Accessibility links

Иранда аятолла Хаменеидің жиенін қамауға алды


Ирандық құқық қорғаушы Фариде Морадхани
Ирандық құқық қорғаушы Фариде Морадхани

Иранның рухани көсемі әрі жетекшісі аятолла Әли Хаменеидің жиені, құқық қорғаушы Фариде Морадхани Иран билігімен барлық қатынасты үзуді сұрап, әлемдік қауымдастыққа үндеу тастаған соң қамауға алынды. Бұл жөнінде Морадханидің ағасына сілтеп, CNN телеарнасы мен Reuters агентіктері хабарлады.

Францияда тұратын Махмұд Морадханидің сөзінше, ол әпкесінің алдын ала жазылған видеосын 23 қарашада жариялаған.

"Азат адамдар, бізге көмектесіңіздер, балаларды да өлтіріп жатқан бұл қанқұйлы режимге қолдау көрсетуді тоқтату жөнінде үкіметтеріңізге айтыңыздар. Бұл режим өз діни принциптерінің бірін де сақтамайды, ешқандай заңды да, ережені де білмейді, өз билігін сақтап қалу үшін күш қолдануды ғана біледі", - дейді Морадхани. Оның сөзінше, Иран халқы қазіргі билікті қолдайтындарды жек көреді. Морадхани демократиялық елдерді Ирандағы өкілдіктерін шақырып алып, Тегеранмен жұмыс істеспеуге үндеген.

Үндеудің қашан жазылғаны белгісіз.

Фариде мен Махмұд Морадхани - биыл қазан айында өлген діндар оппозиционер Әли Техранидің балалары. Әли Техрани аятолла Хаменеидің қарындасының күйеуі.

  • Ирандағы наразылық қыркүйекте әйел құқығын қорғаушы, саны жағынан аз күрдтерден шыққан 22 жастағы Махса Әминидің өлімінен кейін басталған. Әминиді Иранның әдеп полициясы "шариғатқа сай киінбеді" деп ұстап, бірнеше күннен соң ауруханаға апарған. Махса Әмини ауруханада қайтыс болған. Наразылыққа шыққандар оны полиция ұрып өлтірген деп санайды.
  • Полицияның зорлық-зомбылығына, биліктің қуғын-сүргініне қарсы Иран халқының наразылығы жалғасып жатқанына үш ай болды. Жаппай наразылық кезінде халық елді демократия жолына салуды, Әли Хаменеидің биліктен кетуін талап етіп жатыр.
  • Полиция билікке наразыларды қатаң басып-жаншуға кіріскен: құқық қорғаушылардың мәліметінше, бүгінге дейін 326 адам өлтірілген. Оның 43-і сәби. 15 мыңнан астам адам қамауға алынған. 14 қарашада Иран соты наразылыққа шыққан адамға өлім жазасын кескен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG