Accessibility links

Тоқаевтың Мәскеуге сапары: Путин аймақтағы ықпалынан айырылмауға талпынып жатыр ма?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин.

Батыс басылымдары бұл аптада Тоқаевтың қайта сайланған соң алғашқы сапарын Мәскеуге жасауы нені көрсетті деген сұраққа үңілді. Сонымен қатар Қазақстан президентімен кездескен Путин Мәскеудің аймақта әлі де маңызды ойыншы екенін көрсетуге талпынды ма дегенді талдады. Бұдан бөлек Екібастұз қақаған аязда жылусыз қалған шақта халық наразылығы күшейіп жатқанын жазды.

"ҚАЗАҚСТАН ҮШІН РЕСЕЙ ӘЛІ ДЕ МАҢЫЗДЫ ЕКЕНІН КӨРСЕТУГЕ ТАЛПЫНҒАН ПУТИН"

АҚШ-та шығатын Washington Post басылымы Ресейдің Украинаны бағындыра алмай, соғыста сәтсіздікке ұшырауы Орталық Азияға Владимир Путиннің әлсіздігін әйгілегенін жазды.

Нәтижеде Ресей өзінің ықпал ету аумағы деп қараған аймақ елдерінің Мәскеуді елемейтіні байқалады. Мақала авторы Робин Диксон Орталық Азия мемлекеттерінің ішінен әсіресе Қазақстанның Ресейден алшақтауы ерекше көзге түсетінін келтіреді. Қазақстан Қытай, Түркия, Еуропамен қарым-қатынасты күшейтіп, соғыстан кейін Ресейден кеткен жүздеген Батыс компанияларын тартты.

Басылым Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы аптада Франция президенті Эммануэль Макронмен экономикалық, энергетика және білім беру саласындағы қарым-қатынасты нығайтуды талқылау үшін Парижде кездескені аймақтың Батыс, Түркия мен Азиядан балама серіктестер іздеп жатқанын көрсетеді дейді. Тоқаевтан бір апта бұрын Франция президентімен Өзбекстан жетекшісі Шавкат Мирзияев та кездескен.

Франция басшысы Эммануэль Макрон Елисей сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қарсы алып тұр. Париж, 29 қараша 2022 жыл.
Франция басшысы Эммануэль Макрон Елисей сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қарсы алып тұр. Париж, 29 қараша 2022 жыл.

Ресей әлсіреп жатқан тұста Еуропа аймақта белсенділігін арттыра бастады. Еуропа Қазақстанды Ресей көмірсутегін алмастыра алатын балама энергия көзі ретінде қарастырады. Қазан айының соңында Орталық Азияға Еуропа одағының президенті Шарль Мишель келді, ал қарашада Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі өкілі Жозеп Боррель келіп кетті. Сонымен қатар қараша басында аймаққа келген АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дональд Лу инвестиция тарту мен сауда жолдарын дамытуға 25 миллион доллар ұсынды. АҚШ мемлекеттік департаменті бұл сапар аймақ елдерінің аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдауға бағытталғанын хабарлаған.

Қыркүйекте Астанаға сапарлаған Қытай басшысы Си Цзиньпин Пекин Қазақстанның аумақтық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеді. Осыған ұқсас мәлімдемені қазанда елге келген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да айтқан.

Басылым Тоқаев Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын бірнеше мәрте мәлімдегенін еске салады. Тоқаев – Путиннің бетін қайтарған аймақтағы жалғыз басшы емес. Жақында Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын әрекетсіздік үшін сынап, саммит декларациясына қол қоюдан бас тартты. Қазан айында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Путиннің 70 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген Санкт-Петербургте өткен ТМД басшыларының саммитіне бармады. Қыркүйекте Тәжікстан әскерінің Қырғыстан аумағына кіргеніне ашуланған Жапаров ҰҚШҰ жаттығуын ел аумағында өткізуден бас тартты.

Автордың пайымдауынша, Астанада қазан айында өткен саммитте Путиннің ең жақын одақтасы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Ресей президентін көпшілік алдында жазғыруы тіпті таңғалдырарлық дүние. Рахмон өз сөзінде Ресейді Орталық Азия елдерін құрметтеуге, аймақ елдеріне "Совет одағындай саясат ұстанбауға" шақырған.

Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының ғылыми қызметкері Темур Умаров Орталық Азиядағы ықпал үшін таласта Қытай Ресейді әзірге шеттете қоймағанын жеткізді, алайда Пекиннің теміржол мен құбырға салып жатқан инвестициялары артып жатыр. «Ұзақ мерзімде Ресейдің Орталық Азиядағы позициясы әлсірейді», − дейді ол. Умаровтың пайымдауынша, Ресей оқшауда қалғандықтан, бұрынғымен салыстырғанда дәл қазір Орталық Азияны қажет етеді.

«Тоқаевты Парижге барар жолда Мәскеуге соғып кетуге шақырған Путин Қазақстан үшін Ресей әлі де маңызды екенін көрсетуге талпынғандай», − дейді автор.

ТОҚАЕВТЫҢ МӘСКЕУГЕ САПАРЫ ЖӘНЕ АСТАНА-ТАШКЕНТ ШАРТЫ

АҚШ-тағы Jamestown қорының сарапшысы Пол Гобл Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайта сайланған соң алғашқы сапарын Мәскеуге жасағанына қарамастан, Қазақстан Ресейден тәуелсіз саясат жүргізіп жатыр және Кремль мен Астана арасында қайшылық бар екенін жазды. «Ресей билігі мұны білетіні анық және бір жолғы кездесу мұны өзгерте алмайды», − дейді Гобл.

Сарапшының талдауынша, Астана мен Мәскеудің қарым-қатынасы биыл өзгергенін үш жайт көрсетеді. Біріншіден, Ресейдегі бақылаушылар аңғарғандай, Тоқаевтың Путинмен кездесуі әдемі, бірақ нақты міндет жүктемейтін бос сөздерге толы болды. Бірлескен коммюникеде екі елдің бір-біріне қолдау көрсетуі мен Қазақстанның Ресей бастаған ҰҚШҰ мен Еуразия экономика одағы тәрізді ұйымдарға мүше болып қала беретіні жазылды. Мәлімдемеде сөз болған жалғыз міндеттеме − газ транзитін кеңейту, екі ел бұл туралы алғаш рет осыдан 20 жыл бұрын келіскен, бірақ бұл бағытта көп нәрсе жасалмады.

Қарай отырыңыз: Путиннің "газ одағы" пайда ма, қауіп пе? (1 желтоқсан 2022 жыл).

Путиннің "газ одағы" пайда ма, қауіп пе?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:20 0:00

Екіншіден, Тоқаев Путинмен кездесуден кейін елге қайтпай, Франция президентімен кездесуге ұшып кетті. Гоблдың ойынша, Тоқаев осылайша Еуропамен қарым-қатынасты бұрынғыдан бетер дамытқысы келетінін көрсетті.

Үшіншіден және ең бастысы, Тоқаев пен Путиннің Мәскеудегі кездесуі кезінде Астана мен Ташкент одақтастық қарым-қатынас туралы шарт жобасын жариялады. Шарт Өзбекстан мен Қазақстанды «үшінші ел» шабуыл жасаған жағдайда ынтымақтасуға міндеттейді.

Гоблдың талдауынша, Мәскеу шарт жобасындағы «үшінші ел» деген тіркестің астарында екі ел Ресейді меңзеді деп ұқты және мұны Кремль бастаған ҰҚШҰ мен аймақтағы басқа жобаларға көп ел сенім артпайтынның белгісі деп бағамдады. «Мұны Путин Тоқаевтың маусымда Ресейдің Украинадағы саясатын қолдамайтынын айтқан мәлімдемесінен де асып түсетін қорлау деп бағалауы мүмкін».

Автор Ресейдегі комментаторлар Путин мен Тоқаевтың кездесуінен көп нәрсе күтті дейді. «Бірақ байыбына бара алатындар кездесуге көп сенім арту бос әурешілік және Ресей-Қазақстан қарым-қатынасы өзгеріп, Астана Қытай мен Батысқа бет бұрғанын ескерсек, іске аспайтын дүние екенін түсінді».

ЖЫЛУСЫЗ ҚАЛҒАН ЕКІБАСТҰЗ ЖӘНЕ "ҚОҒАМ НАРАЗЫЛЫҒЫ"

Eurasianet басылымы Екібастұз қаласы қақаған аязда жылусыз қалған шақта халық наразылығы күшейіп жатқанын жазды.

27 қараша күні жергілікті жылу электр станциясы құбырлар ажырап, соның салдарынан қазанагрегат істемей қалғаны, одан кейін тағы үш агрегат жұмысы тоқтағаны хабарланған. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр 1 желтоқсан күнгі брифингіде апат жылу электр орталығында емес, жылу желілерінде болғанын мәлімдеді. Мемлекеттік энергия қадағалау комитеті зерттеуінің алдын ала қорытындысына сүйенген Склярдың айтуынша, жылу желілерінің бұзылуына "станция қызметкерінің қателігі себеп болған". 2 желтоқсандағы дерек бойынша, қалада әлі де кемі 17 көп қабатты тұрғын үй жылусыз қалып отыр.

Екібастұз қаласындағы жылу электр орталығы. Павлодар облысы, 28 қараша 2022 жыл.
Екібастұз қаласындағы жылу электр орталығы. Павлодар облысы, 28 қараша 2022 жыл.

30 қараша күні премьер-министр Әлихан Смайылов қалаға жұмыс сапармен келіп, апатқа кінәлілерді жазалауға уәде етті. Жергілікті прокуратура апатқа байланысты іс қозғады.

«Қоғам тергеуден өнеркәсіп магнаты Александр Клебановқа назар бұруды талап ете бастады. Оның «Орталық Азия электрэнергиялық корпорациясы» Екібастұздағы электр станциясы мен елдің солтүстігіндегі тағы бірнеше электр станциясына иелік етеді», − деп жазады басылым.

Екібастұз жылусыз қалған соң президент Тоқаев электр станцияларының иелері жөндеу жұмыстарына ақша құюға құлықсыз екенін алға тартып, үкіметке проблемасы шешілмеген жекеменшік электр станцияларын мемлекет меншігіне қайтару мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Eurasianet жергілікті азаматтық белсенді Юрий Павленконың электр станциясындағы апатты алдын ала болжағанын келтіреді. Павленко тамыз айында қалада жылу дағдарысы басталуы мүмкін екенін ескертіп, Тоқаевқа қарата видеомәлімдеме жариялаған. «Кейін үкіметтік комиссия тексеріс жүргізіп, жылу электр станциясына иелік етуші компанияға жөндеу жұмыстарын тездетіп, жылу құбырларын ауыстыруды тапсырды. Үкімет жетекшісінің орынбасары Скляр мен энергетика министрі Болат Ақшолақов жылу маусымында оқыс оқиғалар болмайтынын айтып сендірді».

Қарай отырыңыз: Екібастұз неге жылусыз қалды? Арнайы репортаж (30 қараша 2022 жыл).

Екібастұз неге жылусыз қалды? Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:32 0:00

Басылым «Орталық Азия электрэнергиялық корпорациясы» иелік ететін электр станцияларында бұған дейін де проблемалар анықталғанына қарамастан, «экс-президент Назарбаевтың отбасымен жақын қарым-қатынаста болған Клебановқа ешқандай жаза қолданылмағанын» келтіреді.

Қайта сайланар алдында Тоқаев «олигархиялық капитализм дәуірі соңына жетті» деген, оны көпшілік Назарбаевтың басқару стилінен алшақтау әрекеті деп қабылдады.

Тоқаев Павлодар облысының әкімі Ысқақовты Екібастұз жылусыз қалған соң отставкаға жіберді. Павлодар облысы әкімінің міндетін әкім орынбасары Олег Крук уақытша атқарады.

Eurasianet жергілікті ақпарат құралдары бұл тағайындаудың артында не жатқанына үңіле бастағанына назар аударады. Жергілікті ақпарат құралдары Крук бір кезде Клебановқа тиесілі «Орталық Азия электрэнергиялық корпорациясының» кемінде екі еншілес компаниясында басшылық қызметте жұмыс істегенін жазды. Сонымен қатар тағы бір басылым төтенше жағдайлар жөніндегі министр Юрий Ильиннің ұлы Игорь «Орталық Азия электрэнергиялық корпорациясы» директорлар кеңесінде Клебановтың орынбасары екенін жазды. Юрий Ильин наурыз айында бұған қатысты «әрбір азаматтың өзі пайда тигізе алатын және өзіне тиімді жерде жұмыс істеуге құқылы» екенін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG