Қардан бұрын жаңбыр жауады. Әскер паналайтын окопқа су толып қалады. Етігімен су кешкен жауынгерлердің аяғы тоңады. Күтімі дұрыс болмаса, аяз қарыған аяқтың ауруы асқынып, гангренаға айналуы мүмкін.
Артынан жер қатып, окоп қазу да қиындай түседі.
Ресейдің Украинаға қарсы соғысында қысқы кезең басталды: қиян-кескі шайқас оңтүстіктен шығыстағы Донбасқа қарай ауысты. Ресей әскері Бахмутты бомбалап, Украина қарулы күштері солтүстіктегі позициясын сақтап қалуға тырысып жатыр.
Соғыстың қазіргі кезеңіндегі маңызды элемент – аяз. Суықтан әскердің берекесі қашып, көлік құралдары мен қару-жарақ істен шығып, соғыс қимылын жүргізу стратегиясы бәсеңдеді.
Әскери сарапшылар соғыс ауа-райына байланысты көктемге қала ма, әлде бұл жағдай бір тараптың пайдасына шешіле ме деген сұраққа жауап іздеп отыр.
Қай тарап басым түссе де, бұл соғыстан айлар бойы майданда жүрген жауынгерлер зардап шегеді.
"Суық пен зәк жерде жүру сұмдық, бұған еш күмән жоқ", — дейді 2014-2018 жылдары Еуропадағы АҚШ әскерін басқарған отставкадағы генерал Бен Ходжес.
"Ауа-райын өзгерте алмайсың, батпақтың аты — батпақ. Бұған ештеңе істей алмайсың, тіпті технология да көмектеспейді", — деді ол Азаттыққа берген сұхбатында.
"Бірақ украиндарға қарағанда орыстарға қиын болады. Материалдық тұрғыдан алғанда, әскерге жаңа қосылған, жылы киімі жоқ жауынгерлер ұжымға қосыла алмайды, — дейді ол.
ОКОПТАҒЫ АЗАП
Украинаның солтүстік-шығысы мен шығысына қар жауып, көп өңірде ауа температурасы нөлден төмендей бастады.
Ресейдің зымыран соққысынан елдімекендерді жарықпен және жылумен қамтамасыз етіп отырған инфрақұрылымдар істен шыққан. Сондықтан миллиондаған адамға үйін жылытып, телефонын қуаттап, дәретхана суын ағызу мұң болып отыр.
Сарапшылар окоптағы жағдай тіпті қиын дейді.
"Окопка түсудің өзі үлкен қателік. Бұл жазда да, қыста да ең нашар жер. Орманды жерде әскерді бір жерде ұстамай, таратып жіберу керек, — дейді Финляндияның әскери офицері, Хельсинкидегі ұлттық қорғаныс университетінің профессоры, полковник Янне Макитало.
"Окоп қазу заманауи соғыс әдісіне жатпайды. Өйткені айналада дрондар ұшып жүреді, олардан жасырыну мүмкін емес", — дейді ол.
Батыс барлау қызметінің өкілдері күн суыған сайын әскери қимылдар қарқыны бәсеңдейді деп топшылаған.
"Кикілжің қарқыны басылып қалды. Алдағы айларда да осылай болады деп күтеміз, — деді АҚШ-тағы ұлттық барлау қызметінің директоры Аврил Хейнс.
Кей сарапшылар бұл пікірге қосылмайды.
Жердегі ми батпақ тобарсып, қатқан кезде танктер мен ауыр техниканың жүруі жеңілдейді. Украина Қарулы күштері шығыс бөлімшесінің спикері Сергей Череватый осылай деді.
Ол Украина қорғаныс министрлігінің ақпарат агенттігі – "Армия-Информ" басылымына берген сұхбатында "Қысқы соғысқа дайын болу үшін қолымыздан келгенді жасап жатырмыз. Техникамызды қысқы режимге ауыстырып, бөлімшеге жылы киімдер, жылынуға, демалуға арналған құрал-жабдықтар тараттық" деген пікір айтқан.
Вашингтондағы соғысты зерттеу институтының 4 желтоқсанда жариялаған баяндамасында "Қыс Украинадағы механикалық әскери қимылдарға таптырмас маусым. Көктем соғысқа мүлде қолайсыз. Қар ерігенде өзен суы тасып, жердің бәрі батпақ болады. Украина әскері суық кезді пайдаланып, ілгері жылжуға тырысып жатыр" делінген.
Қыстың келуімен әскердегі өмір де қиындай түсті: окопта, батпақта, қар бетінде із қалады, ал орманда жапырағы түскен жалаңаш ағаштардың арасынан дрондар тасада жатқан жауынгерлер мен техниканы көріп қояды.
"Бәрі баяу жүріп жатыр. Суықтан әскердің әл-дәрмені құрып, шаршайды", — дейді Ходжес.
Расталмаған деректер бойынша, Ресей әскерінде қарапайым киім, суық ауа-райында тірі қалып, соғысуға қажетті құрал-жабдық тапшы. 21 қыркүйекте Путин ішінара мобилизация жариялап, жүздеген мың адамды әскерге алдырған соң, майданға тауар жеткізу қиындаған.
Жақында әскерге алынған жауынгерлер Telegram-да жылыну үшін пешті өздері сатып алғанын айтып, шағынған. Ресей Солтүстік Кореяның тігін фабрикаларынан көмек сұрап, жауынгерлеріне ішкиімдер мен қысқы форма тіккізіп жатыр деген хабар бар.
"Жаңадан қосылған жауынгерлердің қолында жаңа құралдар жоқ. Қыста майданда кроссовкимен жүрген адам жауынгер емес" дейді Макитало ондай сарбаздың оңай нысанаға айналатынын айтып.
Ресей қауіпсіздік күштері бойынша сарапшы Марк Галеотти Daily Telegraph берген сұхбатында "Ресей өз жауынгерлерін 1960-1970 жылдардағы Совет әскері сияқты киіндіреді" деген.
"Мұндай жағдайда Ресей майданда үлкен жеңіске жетеді деп ойламаймын.
Ресей әскері тәртіп пен бірліктің жоқтығынан да зардап шегіп отыр. Көктемнен бастап басшыға бағынбау, әскерден қашу туралы ақпарат көбейді. Ресейлік медиа командирдің бұйрығына бағынбай кері шегінген әскерді қайтадан соғысқа жұмсап, артқа жібермейтін отрядтар пайда болғанын жазды".
"Қыста жауынгерлердің ағзасындағы су мөлшері азайып кетпеуін қадағалау керек. Тәртіп бұзылса, жауынгерлер арасында ауру тарайды, — дейді Ходжес.
Ресей көктемге дейін қазіргі позициясын сақтап қалуға тырысуы мүмкін. Өйткені қазір мобилизация кезінде әскерге алынған 300 мың азамат дайындықтан өтіп, әскери форма алып жатыр. Ресей осы адамдардың есебінен әскер санын көбейткісі келеді.
Вашингтондағы тағы бір талдау орталығы – Атлант кеңесінің өткен айда жариялаған есебінде "Ресей қыста осыған дейін басып алған жерлерінде қалып, көктем жақындағанда әскерге жаңадан қосылған күшпен бірге жаңа майдан ашуы мүмкін" делінген.
"Орыс жауынгерінің қайсарлығын қате бағалауға болмайды. Тарихта болған соғыстардың көбінде орыстар жеңіліп жатса да, жігері мұқалмай, соңына дейін шыдаған, — деді Лондондағы патша колледжінің әскери зерттеулер профессоры Лоуренс Фридман.
ПЕШ, ПАЛАТКА, ЕТІК, ҚОЛҒАП
Украиндар батыстағы одақтастарының көмегіне арқа сүйеп отыр. Батыс елдері қару-жарақ пен оқ-дәрі ғана емес, қысқы киім-кешек пен құрал-жабдық та жіберген. Ұлыбританияның қорғаныс министрлігі Украинаға 195 000 мың дана жылы киім, Канада 500 000 мың дана қысқы форма жібергенін мәлімдеді.
Өткен айда Пентагон Украинаға 200 электр генераторын, оған дейін палатка, жылытқыш пеш, суық ауа-райына арналған мыңдаған құрал-жабдық жібергенін хабарлаған.
Макитало "Ресей әскерінің қоры үлкен; орыстардың оқ-дәрісі, жарылғыш заттары, зымыраны көп. Бұл тұрғыдан алсақ, Украина аутсайдер" деп есептейді.
"Украина әскеріне қысқы киім, бәтеңке, резеңке етік, қолғап жетпей жатыр. Бункерлерге арналған пештер, жылы палаткалар, ұйықтайтын төсек орындар жіберуге болады. Жауынгерлер тастай суық жерде жатпауы үшін астына төсейтін кілемшелер, аккумулятор, ноутбук, басқару жүйесі, дрон және ұялы телефондарды қуаттауға арналған генераторлар да қажет", — дейді ол.
Суықтан бронемашина, танк, жүк көлігі сияқты ірі техниканың майы қатып, резеңке төсемелері жарылады.
"Қыста техникалық қызмет көрсету қиын. Артиллерияға арналған әртүрлі жағармай болуы керек. Дөңгелекке дұрыс қысым түсуін қадағалау қажет. Әскерге жақсы логистика жүйесін ойластыруға тура келеді", — дейді Ходжес.
Макиталоның айтуынша, қыста майданда қолданылатын әдістер де өзгереді: фин әскери қызметкерлері жауынгерлерді суықта соғысуға дайындаған кезде оларға палаткадан шығарда мылтықтың оқпанын майдан тазалауға үйретеді. Олай жасамаса, металда конденсат пайда болып, қатып қалады. Осыдан мылтық бұзылады.
"Майдандағы жағдайды ескеріп, қазір Украинаға барсам, жақсы командир бола алмас едім деп ойлаймын", — дейді Макитало.
ПІКІРЛЕР