Accessibility links

Қаңтарда атымен қоса оққа ұшқан Ерназар Қырықбаев ісі: Сот айыпталушыны алты жыл түрмеге кесті


Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғандағы әскери бөлім маңында малшыны атып түсірді деп айыпталған Марк Злуняев. Алматы, 16 қараша 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғандағы әскери бөлім маңында малшыны атып түсірді деп айыпталған Марк Злуняев. Алматы, 16 қараша 2022 жыл.

Алматы соты Қаңтар оқиғасы күндері Талдықорған қаласындағы әскери бөлім маңында мал бағуға шыққан 24 жастағы Ерназар Қырықбаевқа оқ атты деп айыпталған күдікті Марк Злуняевті алты жыл түрмеге кесті. Бұл жөнінде сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Талдықорған қаласындағы шабуылдаушы әскери десант бөлімінің қызметкері Марк Злуняев сәрсенбі күні сот залынан бірден қамауға алынды.

Екі тарап та сот үкімімен келіспеді. Злуняевтің адвокаты әскери қызметкер Қаңтар кезінде "міндетін орындап, әскери бөлімді қорғады, сол үшін оны ақтау керек" деді. Ал жәбірленуші жақтың адвокаты "істі билік өкілетін асыра пайдалану емес (451-бап), қасақана адам өлтіру бабы (99-бап) бойынша қарауы тиіс еді" деді.

Өткен аптада малшы өлген жерде көшпелі сот өтіп, сол кезде адвокат "медицина қызметкері малшы мен атының жол бойында өлгенін айтты, бұл малшыны шауып келе жатқанда емес, жол бойында кетіп бара жатқанда атқанын дәлелдей түседі" деген еді.

Ал оның алдындағы сотта Талдықорған қаласындағы шабуылдаушы әскери десант бөлімінің басшылары "оққа ұшқан Ерназар Қырықбаев әскери бөлімге қауіп төндіретін жерге дейін жақындағанын", күдіктінің әрекеті дұрыс болғанын айтқан.

Сәрсенбі күні сотта жәбірленуші жақтың адвокаты артында әйелі мен бес баласы қалған марқұмның отбасына материалдық-моральдық шығын ретінде 65 млн теңге өндіріп алу бойынша азаматтық шағым түсіретінін де айтты.

24 жастағы Ерназар Қырықбаев қаңтардың бесінде Талдықорған қаласындағы әскери гарнизон шетінен өтіп бара жатқанда атымен қоса оққа ұшқан. Оны іздеп барған жұмысшыларға да жауынгерлер оқ атып, қол көтеруге мәжбүрлеген. Жауынгерлер "Тоқта!" деген бұйрыққа бағынбаған салт аттыны атып, жедел жәрдемге салып жібергенін айтқан. Туыстарына Ерназар Қырықбаевтың денесін бір аптадан соң ғана берген. Оқиғаны тексерген әскери прокуратура көп ұзамай-ақ "әскери қызметкерлердің ісінде қылмыстық сипат бар" деген тұжырым жасаған.

Ерназар Қырықбаев ісіне байланысты сот 20 қазанда басталған.

Қаңтардың бесінде Талдықорғанда болған Қаңтар оқиғасы кезінде бірнеше адам қаза болып, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші құлатылған. Дүрбелең аяқталған соң да екі отбасыға жауынгерлер оқ атып, бес адам өлгені анықталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG