Accessibility links

Димаш Әлжанов: Азаматтардың билік институтына енгенін Ақорда қаламайды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстан президентін сайлау қалай өткені, "бәріне қарсы" дауыс бергендер саны туралы ресми дерекке неге сенуге болмайтыны жайлы ойын айтты. Сарапшы алдағы жеті жылда жоғары билікте тағы бір "мұрагер" операциясы болуы мүмкін бе деген сұраққа да жауап берді.

"ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫЛДЫРА АЛАМЫН ДЕП КӨРСЕТУГЕ ТЫРЫСТЫ"

Азаттық: Сайлаудың алдын ала мәліметі бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаев 81 пайыз мөлшерінде дауыс жинаған. Бұл [бұрынғы президент] Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауларда алған дауысымен шамалас. Биылғы сайлауға қандай баға бересіз?

Димаш Әлжанов: Сайлау әдеттегідей өтті: билік оның барысын толық бақылауда ұстап, президент 80 пайыздан көп дауыс алған деген қорытынды көрсеткішті әу бастан жоспарлады. Ақордаға жақын сарапшылар бұған дейін қоғамға осындай ақпарат беріп, реакциясын байқап көрді.

Неге олай істеді? Билікке Назарбаевтың мұрагері ретінде келгендіктен, Тоқаев қаңтардағы оқиғаларға байланысты жағымсыз имиджбен жүр. Ал автократ ретінде оған елді жұмылдыра алатын басшы болып көріну маңызды. Шын мәнінде олай көріну қиынға соғады, ал сайлау арқылы сондай көрініс қалыптастыру оңайырақ.

Сондықтан сайлауға дауыс бергендер 70 пайыздың ар жақ, бер жағында болды, қорытындысы – 80 пайыздан жоғары деп көрсетті. Назарбаев та сайлауды осындай қисынмен өткізетін. Бұл – өзіне қолдау үнемі артып отырады деп көрсетуге бейім авторитар мемлекеттерге ортақ стратегия. Бүкіл билікті уысына жинап алған диктатор өзіне, қарсыластарына, қоғамға елді ұйыстырып, жұмылдыра алатынын паш ету маңызды деп біледі.

Сенуге болатын деректерге, мысалы, сайлау күні балама есеп жүргізген бақылаушылар ақпаратына қарасақ, Алматыдағы кей учаскелерде тізімдегі сайлаушылардың [ресми мәлімет бойынша] 28 пайызы (Орталық сайлау комиссиясы Алматыда 28,72 пайыз болды деп көрсетті – ред. ) емес, тек 18 пайызы дауыс берген. Өңірлерде де дауыс берген сайлаушы санын қаншалық көбейтіп жазғанын шамамен есептеп шығуға болады.

Бұл қоғамның қазіргі саяси режимге және тікелей Тоқаевқа деген көзқарасын шынайы көрсететін картина. Тоқаев әкімшілік ресурсы мен қолындағы тетіктерді пайдалана отырып сайлаушылардың осынша пайызын ғана дауыс беруге жұмылдыра алды.

Сайлауға қанша адамды көлікпен тасығанын, неше кәсіпорын мен мемлекеттік мекемеде қызметкерлерді міндетті түрде дауыс беріп, ол сәтті фотоға түсіруге мәжбүрлегенін тіпті сайлау учаскелерінде отырған бақылаушылардың өзі тексере алмайды.

Сайлау алдында үкімет сайлаушыға тұрғылықты мекені бойынша ғана емес, іс жүзінде кез келген сайлау учаскесінде дауыс беруге рұқсат ететін қаулы қабылдады. Сөйтіп дауыс беруге топырлатып адам әкелуге жол ашып қойды.

Азаттық: Дауыс беру нәтижесі бойынша, Тоқаевтан кейінгі орында "Бәріне қарсымын" деген графа тұр. Орталық сайлау комиссиясы дерегінше, сайлаушылардың 5,8 пайызы немесе 460 мыңнан астам адам осылай дауыс берген. Бұл нені білдіреді?

Димаш Әлжанов: Адамдар, әрине, осы көрсеткішке жармасып, бәріне қарсы дауыс бергендер билікке наразы деп көрсеткісі келеді. Ал шын мәнінде "Бәріне қарсымын" деген графа – Ақорданың манипуляциясы. Олар Тоқаевтың қолдан жасалған 80 пайыз дауысының жанында "бәріне қарсымын" дегендер бес пайыз ғана деп көрсетіп, қоғамдағы наразылық көңіл-күй туралы сенімге селкеу түсіргісі келді.

Ақорда қоғамда оппозициялық көңіл-күй көрсеткіші осындай, өзгеріс болғанын қалайтын адамдардың үлесі өте аз, президент бағытын қолдаушылар олардан әлдеқайда көп деген ой-пікір қалыптастыруды көздейді. Біз мұндай манипуляция тұзағына түсіп қалмауымыз керек.

Билік Тоқаевқа балама бола алатын салмақты кандидаттарды тіркемеді. Қоғам сайлауға үзілді-кесілді қарсы болмасын, дауыс беруге қатыссын деп, "Бәріне қарсымын" деген графаны енгізді. Бұл – сайлау нәтижесіне ешқандай саяси я заңды әсер, ықпалы жоқ бос графа ғана.

Азаттық: Бірақ жарты миллионға жуық адам осы графаны белгілепті. Басқа бес кандидаттың ешқайсы мұнша дауыс жинай алған жоқ.

Димаш Әлжанов: Енді, басқа кандидаттар болмаған соң сөйтеді де. Үміткермін деп сайлауға түскендер дәлдүріш мәлімдемелерімен Тоқаевтың мерейін барынша асыруға тырысты. Бұл сайлаудың сценариі бойынша, Ақорданың айтқанынан шықпайтын мұндай кандидаттар сайлаушыларға сүйкімі жоқ болып көрінуі керек.

Полиция қызметкерлері Тәуелсіздік ескерткіші алдына бейбіт акцияға шыққан "Oyan, Qazaqstan!" қозғалысы белсенділерін күштеп әкетіп барады. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.
Полиция қызметкерлері Тәуелсіздік ескерткіші алдына бейбіт акцияға шыққан "Oyan, Qazaqstan!" қозғалысы белсенділерін күштеп әкетіп барады. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Тағы бір нәрсе, біз сайлаушылардың бес пайызы ғана "бәріне қарсы" дауыс берді деп нақты айта алмаймыз. Мүмкін, бұл көрсеткіш одан әлдеқайда көп шығар. Бірақ сайлауды ұйымдастыру жүйесінің өзі Ақорданың қолына дауыс беру қорытындысына ықпал ететін зор мүмкіндік беретіндіктен, нақты деректі білмейміз. Тоқаев 80 пайыздан көп дауыс жинады деген ресми дерек – қолдан құрастырылған жасанды көрсеткіш.

"ЖЕЛБУАЗ МОДЕРНИЗАЦИЯ ИДЕЯСЫН ТЫҚПАЛАУ"

Азаттық: 20 қарашада сайлауға бардым. Дауыс беруге келгендер шынымен аз болды. Көбіне зейнеткерлер мен мемлекеттік қызметкерлер ғана дауыс беріп жатты. Жастар көрінбеді. Неге?

Димаш Әлжанов: Қазір тәуелсіз әлеуметтік қызметтер жоқ. "Аманат" партиясымен байланысы бар, биліктің рұқсатымен жұмыс істейтін ұйымдардан басқа топтарға экзитпол өткізуге тыйым салынған. Сондықтан сайлау учаскелеріне көбіне қай жастағы адамдар келгенін нақты айта алмаймыз.

Қоғам балама болғанын қалайды. Сайлаудағы негізгі мәселенің бірі – "Тоқаев неге үнемі қоғамға желбуаз саяси модернизация идеясын өткізгісі келеді?" деген сұрақ болды. Қоғамның сауалы – осы. Бұл сұрақ Назарбаев дәуірінен бері келе жатыр. Билік үнемі осы сұрақтың төңірегінде спекуляция жасайды.

Тоқаев өз бағдарламасында басқа аспектілерге басымдық беретінін айтқан жоқ. Ол Қазақстанда саяси модернизация жүріп жатыр дегенді қайталаудан жалықпайды.

Біз неге Қазақстанда билік ауысуы керек дейміз? Халық неге осы идеяны қолдап, оны жүзеге асыру үшін басын қатерге тігіп жүр? Қаңтарда халық сол үшін кеудесін оққа тосып, қанша адам қаза тапты.

Қоғамдағы көңіл-күйді сайлау нәтижесі емес, осы нәрсе көрсетеді.

АЛДА НЕ БОЛАДЫ?

Азаттық: Енді Тоқаев елді жеті жыл басқарады. Алдағы уақыттан не күтуге болады?

Димаш Әлжанов: Елеулі өзгеріс болмайды. Өзгеріс жасауға келгенде Тоқаев консервативті ұстанымдағы адам екенін көрсетті. Оның көзқарасы бұрынғы президенттің саясатына ұқсайды: Тоқаев та авторитар жүйенің мұртын бұзбай, қоғамға белгілі бір ережелер аясында ғана өмір сүру керегін еске салып отырады.

Өзгеріс ретінде көрсетіп, болмашы бірдеңелер жасауы мүмкін. Саяси алаңға билікшіл бірнеше партияны өткізеді, бірақ саясат өзгермейді. Сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістер азаматтардың билік институтына енгенін Ақорданың қаламайтынын көрсетті.

Сондықтан депутаттыққа кандидат болып тіркелу үшін азаматтар саяси партияға немесе республикалық бірлестікке мүше болуы керек. Өз-өзіңді ұсына алмайсың, заңда ондай мүмкіндік қарастырылмаған.

Және Тоқаев негізінен меншікті қайта қарау мәселесі мен экономикаға ықпалын күшейтуге басымдық беретін сияқты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президентін сайлауға дауыс беріп тұр. Астана, 20 қараша 2022 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президентін сайлауға дауыс беріп тұр. Астана, 20 қараша 2022 жыл.

Азаттық: Кейін екінші "мұрагер" операциясы бола ма?

Димаш Әлжанов: Солай сияқты. Көп нәрсе Тоқаевтың сол кездегі күйіне байланысты болмақ. Биліктегі жеті жылдық мерзімі аяқталғаннан кейін немесе одан бұрын Конституцияға түзетулер енгізіліп, билік транзитін жүзеге асыруға талпынады деп ойлаймын.

Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаевтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажет міндеттердің бірі – осы. Оған жеті жыл президент болу ғана емес, биліктен кеткеннен кейінгі қауіпсіздігін ойластыру да маңызды. Өйткені Қаңтар оқиғасы кезінде адамдар қырғынға ұшырады және оны енді өзгерте алмайсың.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG