Accessibility links

Бір адамдық пикетке шыққан Жаңаөзен белсендісі Жадыра Досекееваға тағы айыппұл салынды


Белсенді Еркін Қазиевті босатуды талап етіп, жалғыз адамдық пикет өткізіп тұрған Жадыра Досекеева. Жаңаөзен, 3 қараша 2022 жыл.
Белсенді Еркін Қазиевті босатуды талап етіп, жалғыз адамдық пикет өткізіп тұрған Жадыра Досекеева. Жаңаөзен, 3 қараша 2022 жыл.

3 қарашада Жаңаөзенде азаматтық белсенді Жадыра Досекеева қала әкімдігі алдында өткізген жалғыз адамдық пикетінен соң ұсталып, айыппұл алды. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің өзі хабарлады.

Жадыра Досекеева пикетке "Еркін Қазиевке бостандық. Жалған жала жауып, соттау тоқтатылсын! Freedom!" деген жазу жазылған плакат ұстап шыққан.

Белсендінің пикеті көпке созылмады. Оны видеоға түсірген жақтастары WhatsApp желісінен таратқан роликтен белсендіге Жаңаөзен қаласының әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов пен қала прокурорының келгенін көруге болады. Олар Досекееваға пикетінің заңсыз екенін айтып, доғаруды талап етті. Билік өкілдерінің сөзінен соң белсендіні полиция қызметкерлері күшпен ұстап алып кеткен.

- Бар болғаны 15 минуттай тұрдым. Содан соң қолымды бұрап, қалалық полиция бөлімшесіне алып келіп, кейін сотқа апарды. Маған 150 мың теңге айыппұл салды. Қазір қалалық емханада отырмын. Қолым қатты ауырып қалды. Соны дәрігерге көрсетіп, анықтама алып отырмын, - деді ол Азаттыққа.

Белсендінің ұсталуына қатысты Азаттық тілшісі Жаңаөзен қалалық полициясына хабарласқанмен тұтқаны ешкім көтермеді. Жаңаөзен соты да жауап бермеді. Sud.kz сайтында белсендіге шыққан шешім әзірге жарияланбады.

Жадыра Досекееваның ұсталып, айыппұл алғанын белсенділердің қудалануы жөнінде ақпарат тарататын Фейсбуктағы "Белсенділер экстремист емес" атты топ та хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Жаңаөзен қалалық әкімшілік соты Жадыра Досекееваны "бейбіт жиналыс өткізу тәртібін бұзу" бабымен (488-бап, 12-тармағы) айыптаған. Сот оның бір жыл ішінде осы бап бойынша "бірнеше рет заң бұзғанын" алға тартып, 50 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл салған. Досекееваның өзі тағылған айыпты мойындамайды.

Жаңаөзендік азаматтық белсенді Жадыра Досекеева бұған дейін де бірнеше рет саяси тұтқындарды босату, Қазақстан халықтары ассамблеясын тарату талаптарымен митингіге шыққан. Сол үшін оған жиынтығы 260 мың теңге айыппұл салынған.

Жадыра Досекеева босатуды талап еткен азаматтық белсенді Еркін Қазиев 27 қазанда Алматы облысында қамауға алынған. Жақтастары оған "билік өкіліне күш қолданды" (380-баптың 1-бөлігі), "экстремистік ұйымның жұмысына қатысты" ( 405-баптың 2-бөлігі деген айыптар тағылғанын айтады. Ресми орындар әзірге белсендінің ұсталуына орай ақпарат бермеді.

Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңды қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді. Астана елдегі бейбіт жиындар туралы заң халықаралық талаптарға сай деген уәж айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG