Accessibility links

Cоветтік Тәжікстан президенті


Тәжікстан компартиясы бірінші хатшысы Қаххор Махкамов Совет Одағы компартиясының XXVII съезінде сөйлеп тұр. Мәскеу, 28 ақпан 1986 жыл.
Тәжікстан компартиясы бірінші хатшысы Қаххор Махкамов Совет Одағы компартиясының XXVII съезінде сөйлеп тұр. Мәскеу, 28 ақпан 1986 жыл.

Осы аптада Тәжікстанның тұңғыш президенті Қаххор Махкамов қайтыс болды. ГКЧП оқиғасынан кейін биліктен кетуге мәжбүр болған ол өз уақытының «ақиқатын айта алмаймын» дейтін.

Бұрынғы Тәжік ССР-ін 1985-1991 жылдары Тәжікстан коммунистік партиясы бірінші хатшысы және президент ретінде басқарған Қаххор Махкамов биліктен кетсе де елден кетпеді. Соғыс кезінде де Душанбеде қалған ол 1999 жылы өмір бойына сенат депутаты болып тағайындалды. Республика басшылығындағы қызметі оны СССР орталығы Мәскеуден тағайындалған сенімді функционер ретінде танытты. Ол қарапайым өмір салтын ұстанды. Советтік Тәжікстанның тұңғыш президенті 2016 жылы 8 маусым күні 84 жасқа қараған шағында дүние салды. Қаххар Махкамов - Орталық Азияда парламент қысымынан кейін биліктен кеткен тұңғыш президент.

Ол бұрынғы Ленинабад, қазіргі Ходжентте туып өскен. Билік басындағы солтүстік аймақтың өкілі ретінде танымал. Еңбек жолын 1961 жылы кен инженері ретінде бастаған. 1985 жылы Совет Одағындағы «қайта құру», «жариялылық» дәуірінде Тәжікстан компартиясы бірінші хатшысы болып тағайындалған оны 1990 жылы қарашада парламент президент қызметіне сайлады. Қаххар Махкамов 1991 жылы Мәскеудегі ГКЧП (төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет) оқиғасынан кейін қызметтен кетті. 1991 жылы 19 тамызға қараған түні Совет Одағының бірқатар жоғарғы лауазым иелері құрған ГКЧП «Тәуелсіз мемлекеттер Одағын құру» туралы келісімге қол қойдырмай, СССР-дің күйреуіне жол бермеуге тырысты.

«АҚПАН ОҚИҒАСЫ» ЖАЙЛЫ АЛҒАШҚЫ СӨЗ

1990 жылы 12-14 ақпанда Душанбеде халық жиналып «өздеріне баспана жетпей жатқанда» зілзаладан (1988 жылғы Армениядағы Ленинабад, Спитак жерлерінде болған – Азаттық) зардап шеккен армяндарға «кезектен тыс үй берілгеніне» наразылық білдірген. Бұл наразылық «ақпан оқиғасы» ретінде белгілі. Махкамов 2011 жылы BBC-ге берген сұхбатында елге сол күндері келген армян отбасыларына үй берілмегенін және олардың оқиғадан кейін елден кеткенін айтқан.

Душанбедегі билікке наразылық шеруі. Ақпан, 1990 жыл.
Душанбедегі билікке наразылық шеруі. Ақпан, 1990 жыл.

Ол 2014 жылы Душанбеде журналистермен кездесуінде бұл оқиғаның астарын кеш түсінгені туралы әңгімелейді. Сол күндері ол екі рет наразы топтың алдына шығып, жағдайды түсіндірмек болған. Екінші рет топ алдына шыққанда оған наразылардың бірі галош лақтырған. Қаххар Махкамов осы оқиға алдында Тәжікстанның екінші хатшысы Петр Лучинскийдің ешкімге тіс жармастан Мәскеуге ұшып кеткенін кеш білгенін айтады.

Айтуынша, осы оқиға кезінде ол Мәскеуден келген СССР ішкі істер министрі және партиялық бақылау комитетінің төрағасы Борис Пугомен (кейін ГКЧП мүшесі болып, өз-өзіне қол салған – Азаттық) бірге 15 адамдық халықтық комитетімен кездесу өткізген.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, «ақпан оқиғасында» ол наразы топтың талабына сай отставкаға кететін айтып, хаттамаға қол қойып, телеарнадан жариялағанымен кейін бірінші хатшы ретінде қызметін жалғастыра берген. Азаттық радиосы Тәжік қызметінің хабарлауынша, оқиға куәгерлері Махкамов отставкасын жариялаған соң наразыларға оқ атылды дейді.

Душанбе көшесіндегі әскери техника. Ақпан, 1990 жыл.
Душанбе көшесіндегі әскери техника. Ақпан, 1990 жыл.

Бұл оқиғада 25 адам құрбан болып, 150-ден астам адам жараланды. Оқ атқандар Мәскеуден жіберілген «Альфа» тобы екендігі айтылады. Махкамовтің айтуынша, бұл оқиға «екінші хатшы Лучинскийдің араласуымен бір жыл бұрын жоспарланған».

2014 жылғы журналистерге берген кеңейтілген сұхбатында Қаххар Махкамов «ақпан оқиғасы» жайлы көп алдында алғаш сөйлеп отырғанын айтқан.

1990 жылғы «Ақпан оқиғасы» Тәжікстандағы парламент сайлауы алдында көрініс беріп, кейін әртүрлі саяси топтардың араласуымен саяси реңкке ие болды.

ГКЧП СЕБЕП БОЛҒАН ОТСТАВКА

«ГКЧП алдында апта сайын Мәскеуге ұшумен болдық» деп еске алады Қаххор Махкамов 2014 жылғы журналистермен кездесуінде.

– Әр барғанда экономика мәселесін талқылаймыз. Мәселе әр республика тәуелсіз болады дегенге сайды. Одақ құрамындағы республикалар болашақта шетелдермен дербес экономикалық байланыс орната алады дестік. Өз шекарасы болғанымен елдер СССР шекарасы қарамағында қалады. Темір жол, энергетика, халықаралық байланыс мәселесін шешу одақ жетекшілігінде қалады деген ұйғарым болды, - дейді ол.

СССР президенті, Совет одағы коммунистік партиясының бас хатшысы Михаил Горбачев партияның соңғы, 28-съезінде сөйлеп тұр. Мәскеу, 10 шілде 1990 жыл.
СССР президенті, Совет одағы коммунистік партиясының бас хатшысы Михаил Горбачев партияның соңғы, 28-съезінде сөйлеп тұр. Мәскеу, 10 шілде 1990 жыл.

«Тәуелсіз мемлекеттер Одағын құру» келісіміне меңзеген ол одақтас елдердің осы құжатқа қол қою графигі белгіленгенін айтады.

– График бойынша біз бірінші баруымыз керек, кезегіміз 21 тамызға белгіленген. Бізбен бірге Қырғызстан және Украина басшылары барып екіжақты келісімге қол қоюымыз керек еді. Біз делегация құрамын жасақтап, әзірленіп жатқанымызда 19 тамызда ГКЧП оқиғасы болды. 19-ында «Мәскеуде пленум болады, келіңдер» деген хабар жетті. Сол күні түнде Мәскеуге Орталық комитетке бардым. Барсам, ешкім жоқ. Пленум қайда болады десем, ешкім ештеңе білмейді. Сағат төртке дейін сонда болдым да, кешкі рейспен кері қайттым, - деп еске алады Қаххор Махкамов.

ГКЧП мүшелері (солдан оңға): СССР ішкі істер министрі Борис Пуго, СССР вице-президенті Геннадий Янаев және СССР қорғаныс кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Олег Бакланов баспасөз мәслихатында. Мәскеу, 19 тамыз 1991 жыл.
ГКЧП мүшелері (солдан оңға): СССР ішкі істер министрі Борис Пуго, СССР вице-президенті Геннадий Янаев және СССР қорғаныс кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Олег Бакланов баспасөз мәслихатында. Мәскеу, 19 тамыз 1991 жыл.

«ГКЧП мақсатын түсінбедім» деген Махкамовты Тәжікстанда қарсыластары ГКЧП-ны жақтады деп жариялайды. Айтуынша, тамыздың 29-ында Тәжікстан жоғарғы советінің сессиясы өтіп, депутаттар оның қызметтен кетуін талап еткен. Сонда жалғыз депутат – Юсуф Ахмедов қана Махкамовты жақтап сөйлеген.

– Парламенттің алдына да 5-6 сағат бойы адамдар жиналып тұрып алды. Осылайша елдің болашағын ойламайтын депутаттар әрекетінен соң қызметтен кеттім. Бірақ осы әрекеттеріңіз үшін өкінетін боласыздар, сол кеткеннен бір күн де саясатқа араласпаймын дедім. Саясаттан өткен лас нәрсе жоқ, - дейді Қаххор Махкамов.

Бұрынғы советтік Тәжікстанның тұңғыш президенті Қаххор Махкамов (оң жақта) журналистке сұхбат беріп тұр. Душанбе, 27 қыркүйек 2013 жыл.
Бұрынғы советтік Тәжікстанның тұңғыш президенті Қаххор Махкамов (оң жақта) журналистке сұхбат беріп тұр. Душанбе, 27 қыркүйек 2013 жыл.

2014 жылы журналистерге берген кеңейтілген сұхбатында ол «кітап жазбайсыз ба?» деген сауалға «сол уақыттың ақиқатын жаза алмаймын. Менен кейін жазатындар болса, еріктерінде, дайын материалдарды пайдалана алады» деп жауап берген. Осы сұхбатында ол «бұрынғы совет елдері бәрібір бірігеді. Бәлкім атауы басқа болатын шығар» деген жеке пікірін де білдірген.

Қаххор Махкамов 1991 жылы 31 тамызда отставкаға кеткен соң 9 күн өткенде Тәжікстан тәуелсіздігін жариялады.

Орталық Азия елдерінің басшылары тәуелсіздік алғаннан бері мәжбүрлі түрде немесе қайтыс болған кезде ғана қызметтен кетіп отырған. Тәжікстанның Махкамовтан кейінгі президенті Рахман Нәбиев 1992 жылы оппозицияның қысымымен отставкаға кетті. 2005 жылы – Асқар Ақаев, 2010 жылы – Құрманбек Бакиев «қызғалдақ революциясынан» кейін Қырғызстан президенті қызметінен қуылды. 2006 жылы Түркіменстан президенті Сапармұрат Ниязов қайтыс болды. Тек Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Ислам Каримов қана совет дәуірінен бері мызғымай басшылықта отыр.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG