Батыс басылымдары бұл аптада Тоқаев жария еткен «Жаңа Қазақстанда» сайлау ескі әдістермен өтіп жатқанын жазды. Сонымен қатар алдағы жеті жыл президент үшін неліктен аса қиын кезеңге айналатынын талдады. Одан бөлек сайлаудан кейін президент Қазақстанның сыртқы саясатын не себепті қайта қарастыруы керектігіне тоқталды.
"АЛДАҒЫ ЖЕТІ ЖЫЛ ПРЕЗИДЕНТ ҮШІН ЕҢ ҚИЫН КЕЗЕҢ БОЛМАҚ"
Еуропада шығатын BNE Intelinews іскерлік басылымы сайлаудан кейінгі жылдар президент үшін ең қиын кезеңге айналатынын жазды.
Басылым сайлау нәтижесі алдын ала белгілі екенін келтіреді. Себебі бұл сайлау Назарбаев билік еткен кезден бері келе жатқан, Тоқаев 2019 жылы жеңіске жеткенде қолданылған ескі әдістерге сүйенеді. Басылым Тоқаевпен бірге сайлауға түсіп жатқан бес кандидат көпшілікке танымал емес екенін, олардың шынайы бәсекелес болып көрінбейтінін жазады. Тіпті телеарнада өткен, Тоқаев қатыспаған дебат кезінде кандидаттардың ешқайсысы қазіргі президентті сынаған жоқ.
Сайлау қарсаңында елде бірқатар саяси белсенді ұсталды, тәуелсіз ақпарат құралдарына қоқан-лоқы жасалды. Мақала авторы Петр Баунов бұл Назарбаев дәуіріндегі үрдісті еске түсіреді дейді.
«Осы демалыста өтетін сайлау – демократиялық реформаларға бағытталған қадам емес екені түсінікті. Бұл қанды Қаңтардағы толқудан кейін және Ресей Украинаға басып кірген соң экономикалық және саяси ахуал шиеленісе түскен тұста Тоқаевтың «билікті сақтап қалу жоспарының жалғасы» екені анық».
Автордың талдауынша, Тоқаев өзін саяси реформатор етіп көрсетуге тырысқанымен, биыл референдумға шығарылған реформалар шын мәнінде косметикалық сипаттағы өзгерістер. «Сайлаудың қалай ұйымдастырылғаны Тоқаевтың маңызды демократиялық реформаларды іске асыруға ықыласты емес екенін көрсетеді».
Басылым Тоқаев авторитар билікті сақтай отырып экономикалық модернизацияға талпынып жатқанына назар аударады. Назарбаев билігі кезінде де Қазақстан демократияға ұмтылмай, Сингапур тәрізді экономикалық табысқа жеткен автократияларға еліктеуге тырысатын.
Басылым Тоқаев 2019 жылы президент болып сайланғанда елді әлі Назарбаев сахна сыртынан басқарып тұрды, бірақ Тоқаев сол кезде-ақ өзін экономикалық қиындықтарға тап болған халықтың мұңын түсінетін президент ретінде көрсетуге тырысқанына назар аударады. Ол Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев отбасының мүшелері мен жақындарына соққы жасап, билікті қолына алу арқылы сол имиджді ілгерілетуге талпынды. Қазір инфляция 20 пайызға жуықтады. Сондықтан автор қымбатшылықтың ауыртпалығын сезініп отырған халық Тоқаевтың «Назарбаев кезіндегі олигархтық капитализмді жоюға бағытталған саясатының әсерін сезінетіні я сезбейтіні белгісіз» дейді.
Тоқаев Ресей Украинадағы соғыспен әуре болып жүрген уақытта шетелдік инвесторларды тартуға талпынып жатыр. Бірақ инвесторлар елдегі жемқорлық, кландар капитализмін естен шығарған жоқ және мұның жолын кесетін өзгерістер жасалмады ма деп алаңдайды. Сондықтан Тоқаев Батыс инвесторларына кепілдік беріп қана қоймай, әлсіреп жатқан Ресей мен ықпалы артып жатқан Қытай арасында баланс ұстауға тырысуы керек. Себебі екі ел де Батыстың Қазақстанға инвестиция құюы олардың мүддесіне қауіп төндіреді деп есептеуі мүмкін.
«Сырттан төнетін қатер мен ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды ескерсек, президентті ауыр жеті жылдық мерзім күтіп тұр. Бұл кезең шетелдік инвесторлар мен халық қалаған жедел өзгерістерге бастауы да, бастамауы да мүмкін» деп қайырады Баунов.
Ұлыбританиядағы саяси қатерлер жөніндегі Prism консалтинг компаниясының сарапшысы Бенджамин Годуин АҚШ-та шығатын Diplomat басылымындағы мақалада сайлаудан кейін президент алдында тұрған геосаяси және ішкі мәселелерді талдайды.
Сарапшы президент сайлаудан кейін жаңа премьер-министр мен жас технократтардан тұратын жаңа үкімет жасақтайды деп есептейді.
Автор өзін реформатор етіп көрсетуге тырысқан Тоқаев авторитар модернизация моделін таңдады дейді. Бұл Сингапур мен Си Цзиньпин билікке келгенге дейінгі Қытай режимдеріне ұқсас.
«Осы себепті Тоқаевтың саяси реформалары президент пен «Аманат» партиясына саяси баламаның шығуына бастаған жоқ, бастауы да екіталай».
Оның орнына Тоқаев экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға мойын бұрғандай. Алайда Годуин жемқорлық пен саяси экономияда табыс қуу экономикалық реформаларды іске асыруға кедергі келтіреді деп есептейді. Президент экономиканы олигархтардың ықпалынан арылтуға уәде етті, бірақ ықпалды топтардың мүддесіне қарсы тұру үшін батыл іс-әрекет қажет. Автор әзірге мұндай талпыныс белгілері айтарлықтай көрінбейді деп жазады.
Деолигархизация президенттен Назарбаев серіктерінің табысын өз жақтастарына бөліп бермеуді талап етеді. Бірақ сарапшының айтуынша, Тоқаевтың жақтастары экономикадағы активтерді бақылауға алып жатқанын аңғартатын белгілер баршылық. «Осыны ескерсек, Тоқаев Назарбаев кезіндегі мемлекеттің даму моделін сақтап қалып, тек нарықтық реформа элементтерін енгізуге тырысып көреді».
Автордың талдауынша, ел ішіндегі және геосаяси қысым Тоқаевқа маңызды саяси және экономикалық реформаны іске асыруға кедергі келтіреді. «Тоқаевтың екінші президенттік мерзімі Қазақстанның саяси экономиясындағы біртіндеп жасалатын өзгерістерге ғана әкелуі мүмкін».
"РЕСЕЙ ТОҚАЕВТЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ БАСТЫ ПРОБЛЕМАСЫНА АЙНАЛМАҚ"
Ресейдің Украинадағы соғысына байланысты әлемдегі ахуал өзгеріп жатқандықтан, президент сайлаудан кейін Қазақстанның сыртқы саясатын қайта қарастыруы керек деп жазады BNE Intellinews.
Автор Брюс Панниердің жазуынша, Қазақстан отыз жыл бойы екі алып көршісі – Ресей мен Қытай арасында тепе-теңдік ұстай алды. Сондай-ақ Батыс елдерімен жақсы қарым-қатынасты сақтады. Ресей құлдырап жатқан уақытта Қазақстан сыртқы саясатта өзгерістер жасауы қажет, алайда бұл ретте Ресей ойыннан біржолата шықпағанын есте ұстаған жөн. Автор Ресей мәселесін реттеу Қазақстанның сыртқы саясатын қайта құрудағы Тоқаевтың басты проблемасы болмақ дейді.
Қазақстан Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты бейтарап ұстанымда қалса да, Украина шығысындағы сепаратистік аймақтарды мойындаған жоқ. Автордың жазуынша, Мәскеу мен Астананың қарым-қатынасы шиеленісіп тұрғанына қарамастан, Тоқаев екі елдің бір-біріне байлаулы екенін түсінеді. Солтүстік Қазақстандағы электр желісі Оңтүстік Сібірдің энергожүйесіне қосылған. Ресей қарулы күштері бұрынғымен салыстырғанда әлсірегеніне және қуатты болып көрінбейтініне қарамастан, Мәскеу әлі де қауіпсіздік мәселесі бойынша Қазақстанның одақтасы.
Қазақ мұнайының 80 пайызын Еуропаға экспорттайтын Каспий құбыр консорциумы Ресей аумағы арқылы өтеді. Наурыз айының аяғында Ресей Қара теңіздегі Новороссийск портында дауылдың кесірінен үш айлақ қондырғысының екеуі істен шықты деген себеппен қазақ мұнайын танкерлерге тиеуді тоқтатты. Одан кейін консорциум жұмысы тағы да екі мәрте ішінара тоқтатылды.
Автордың пайымдауынша, Ресей Украинадағы соғыста сәтсіздікке ұшырап, әлсірейді. Осының арқасында Қазақстан жақын болашақта Мәскеумен тең дәрежелі қарым-қатынас орната алады. Бұған бір жағы Қытай қолдауы себеп.
Қытай басшысы Си Цзиньпин пандемия басталғалы шетелге алғашқы сапарын Қазақстанға жасады. Осы сапар кезінде ол Пекин Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеді. Бұл Ресейдің Қазақстан жеріне көз тігу әрекетін Қытай қолдамайды деген сигнал еді. Себебі Пекин «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында елдегі инфрақұрылымды дамытуға миллиардтаған доллар инвестиция құйды. Сондықтан Си Цзиньпиннің елдің аумақтық тұтастығына кепілдік берген мәлімдемесі Бейжіңнің Қазақстандағы мүддесін көрсетеді.
Автор 2022 жылдың екінші жартысында Еуроодақ Орталық Азияда белсенділігін арттырғанына назар аударады. Қазан айының соңында Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель Қазақстанға келді, ал жақында Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель келіп кетті.
Астана Ресейді айналып өтіп, Кавказ және Иран арқылы Еуропаға баратын сауда дәліздерін дамыту үшін Әзербайжан, Түркия және Грузиямен бірігіп жұмыс істеп жатыр. Қытай мен Еуроодақ бұл ұмтылысты қолдады. Ресейдің аймақтағы ықпалы төмендеп жатқандықтан, сыртқы саясаттағы бос кеңістіктің орнын толтыру үшін Қазақстан Түркия, Иран мен бірқатар араб мемлекеттерімен де қарым-қатынасты дамытып жатыр.
ПІКІРЛЕР