Орталық Азияда тәуелсіздік кезеңінде авторитар режим қалыптастырған басшылар түрлі жағдайда биліктен кетті. Бірі төңкерістен соң елден қашса, бірі тақта отырып көз жұмып, билік тізгіні айналасындағы үзеңгілестеріне бұйырды. Ал енді бірі көзі тірісінде орнын босатып, тасадан басқармақ болғанымен, артынан көп мәртебесінен айырылды. Кезінде өкілетін оңды-солды ұзартып, мадақ пен қолпаштауға ие болған олардың қазіргі мұрасы қандай? Билік пен халқы олар туралы не айтады?
"ЕЛБАСЫ" ДА, "НҰР-СҰЛТАН" ДА ЖОҚ, ИММУНИТЕТ БАР
Қазақстан тәуелсіздік алар қарсаңда, 1991 жылдың 1 желтоқсанындағы тікелей сайлауға баламасыз кандидат ретінде түскен Нұрсұлтан Назарбаев 98,7 пайыз дауыс жинады. Ол 1990 жылы сәуір айында жоғары кеңес депутаттарының дауыс беруімен президент атанып үлгерген еді.
Сол кездегі Қазақ ССР министрлер советінің төрағасы Назарбаевты 1989 жылы маусым айында КПСС орталық комитетінің пленумы Қазақ ССР коммунистік партиясының бірінші хатшысы етіп сайлайды. Назарбаев содан бастан, 2019 жылға дейін үздіксіз билікте отырды. Ол президенттіктен кеткен соң да Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы және биліктегі "Нұр Отан" партиясының басшысы ретінде ел басқаруға тікелей ықпал етті. Алайда биылғы Қаңтар оқиғасынан соң бәрі өзгерді.
Қазақстанда маусым айында өткен конституциялық реформа кезінде негізгі заңдағы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа байланысты баптар алып тасталды. Алайда "Тұңғыш президент - елбасы туралы" конституциялық заң әзірге күшін жойған жоқ. Осы заң бойынша бұрынғы президент айрықша құзірет пен жауапқа тартылмайтын тиіспеушілік құқыққа ие. Осы заң бойынша экс-президентті ұстауға, тінтуге, одан жауап алуға және жеке басын жете тексеруге болмайды. Бұған қоса онымен бірге тұратын отбасы мүшелері тиіспеушілік құқығына ие. Бұрынғы президент пен онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банк шоттарының құпиялығына және оларға тиіспеушілікке де кепілдік беріледі.
Қазақстанда биыл бір жыл ішінде Конституция екі рет өзгерді. Ал екінші президенттің кезектен тыс екінші сайлауы қарсаңында ел астанасы "Нұр-Сұлтан" атауымен қош айтысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы президент өкілетін қабылдап алған соң "Астана" қаласының атауын "Нұр-Сұлтан" деп атау туралы жарлыққа қол қойған. Алайда биыл қыркүйек айында астана мәслихаты қаланың бұрынғы атауын қайтаруға "ұсыныс тастағаннан" кейін президент Тоқаев кезекті жарлығымен қала атауын тағы да ауыстырған.
Биылғы Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президенттің кей туыстары жауапқа тартылып, тергеле бастады. Назарбаевтың сол кезде мәжіліс депутаты болған қызы Дариға да оқиғадан кейін мандатын тапсырған. Қаңтар оқиғасына және сондағы 238 адамның қазасына байланысты Қазақстанның іс басындағы басшысы да, бұрынғы президенті де жиі сыналады. Алайда қоғам сынын қанағаттандыратындай тұщымды жауап әлі айтылған жоқ.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев соған қарамастан ара-тұра көпшілікке көрініп қалып жүр. Соңғы рет Назарбаевтың 26 қараша күні өткен президент Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде алдыңғы қатарда отырғаны да қоғамда түрлі көзқарас тудырған. Көпшілік "Жаңа Қазақстан" және "Әділетті Қазақстан" ұранымен өткен сайлаудан кейінгі ресми жиынға бұрынғы басшының қатыстырылуын сынаған. Ал ресми телеарналарда Назарбаевтың отырғаны толық көрсетілмей, оның жанында отырған шенеуніктер жиі камераға іліккен.
Президенттіктен кеткен соң Назарбаевқа "құрметті сенатор" атағы да берілген. Сонда экс-президенттің сенат отырысына "ара-тұра келіп, ақыл-кеңесімен бөлісетіні айтылған.
Жыл басынан бері Назарбаевты "елбасы" деп атау тоқтады, тіпті ол туралы фильмдер, хабарлар мемлекеттік телеарналардан көрсетілмейтін болды. Тоқаев кейінгі сұхбаттарында алғашқы президенттің жүргізген саясатын сынай бастады. Қаңтарда Талдықорғанда құлаған ескерткіші қайта тұрғызылмады, бірақ оның атымен аталған нысандардың көбі әлі сол қалпы тұр.
Назарбаев есімінің алғашқы буынын қосып алған, логотипі де оның қолтаңбасын қайталайтын "Нұр Отан" партиясының атауы биыл көктемде "Аманат" болып өзгерді. Сарапшылардың айтуынша, Назарбаевтың көзі тірісінде елде "назарбаевсыздандыру" сатылап жүріп жатыр. Дегенмен Қаңтар оқиғасына ол жүргізген саясат кінәлі деп санайтындар арасында Назарбаев есімін барлық жерден алып тастау керек деген пікір жиі айтылады.
КАРИМОВТЫ АУЗЫНА АЛМАЙТЫН ЕКІНШІ ПРЕЗИДЕНТ
Өзбекстан басшысы Ислам Каримов – Совет одағында "президент" лауазымы енгізілгенде Горбачевтан кейін осы лауазымға қол жеткізген екінші саясаткер. 1990 жылы 15 наурызда одақ жоғарғы кеңесі Михаил Горбачевті президент сайлайды. Арада тоғыз күн өткенде Өзбекстан жоғарғы кеңесі Ислам Каримовтың президенттігін қолдап, дауыс береді.
Ислам Каримов та Назарбаев сияқты билікке 1989 жылы бірінші хатшы болып келген. Алайда оның Назарбаевтан айырмашылығы алғашқы жалпыхалықтық сайлауда кейіннен елден қуылған Мұхаммед Салықпен (Салай Мадаминов) балама сайлауға түседі. Одан кейінгі сайлаулар жасандылығымен ерекшеленеді.
Совет кезінде Өзбекстан құрамында қалған Қарақалпақстан 1993 жылы өз Конституциясын бекітіп, референдум жолымен тәуелсіздігін жариялай алатын құқыққа ие болады. Осы аралықта Қарақалпақстан – Өзбекстан арасында мемлекеттік шарт бекітіледі. Нөкіс билігі Ташкентпен арада 20 жылға дейін Өзбекстан құрамында қала беретін болып келіседі. Алайда бұл келісімнің мерзімі өтіп кетсе де, оны не созу немесе референдум жайы қарастырылмайды. Мұның соңы биылғы кем дегенде 21 адам қаза тауып, 270-тен аса адам жараланған "Нөкіс оқиғасына" ұласты.
Өзбекстанмен шекаралас Тәжікстанда 1992-97 жылдары болған азамат соғысын тоқтатуға Ислам Каримовтың ықпал еткені, оның Душанбеге әскер аттандырғаны жайлы айтылады. Тәжікстанның қазіргі президенті Эмомали Рахмонның билікке келуіне де Ислам Каримов себеп болған делінеді.
Ислам Каримов билігі тұсында Өзбекстанда исламшыл оппозиция бас көтерді. Бұл қозғалыс 2005 жылғы Әндіжан оқиғасын басып-жаншумен саябырсығандай болды. Алайда Өзбекстанның исламдық оппозициясы Ауғанстан тәрізді мазасыз аймаққа қоныс аударады.
Өзбекстанның экс-президенті Ислам Каримов қанша заңсыз (Конституция бойынша бір адам екі мерзімнен артық президент бола алмайды) болса да президенттік сайлауға қайталап түсуден еш бас тартқан емес.
Ол бір рет референдум, бес рет сайлау жолымен жоғарғы билікте қалып келді. Назарбаев сияқты Каримовтың да туыстары билікке араласқанымен, үлкен қызы Гүлнара Каримова әкесі тірі кезде бес жылға сотталған. Екінші президент Шавкат Мирзияевтің тұсында ол тағы да 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзияев алғаш билікке келген жылдары Ислам Каримов жайлы жиі айтатын. Соңғы жылдары билік Каримов туралы тіпті ауызға алмайтын болған. Алайда қазіргі билік бұрынғы басшыға қарсы әрекет байқатқан емес. Президент Мирзияев жиындарда бұрын қазіргідей ілгерілеу болмағанын айтып, еске салып отыруды ұмытпайды.
Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін екі жыл өтер-өтпесте оның сенімді адамдары биліктен шеттетілді. Оның 80 жылдығы аталып өткен кезде тіпті балаларының өзі бұл рәсімге толық қатыспады.
Гүлнара Каримова қамауда қала берсе, экс-президенттің екінші қызы, сол кезде Өзбекстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Лолла Каримова-Тилляева қызметтен кеткенін әлеуметтік желіде жариялап, Ташкентке келе алмады.
РАХМОННЫҢ КӨЛЕҢКЕСІНДЕ ҚАЛҒАНДАР
Орталық Азия елдерінің ішінде тәуелсіздікке дейін ұзақ мерзімге билік құрып үлгерген Тәжікстанның тұңғыш президенті Қаххор Махкамов болды. Ол 1985 жылы Тәжікстан компартиясының бірінші хатшысы болып сайланады.
1990 жылы ақпанда Душанбеде халық жиналып "өздеріне баспана жетпей жатқанда" зілзаладан (1988 жылғы Армениядағы Ленинабад, Спитак жерлерінде болған – Азаттық) зардап шеккен армяндарға "кезектен тыс үй берілгеніне" наразылық білдірген. Бұл наразылық шарасы кейін 25 адам қаза тауып, 150-ден астам адамның жаралануымен аяқталады. "Ақпан оқиғасынан" соң Махкамов бірінші хатшылықтан кететінін жариялағанымен, сол кездегі Тәжік ССР компартиясының орталық комитеті оның отставкасын қабылдамайды.
Сол жылы 1990 қарашада президент болып сайланғанымен, 1991 жылы ГКЧП оқиғасынан кейін ел парламенті сенімсіздік білдірген соң Махкамов президенттіктен кетеді. Оны қарсыластары ГКЧП-ны жақтаушы ретінде танытады.
Арада сегіз күн өткенде ол Тәжікстан бірінші хатшысы қызметінен де босатылады.
Қаххор Махкамов Орталық Азияда парламент қысымынан кейін биліктен кеткен алғашқы президент болды. Ол бірінші хатшылықтан кеткен соң екі күннен кейін, 1991 жылы 9 қыркүйекте Тәжікстан өзінің тәуелсіздігін жариялайды.
Махкамов биліктен соң Қадреддин Аслонов уақытша президент қызметін атқарады. Тәуелсіздік декларациясы да Аслоновтың қол қоюымен жарияланады. Екі айдан кейін ол қарсыластары қолынан қаза табады.
Қараша айында өткен сайлауда тәуелсіз Тәжікстанның президенті болып Рахмон Нәбиев сайланады. Ол да 1982-85 жылдары Тәжік ССР компартиясының бірінші хатшысы қызметін атқарған. Оның жоғарғы билікке қайтып оралғандағы президенттігі ұзаққа бармайды. Арада бір жыл өткенде азамат соғысы тұтанып, оппозиция қысымынан кейін ол да отставкаға кетуге мәжбүр болады.
Тәжікстанның қазіргі президенті Эмомали Рахмонның да жоғары билікке келгеніне 30 жылдан асып барады. Ол 1992 жылы президенттік лауазым жойылғанда жоғарғы советтің төрағасы ретінде билікке келген. Рахмонға бүгінде қанша мерзімге болса да президент сайлауына қатысуға кедергі жоқ. Президенттің 35 жастағы ұлы Рустам Эмомали Тәжікстан парламентінің жоғарғы палатасы – меджилиси миллидің төрағасы.
Тәжікстанда қазіргі президент Рахмон елді азамат соғысынан аман алып шыққан басшы ретінде дәріптеледі. Оның ресми титулы – "Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – ұлт көшбасшысы". Ал бұрынғы басшылар туралы ештеңе айтылмайды десе болады.
"ТҮРКІМЕНБАШЫНЫ" АЛМАСТЫРҒАН "АРҚАДАҒ"
Түркіменстанның тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязов та жергілікті компартияның бірінші хатшысы ретінде билікке 1985 жылы келді. Ол Орталық Азия елдері басшыларының ішінде бірінші рет парламент арқылы емес, жалпыхалықтық сайлау арқылы президент болып сайланады. 1990 жылғы бұл сайлау баламасыз өтіп, Ниязов 98,3 пайыз дауыс жинайды. Тәуелсіз Түркіменстанның Конституциясы қабылданған соң 1992 жылы өткізілген баламасыз сайлауда оған дауыс бергендер 99,5 пайызға жетеді.
Осыдан кейін ол ешқандай сайлауға қатысқан емес. 1994 жылғы референдумда оның өкілеті 2002 жылға дейін ұзартылады. Ал 1999 жылы халық маслахаты оны ғұмырлық президент етіп тағайындайды
Орталық Азияда алғаш болып жеке басқа табынудың үлгісін қалыптастырған Сапармұрат Ниязов 2006 жылы қайтыс болады. Оған дейін оның алтын жалатылған ескерткіштері тұрғызылып, Ниязов жазған "Рухнама" шығармасы қасиетті кітап ретінде жарияланады.
Ол репрессиялық саясатымен қоса, Орталық Азия аймағында кейін басқа да авторитарлы басшыларға үлгі болған "түркіменбашы" титулымен де есте қалды. Бұл нұсқа кейін Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев үшін – "елбасы ", Тәжікстанда Эмомали Рахмон үшін "пишвои-е меллат" (ұлт көшбасшысы) түрінде жалғасын тапты.
Ниязов қайтыс болғаннан кейін оған табыну әлсірей түсті. Алайда оны екінші президенттің жеке басына табыну үрдісі ығыстырып шығарды. Билікке конституциялық жолмен емес, түркіменстандық ішкі ереже жолымен келген Гурбангулы Бердімұхамедов те "арқадағ" (қолдаушы) титулына ие болып, өзіне ескерткіштер тұрғызып, жеке-дара билеп төстеуді жалғастырды. Ол тіпті өзінің баласын президенттікке өткізіп, Түркіменстан аймақта династиялық билік қалыптастырған бірінші елге айналды. Биыл 12 наурызда өткен президент сайлауында оның ұлы, 41 жастағы Сердар Бердімұхаммедов 73 пайыздай дауыспен президент болып сайланды.
16 ЖЫЛДАН СОҢ ЕЛІНЕ КЕЛГЕН АҚАЕВ
Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев – Орталық Азиядағы партиялық номенклатураны өткермей президент ретінде билікке келген саясаткер. Ол 1990 жылы Қырғызстан ғылым академиясы президенті болып жүрген жерінен жергілікті жоғарғы кеңесте Қырғыз ССР президенті болып сайланады.
Асқар Ақаев кезінде Қырғызстан "Орталық Азиядағы демократия аралы" аталады. Әуелде елдегі демократиялық үрдістен көп үміт күттіргенімен, кейіннен оның өзі де автократиялық билікке бой алдырады. Аймақтағы референдумдар арқылы өкілетін созу және қайта-қайта сайлану президент Ақаевты да айналып өтпеді. Ол үш рет сайлау және екі рет референдум жолымен президент болды.
2005 жылғы парламент сайлауында оның қызы Бермет, ұлы Айдар Ақаевтар депутаттыққа түседі. Оның соңы дауға ұласып, елде "қызғалдақ төңкерісі" өріс алады. Көпшілік президентті әулеттік-кландық билік құрды деп сынайды. Оппозиция Ақаевты билікті иеленіп алды деп айыптайды.
"Қызғалдақ төңкерісінде" наразылар талабынан кейін Ақаевтар жанұясы елден кетуге мәжбүр болады. Бұл жағынан алғанда Асқар Ақаев – Орталық Азиядағы алғашқы төңкерістен кейін елден қуылған алғашқы президент. Ол елден кеткен соң үстінен іс қозғалып, іздеу жарияланады. Ол Ресейге бой тасалап, Мәскеуде ғылыми жұмыспен айналысады.
Асқар Ақаев туралы да, одан кейін биліктен төңкеріс арқылы кеткен Құрманбек Бакиев туралы да елде жақсы пікір айтылмайды. Қырғызстандағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық ахуал үшін солар жауапты деп санайтындар да көп. Бұлармен қоса, 2010 жылғы төңкерістен кейін билікке келген Алмазбек Атамбаев та көп жеңілдік беретін және қылмыстық қудалаудан сақтайтын "экс-президент" титулынан айырылған.
Асқар Ақаев арада 16 жыл өткенде, 2021 жылы ғана Қырғызстанға баруға мүмкіндік алған. Ол Бішкекте екі рет Құмтөр алтын кені ісі бойынша сотқа куәлік берген.
(Автордың пікірі Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін).
ПІКІРЛЕР