әкім бас сәулетшіге тең болғаны ма?

Алмас Ордабаев: Қазір Алматы білім мен тәжірибені қажет ететін мәселелер жиынтығынан тұрады. Біздің басшылардың ақылды адамнан бойын аулақ салатын әдеті бар. Ақылды адам көрсе олардың көңілі нілдей бұзылады.

Тасмағамбетов көп білді деп айта алмаймын, бірақ оның жанында сәл де болса ақылы бар адамдар болды. Ол мұндай адамдардан қашқан жоқ, керісінше, оларды тыңдап, ой түйе білді. Бұл – менің ғана пікірім емес. Ол періште болды дей алмаймын, бірақ қалаға аз да болса еңбегі сіңді. Батыс демократиялық жүйесінің біздің жүйеден айырмашылығы да сонда, ол жақта басшы бірнәрсені дұрыс жасамаса, оны дұрыс бағытқа салатын мамандар қауымдастығы бар. Яғни, ол жақта билікке ақымақ адамның келуі біздегідей қорқынышты емес.

Алматы қаласының Көктөбеден қарағандағы көрінісі. 13 маусым 2021 жыл.
Алматы қаласының Көктөбеден қарағандағы көрінісі. 13 маусым 2021 жыл.

Тіпті Совет одағы кезінде де қала құрылысы жөніндегі кеңес болған. Мысалы, Қонаев (Дінмұхамед Қонаев – Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы – ред.) мамандарды тыңдап, кейінгі жылдардың өзінде қала құрылысына қатысты мәселелерде олардың пікірін ескеріп отыратын. Бұл – тамаша үлгі! Қазір осындай жағдайды елестете аласыз ба?! Бұл мүмкін емес. Бәрі жабық жағдайда жасалады: алаяқтық, жала жабу. Бәрінің негізі – жемқорлық.

Алматының тарихи орталығы әлі де кең. Әзірге ол жаққа жабайылықпен жаппай биік ғимараттар салып тастаған жоқ. Заманауи жабынғылар, тастар пайда болды. Жалпы алғанда жинақы болып қалды. Сырт көзге жақсы өзгерістер бар, бірақ өкінішке қарай, түбегейлі өзгеріс жоқ.

"ҮЛКЕН ҚОҒАМДЫҚ КЕҢІСТІКТЕР БОЛМАСА АДАМДАР ОРТАСЫ ҚАЛЫПТАСПАЙДЫ"

Азаттық: Алматы тұрғындары жеміс консервілейтін зауыт ауданында тұрғын үйлер салуға қарсы шықты. Құрылыс компаниясы шағын учаскеде 57 көпқабатты үй салуды жоспарлап отыр, әлі де бұл идеясынан бас тартқан жоқ. Бұл туралы не ойлайсыз? Алматылықтардың еркі мен азаматтық белсенділігі қаланың келбетіне қаншалық әсер етуі мүмкін?

Алмас Ордабаев: Бұл мәселеге байланысты екіұшты ойдамын. Бір жағынан, әрине, маған азаматтардың белсенділігі ұнайды. Солай болуы керек. Екінші жағынан, біздің адамдар мұраны сақтау мәселесін көтергенде сәулет өнері мен өнерді жақсы білуі керек. Мәдени мұраны қорғаушылар көбіне Сталин артық нәрсе деп күрескен бағандары, күрделі бөлшектері бар тұрпайы үйлерді жақсы көреді. Олар мұндай ғимараттарды таңғажайып туынды санайды, содан айғай-шу басталады. Кейде мұндай шу күлкілі көрінеді. Сондықтан белсенділікпен бірге үнемі кәсіби қызмет қатар жүруі керек. Әйтпесе бұл бос тартыс болады, ешқандай құндылығы жоқ нысандарды сақтап қалуға қанша күш жұмсалады. Әлдеқайда салмақты, терең мәселелерді көтеру керек. Тағы да қайталаймын: бізде қоғамдық орындар мен жасыл желек жоқ. Міне осымен айналысу керек! Бұл тақырып кішкене көтерілді, бірақ бәрі қысылып-қымтырылып, тиімсіз жасалды. Жаңадан салынған үйлерде балаларымыз, немерелеріміз бен шөбелеріміз үшін ауладан басқа серуендеп, демалатын орын жоқ. Қала аумағында үлкен қоғамдық кеңістіктер болмаса, адамдар ортасы қалыптаспайды.

Азаттық: 2016 жылы (сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан) Назарбаев Әл-Фараби даңғылынан жоғары салынған коттедждерді бульдозермен сүріп тастауға рұқсат беретінін айтты. Жұртқа көз қылып бірнеше үйді сүріп тастады, сонымен тәмам болды. Кейін үшқабаттан жоғары үйлер салуға тыйым салынды. Әл-Фараби даңғылының жоғары жағына үйлер салу қаланың "тыныс алуына" қалай кедергі келтіреді? Бұған не істеуге болады?

"ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ САЛАСЫНДАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ ПЕН АРСЫЗДЫҚ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫДАҒЫ БАСШЫЛАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ"

Алмас Ордабаев: Бұл – популистік мәлімдеме. Ол үйлерді ешкім сүріп тастамайтынын білесіз. Бұл идеяны бірінші Тасмағамбетов ұсынып, Әл-Фарабидің жоғары жағындағы және қала ішіндегі ғимараттардың қабатын азайта бастады. Ол тұрғын үйлердің қабатын азайтқан кезде шынымен батыл қадамға барды. Елбасына да бұл ойды Тасмағамбетов айтқан болуы керек.

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы. 13 маусым 2021 жыл.
Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы. 13 маусым 2021 жыл.

Азаттық: Алматыда нені бірден, нені біртіндеп өзгертер едіңіз?

Алмас Ордабаев: Мен жұмысты кәсіби білікті, жемқор емес мамандардан тұратын қала құрылысы жөніндегі кеңес құрудан бастар едім. Бұл саладағы жемқорлық пен арсыздық деңгейі жоғарыдағы басшыларға байланысты. Мәскеуде де дәл осылай болып жатыр. Бірде жекеменшік тапсырыстармен жұмыс істейтін жерлесіміз Тотан Күзембаевтан (қазақтан шыққан белгілі ресейлік сәулетші – ред.) "Тотан, Мәскеуде керемет бірнәрсе салғың келмей ме?" деп сұрадым. Ол "Алмас, не айтып отырсың? Ол жаққа (сәулет өнері саласына) мұрныңды сұғу мүмкін емес, бәрін әлдеқашан бөліп алған!" деп жауап берді.

Азаттық: Алматыдағы жаңа керемет жобаны көрдіңіз бе? Әл-Фараби даңғылының үстінен көпір салып, бірінші президент паркін Үлкен Алматы өзені арқылы Сайран көлімен қосу жоспарланып отыр. Ақпарат құралдарында жобаның сызбасы жарияланды, қарапайым адамның көзімен қарағанда, әдемі сияқты. Сіз не дейсіз?

Алмас Ордабаев: Бір жерде біреу біреуге жағымпазданғысы келіп отыр. Мен мұны солай қабылдаймын.

"ОЙЫН-САУЫҚ ПЕН АРЗАНҚОЛ ДҮНИЕНІ ҚЫСҚАРТУ КЕРЕК"

Азаттық: Алматының іргесіндегі қорғандарға не болып жатыр деп ойлайсыз?

Алмас Ордабаев: Ықшамаудандарда шынымен қорған көп болатын. Олардың тағдыры қиын, бастысы, бұған әділ қарау керек: қала аумағында сақталып қалған қорғандардан тарих пен мәдениет үшін құнды дүние табу қиын. Үлкен қалада жекелеген қорғандарды көрсету оңай емес. Кезінде сақтап қала алмадық, енді жасанды дүние құрастырып, әуреге түсудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Сондықтан бұл туралы ұмытуды ұсынамын.

Бірақ! Сирек кездесетін, үлкен, тамаша кешен – Боралдай қорғаны бар (Боралдай қорғаны – Алматының солтүстік-батысында Үлкен Алматы өзенінің сол жағалауында Боралдай ауылының маңында орналасқан ерте темір дәуіріне жататын 47 қорғаннан тұратын кешен. Қорғанның ұзындығы үш километр, ені – 800 метр. Бұл ескерткіш сақ және үйсін дәуіріне жатады – ред.). Осы үлкен территорияны тарихи Диснейлендке айналдырғысы келеді.

Ойын-сауық пен арзанқол дүниені қысқарту керек деп есептеймін. Ескерткіштерге деген ең дұрыс қарым-қатынас – олардың ерекшелігін жоймай, ежелгі қалпында сақталуын қамтамасыз ету. Көп нәрсе бүлдірмей тұрғанда осыны ескеру керек. Қазірдің өзінде өте үлкен қақпа жасатып жатыр. Қақпаның архитектурасы өте нашар, ол жерде визит-орталық болатын көрінеді. Олар барынша көп нысан салуға тырысып жатыр.

Қоқыс орнына айналған сақ қорғаны. 18 сәуір 2019 ж.

Қоқыс орнына айналған сақ қорғандары
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

Біздің ортақ мәселеміз мынада, мұндай жобалар – ақша табудың, жымқырудың жолы, турасын айтқанда ұрлық. Орталық Қазақстандағы Жошы хан (Шыңғысханның үлкен ұлы – ред.) кесенесінің жанында да осындай жағдай болып жатыр. Ол жақта барынша көп ақша табу үшін ақылға қонбайтын дүниелер жасалып, қала және облыс әкімдері осындай жұмыспен айналысып жатыр. Мұны жағдайды білетін, тарихи дүниелерге сай нысандар салуға тырысқан адамдардың мәселесін тыңдаған адам ретінде айтып отырмын. Мысалы, досым ол жақта арба үстіндегі жылжымалы киіз үй салғысы келген. Қыста кесененің көрінісін бұзбау үшін киіз үйді басқа жаққа апарып қоюға болады. Ал әкімдер өте биік, бетоннан жасалған шатыр салғысы келеді. Бұл ұрлық пен ақша жымқыру емей немене? Осындай сұмдық дүниелер болып жатыр.

"ТҮРКІСТАНДА АҚШАНЫ БӨЛІП АЛЫП, ҚОРҚЫНЫШТЫ "ВЕНЕЦИЯ" ЖАСАП, МАСҚАРА БОЛДЫ"

Азаттық: Жаңартылған Түркістан қалай?

Алмас Ордабаев: Түркістанда да дәл солай. Ақшаны бөліп алып, қорқынышты "Венеция" деген масқараны жасаған. Бұл сұмдық! Архитектурасы Астанадан жаман. Кәдімгідей нашар. Астанада жақсы ғимарат саны оннан аспайды. Бәрі өте нашар. ЮНЕСКО, Венециандық хартия, барлық халықаралық ұйымдар тарихи нысандардың сырт келбетін түпнұсқаға барынша ұқсас күйінде сақтауға шақырып отыр. Біз күллі әлемнің алдында масқара болдық! Көзбен көргеніміз бойынша арзанқол, ол дәуірдің стиліне сәйкес келмейтін әртүрлі нысандар салынған. Ол жақта ашық ұрлық жасалып отыр. Біздің патриотизм мен тарихқа деген махаббатымыз шын мәнінде бюджеттен ақша жымқыру арқылы көрінеді.

Назарбаев келген күні Түркістанда туристерді қонақүйде қамап қойған. 12 мамыр 2021 ж.

Назарбаев келген күні Түркістанда туристерді қонақүйде қамап қойған
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:03 0:00

Мүмкін бір кездері өркениетті елге айналып, адамдар шынайы мәдениетімізді көру үшін келетін шығар. Бәлкім ол кезге дейін қазіргі сұрықсыз нысандарды сүріп тастайтын болармыз. Бірақ кешіріңіз, мұның бәрі арзан нысан емес қой. Бұған ондаған, болмаса жүздеген миллион доллар ақша кетті. Бұл сұмдық! Тонаудың бір жолы.

"БҰХАРАДАН ҚАШҒАРҒА ДЕЙІНГІ ҮЙЛЕРДІҢ ШАТЫРЫМЕН МЫСЫҚ ЖҮРІП ӨТЕ АЛАДЫ"

Азаттық: Қазір Алматыда екі миллионға жуық адам тұрады. Биліктің дерегінше, 2035 жылға қарай қала халқының саны үш миллионға жетеді. Халық саны негізінен ішкі миграция есебінен өсіп отыр. Архитектуралық шекараны бұзбай, мегаполиске көшкен адамның бәрін қалаға қалай сыйғызуға болады? Қай деңгейге дейін өсеміз? Қандай ауамен тыныстаймыз?

Алмас Ордабаев: Бұл – бірден шешілмейтін қиын мәселе. Ұлы жібек жолы белсенді жұмыс істеген орта ғасырдан бастап урбанистика қалай дамығаны туралы бірнеше мысал келтірейін. Бұл қалалар тізбегі болған. "Бұхарадан Қашғарға дейінгі үйлердің шатырының үстімен мысық жүріп өте алады" деген түсінік болған. Бұл әрине, әсірелеу, бірақ мен дәл сол тәжірибені ескерер едім.

Қалалар арасында таулар мен даланың байланысы үзілмейтіндей, жануарлар көшіп, адамдар саяхаттай алатындай қашықтық болуы керек. Бар назарды Алматыға немесе басқа қалаға аудару үлкен қателік болар еді. Сондықтан серік қалалар да дамуы керек. Бұл – қалаларды ежелгі тәжірибе үлгісінде дамыту туралы көп идеяның бірі ғана.

"БІЗДЕ СӘУЛЕТ ӨНЕРІНІҢ КӨМЕГІМЕН ҰРЛАП, ТОНАП, ӨЗ ҚАЛТАСЫН ТОЛТЫРУҒА ТЫРЫСАДЫ"

Азаттық: Елдегі ірі тарихи және мәдени нысандардың архитектурасы әуелі қоғам талқысынан өткеннен кейін ғана жүзеге асуы керек дегенге қалай қарайсыз?

Алмас Ордабаев: Гоголь "сәулет өнері қоғамның мәдениеті мен талғам деңгейін ғана емес, жағдайын да көрсетеді" деген. Біздің сәулет өнері, астанамыз, қалаларымыз – осының бәрі біздің айнамыз іспетті. Міне, Түркістан қосылды. Түркістанға қарасам, жылағым келеді. Өйткені көп жылымды осы қалаға арнадым. Кесенеде жұмыс істедім, қаланың мәселелерін жақсы білемін. Қоғамның игілігі деген түсінік бар. Сәулет өнері қоғамның игілігіне жұмыс істеуі керек қызмет түріне жатады.

Бізде сәулет өнерін жекелеген тұлғалардың игілігіне айналдырып жіберген. Ол жекеменшік игілікке айналды. Журналистерді қосқанда, жобаны қолдайтын адамдар тауып, өз идеясын ұсынады. Яғни, сәулет өнерінің көмегімен ұрлап, тонап, өз қалтасын толтыруға тырысады. Бұл – біздің кезіміздегі ең жаман қайшылық. Бірақ қанша ұнатпасам да, жастар бұл туралы жиі айта бастады. Бір қозғалыс басталып келеді.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG