Accessibility links

Абай облысындағы ауылда 9-сыныптың екі оқушысы өзіне қол салып, біреуі көз жұмды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Абай облысы Жарма ауданы Үшбиік ауылында 9-сыныптың екі оқушысы өздеріне қол салып, біреуі көз жұмды.

Abai news телеграм каналының жазуынша, олар жоғары сыныптың оқушыларынан әлімжеттік көргендіктен өздеріне қол салған.

"Қайтыс болған баланың сыныптасының айтуынша, 11-сынып оқушылары оларды бірнеше рет ұрып, психологиялық қысым жасаған. Ал мектеп басшылығы мен мұғалімдер әлімжеттік жайлы білсе де, шулатпайық деп мұны жасыруға тырысқан" деп жазды телеграм канал оқушылардың шешелерінің сөзіне сілтеп.

Оқиғадан бір күн бұрын 11-сынып оқушылары 9-сыныптың үш оқушысын ұрып, біреуі ауруханаға түскен, ал екеуі өзіне қол салмаққа ұмтылғаны айтылған еді. Жарма ауданы білім бөлімі бұл ақпаратты жоққа шығарады, бірақ оқушылар төбелескенін растап, төбелес басқа оқушылар арасында болды деп отыр.

"Суицид фактісі бойынша әлі тексеріс жүріп жатыр, тергеу аяқталған жоқ. Сондықтан қандай да бір шешім шығаруға болмайды, бұл іс ІІМ жеке бақылауында. Қаза тапқан оқушының анасы тергеу нәтижесін күтпей Алматыға барып, журналистерге оқиғаға қатысты сұхбат берген. Онда манипуляция көп. Бәлкім, анасы баласын суицидке дейін жеткізуі мүмкін, енді басқаны айыпты еткісі келеді" деген білім бөліміндегілер Abai news порталына.

Жарма ауданы білім бөлімі қайтыс болған бала оқыған мектептің директоры мен сынып жетекшісі жұмыстан қуылғанын хабарлады. Абай облысы полиция департаменті бұл іс бойынша "Өзіне қол салу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Қазақстан суицид бойынша әлемде үшінші орында, ал Орталық Азияда бірінші орында тұр. Қаңтар-қыркүйек арасында елде жүзден аса жасөспірім өзіне қол салғаны хабарланды. Сарапшылар оқушылар арасындағы суицидке әлімжеттік себеп дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG