Accessibility links

Дауыс беруге келген сайлаушы. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.
Дауыс беруге келген сайлаушы. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Кезектен тыс президент сайлаудың толық хроникасы

Кезектен тыс сайлауға алты кандидат - қазір билікте отырған 69 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев пен көпшілік онша танымайтын бес адам түсіп отыр. Кей сарапшылар мен халықаралық талдаушылар Ақорданың берген уәдесіне қарамастан, сайлау шынайы саяси бәсекесіз өтіп жатыр деп есептейді.

13:57 22.11.2022
Қазақстан орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Қазақстан орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

22 қарашада Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президентін кезектен тыс сайлаудың түпкілікті нәтижесін хабарлап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 81,3 пайыз дауыс алғаны туралы алдын ала қорытындының расталғанын мәлімдеді. Бұдан бір күн ОСК сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялаған.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров "кезектен тыс сайлау заңға сай өтті, Қасым-Жомарт Тоқаев - халық сайлаған президент" деді. Оның сөзінше, жаңадан сайланған президенттің ант беру рәсімі - инаугурациясы 26 қарашада өтеді.

Кезектен тыс президент сайлауға барлығы алты кандидат қатысқан. Тоқаевтан өзге бес кандидат 2 - 3,4 пайыз аралығында дауыс алған. Сайлаушылардың 5,8 пайызы сайлау бюллетеніндегі "Бәріне қарсымын" графасын таңдаған.

ТМД елдерінен келген бақылаушылар "сайлау заңға сай өтті" деп жариялаған. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы "Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы бәсеке жоқ саяси ахуалда өтті деп" сынаған. Бұл сынға Қазақстан сыртқы істер министрлігі "объективті емес" деп жауап қатты.

Кезектен тыс президент сайлау күні тәуелсіз байқаушылар дауыс беру барысы мен дауыс санау кезінде түрлі қысым жасалғанын хабарлаған. Сайлау күні және оның алдында саяси акцияға шыққан және шықпақ болған белсенділерді полиция алып кеткен. Қазақстандағы тәуелсіз саяси сарапшылар мен саясаткерлер "сайлау бәсекесіз өтті, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев кезінде президенттікке кандидаттарға қойылған шектеулер алынбады" деп санайды.

14:25 21.11.2022

22 қарашада түске дейін Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президентін кезектен тыс сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялады. Онда сайлауға дауыс берген сайлаушылардың 81,3 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс бергені айтылған.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәліметіне қарағанда, Қазақстандағы 11 миллион 953 мың 463 сайлаушының 8 миллион 300 мыңы немесе 69,4 пайызы дауыс берген. Сайлауды Қазақстан президенттігіне кандидаттардың 11 мыңнан аса сенімді өкілі, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 641 өкілі, саяси партиялардың 15,5 мыңнан аса, қоғамдық бірлестіктердің 30 мыңнан аса байқаушылары бақылаған.

ОСК төрағасының сөзінше, сайлау учаскелеріне Қазақстанның 1225 бұқаралық ақпарат құралы, 23 шетелдің 41 бұқаралық ақпарат құралынан Қазақстанда аккредитация алған 106 журналист сайлау барысы жөнінде ақпарат таратқан.

ОСК-нің қазірге дейінгі ресми ақпараты Қазақстан президенттігіне кандидат Қарақат Әбденге 206 мың 206 сайлаушы (2,6 пайыз), Нұрлан Әуесбаевқа 176 мың 116 сайлаушы (2,2 пайыз), Жигули Дайрабаевқа 271 мың 641 сайлаушы (3,4 пайыз), Мейрам Қажыкенге 200 мың 907 сайлаушы (2,5 пайыз), Салтанат Тұрсынбековаға 168 мың 731 сайлаушы (2,1), Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 миллион 456 мың 392 сайлаушы (81,3 пайыз) дауыс бергенін көрсеткен.

460 мың 484 сайлаушы (5,8 пайыз) сайлау бюллетеніндегі "Бәріне қарсымын" графасын таңдаған.

Бұл жолғы Қазақстан президентін кезектен тыс сайлауға алты кандидат түскен. Тәуелсіз сарапшылар мен халықаралық талдаушылар сайлау бюллетеніне енгізілген бес адам қазір билікте отырған президентке "формалды бәсекелес" деп есептейді. Тәуелсіз байқаушылар сайлау процесінде заңсыздықтар болғанын хабарлаған. Әлеуметтік желіде байқаушыларға қысым жасалғаны жөнінде түрлі ақпарат шыққан. "Бәсекесіз" президент сайлауына қарсы акцияға шықпақ болған және шыққан белсенділер сайлаудан бұрын және сайлау күні қамауға алынған.

23:23 20.11.2022

Экзит-полл: Тоқаев жеңіске жетті, екінші орында - "бәріне қарсымын" графасы

"Ашық қоғам" институты 20 қарашадағы президент сайлауының экзит-полл нәтижесін шығарды. Институт мәліметінше, Тоқаев 82,45 пайыз дауыс алған. Ал сайлауға келгендердің 5,2 пайызы "бәріне қарсымын" графасы таңдаған.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев – 82,45%
  • "Бәріне қарсымын" графасы – 5,2%
  • Жигули Дайрабаев – 3,33%
  • Қарақат Әбден – 2,54%
  • Мейрам Қажыкен – 2,23%
  • Нұрлан Әуесбаев – 2,17%
  • Салтанат Тұрсынбекова – 2,08%

Ал "ТК Астана" тапсырысы бойынша "Аманат" партиясының институты жүргізген экзит-полл нәтижесінде Тоқаев 85,52 пайыз алған.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев – 85,52%
  • "Бәріне қарсымын" графасы – 3,40%
  • Жигули Дайрабаев – 2,67%
  • Қарақат Әбден – 2,61%
  • Мейрам Қажыкен – 2,43%
  • Нұрлан Әуесбаев – 1,93%
  • Салтанат Тұрсынбекова – 1,44%

ОСК алдын ала мәліметінше сайлауға дауыс беруге құқылы азаматтардың 68,7% келген.

21:36 20.11.2022

ОСК: Сайлаушылардың 69,43 пайызы бюллетень алды

Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, Астана уақытымен сағат 22:00-де дауыс берушілер тізіміндегі адамдардың 69,43% бюллетень алған. Абай, Түркістан облыстарында сайлаушылардың 80 пайыздан астамы, ал Жетісу, Қызылорда, 81 пайыздан астамы дауыс берген. Басқа өңірлерде көрсеткіш 70-80 пайыз аралығында болса, елдің батысындағы Маңғыстау (66,99%) мен Батыс Қазақстан (68,67%) облысында нәтиже 70 пайызға жетпеген. Астанада 48,60, Алматыда - 28,72 пайыз, Шымкентте 59,79 пайыз сайлаушы дауыс берген.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG