Accessibility links

"Жаңа Қазақстандағы" ескі басшылар. Сайлауды желеу етіп, әкімді қайта тағайындау


Даниал Ахметов (оң жақта) мемлекеттік басқару аппаратындағы ардагерлердің бірі саналады. Бұрын премьер-министр, қорғаныс министрі болып істеген шенеунік кейінгі сегіз жылдан бері Шығыс Қазақстан облысы әкімі қызметінде отыр.
Даниал Ахметов (оң жақта) мемлекеттік басқару аппаратындағы ардагерлердің бірі саналады. Бұрын премьер-министр, қорғаныс министрі болып істеген шенеунік кейінгі сегіз жылдан бері Шығыс Қазақстан облысы әкімі қызметінде отыр.

Кезектен тыс президент сайлаудан кейін республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдерінің басым көпшілігі бұрынғы қызметінде қалды. Билік сайлауды саяси жаңғырудың маңызды кезеңі деп түсіндірген еді. Ақорда әкім тағайындау механизмін (биліктің тілінде "жанама сайлау") бір орталықтан басқарудан өзге жолға бастайтын қадам деп атайды. Ал сыншылар мұны сырттай ғана сылап-сипауға теңейді.

"Кет!" деген айқай-шу мен ысқырған, ұрандаған көпшілік. Былтыр Жаңаөзенде наразылыққа шыққан топ Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты алаңнан қуып жіберді. 2022 жылдың басында мұнай өндірісі арқасында күн көретін моноқалада сұйылтылған газдың қымбаттауына жұрт наразылық білдіріп, алаңға жиналған. Әуелі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтерген халық көп ұзамай саяси тақырыптарға көшіп, әкімдерді халық өзі сайласын деген талап айта бастады.

Наразылар "Әкімді халық сайлауы керек! Бізге астанадан келген ақсаусақтар мен біреудің қуыршақтары керек емес!" деп айқайлады.

Үкіметке наразылық білдіріп алаңға жиналған адамдар Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа (оң жақта) талабын айтып тұр. Жаңаөзен қаласы, 3 қаңтар 2022 жыл
Үкіметке наразылық білдіріп алаңға жиналған адамдар Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа (оң жақта) талабын айтып тұр. Жаңаөзен қаласы, 3 қаңтар 2022 жыл

Жаңаөзенде басталған наразылық Қазақстанның басқа өңірлеріне тарап, жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Әскерилер күш қолданып, халыққа оқ атты. 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан кейін билік "елге саяси реформа керек" деп мәлімдеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай реформалардың бірі ретінде әкімдерді "жанама сайлауды" ұсынған еді.

Маусымда референдум өтіп, Конституцияға өзгеріс енгізілді. Оның ішінде әкімдер туралы түзетулер де болды. Бұрын президент облыс, астана мен республикалық маңызы бар қала мәслихаттарына болашақ әкімнің кандидатурасын ұсынатын (президенттің ұсынысын кері қайтарып көрген емес). Енді ұсынылатын кандидаттар саны екеуден кем болмауы керек.

Бес айдан кейін Қазақстан кезектен тыс президент сайлады. Бақылаушылар сайлау алдын ала сызылған сценарий бойынша өтті деген пікірде. Сайлаудан кейін 17 облыс пен үш мегаполис басшысы әкім қызметін атқарушы деген статусқа ие болды.

ӘКІМДЕРДІҢ 70 ПАЙЫЗЫ ӨЗ ОРНЫНДА ҚАЛДЫ

Билік жаңа әрі әділ Қазақстан құрамыз деп жариялаған соң, халыққа өңір және қала әкімдерінің орнына кімдер келетіні қызық болды. Желтоқсанның басында 20 әкімнің 14-і өз орнында қалды. Олардың қатарында қаңтарда халық алаңнан қуып, қызметінен кетуін талап еткен Нұрлан Ноғаев та бар.

2006 жылдан бері мемлекеттік қызметте жүрген Ноғаев Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының әкімі, энергетика министрі болған. Бірақ жылы орнын сақтап қалған әкім жалғыз ол емес.

Сайлаудан кейін төрт әкім ғана қызметінен кеткен. Екі әкім басқа өңірге ауысқан.

Астананы басқарған жылдары көп балалы аналар, үлескерлер мен экобелсенділердің сынына қалған Алтай Көлгіновтың қызметі жоғарылады. Тоқаев оны премьер-министрдің орынбасары етіп тағайындады. Көлгіновтың орнына осыған дейін Қарағанды облысын басқарған Жеңіс Қасымбек келді.

2015 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев тағайындаған Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов та қызметінен босатылды. Ол әкім болған жылдары қол астындағылар жемқорлық айыбымен ұсталып, өңір су тасқынына дайын болмай шықты, ал апат кезінде жергілікті билік үнсіз қалды. Мұхамбетов қызметінен кетер алдында Әулиекөл ауданында ірі орман өрті болды. Әкімнің отставкасына оның төтенше жағдай кезіндегі жұмысы ықпал еткен сияқты.

2020 жылдың қаңтарынан бастап Павлодар облысын басқарып келген Әбілқайыр Ысқақов та енді әкім емес. Кей адамдар мұны Екібастұз жылу электр станциясындағы апатпен байланыстырады. Апат салдарынан қаладағы жүздеген үй 30 градус аязда ыстық су мен жылусыз қалған. Екібастұзда төтенше жағдай жарияланды, апат салдарымен жұмыс әлі жалғасып жатыр. Ысқақовтың орнына бұрынғы банкир, кәсіпкер, 2020 жылы мемлекеттік қызметке кірісіп, осыған дейін Павлодар қаласының әкімі болып үлгерген Асайын Байханов отырды.

2019 жылы Тоқаев билікке келгеннен кейін Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған Ғали Есқалиев те лауазымынан айырылды. Оның орнын кейінгі бес жылда сенатта істеген, халық онша жақсы танымайтын Нариман Төреғалиев басты.

Бір қызығы, Тоқаев әкім қызметіне ұсынған кандидаттар арасында бір де бір әйел жоқ. Былтыр президент гендерлік квота бөлу туралы ұсыныс жасап, партиялық тізімнің 30 пайызы әйелдер мен жастар үлесіне тиюі керегін айтқан.

НАЗАРБАЕВТЫҢ КАДРЛАРЫ

Билік "Жаңа Қазақстанға" бет бұрып, Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев мұрасынан арылуға талпынғанымен, "жаңадан тағайындалған" әкімдердің көбі мемлекеттік қызметке сол Назарбаевтың тұсында келген.

Мемлекеттік аппарат ардагерлерінің бірі Шығыс Қазақстан облысының әкімі, 68 жастағы Даниал Ахметов бұрынғы орнында қалды. Ол өңірді 2014 жылдан бері басқарып отыр. 2017 жылы Ахметов зейнетке шыққан. Назарбаев бұрын премьер-министр, қорғаныс министрі болған Ахметовтың құзыретін 2022 жылға дейін ұзартқан. Енді Тоқаев оны ШҚО әкімі қызметінде қалдырды. Кейінгі жылдары әкім кәсіпкерлердің арызымен сотқа шақырылып, жемқорлық даулары жайлы журналистік зерттеулерді жоюды талап еткен. Ал Ахметовты сынаған блогерлер қылмыстық қудалауға ұшырап, қамауға алынған.

Ақтөбе облысының әкімі қызметінде қалған 59 жастағы Ералы Тоғжановтың мемлекеттік аппаратта жүргеніне 20 жылдан асты. Оның тоғыз жылын Қазақстан халқы ассамблеясында хатшылық төрағасының орынбасары болуға арнады. 2017 жылы бұрынғы президент оны Маңғыстау облысының әкімі етіп тағайындаған. Тоғжанов өңірді екі жыл басқарды.

Ералы Тоғжановтың мемлекеттік қызметте жүргеніне 20 жыл болған. Ақтөбе облысына әкім болып тағайындалғанға дейін премьер-министр орынбасары, Маңғыстау облысы әкімі болып істеген.
Ералы Тоғжановтың мемлекеттік қызметте жүргеніне 20 жыл болған. Ақтөбе облысына әкім болып тағайындалғанға дейін премьер-министр орынбасары, Маңғыстау облысы әкімі болып істеген.

Саяси алаңда бұрыннан жүрген 57 жастағы Құмар Ақсақалов өзі бес жыл еңбек еткен Солтүстік Қазақстан облысынан Қостанай облысына ауысты. Ақсақалов мемлекеттік қызметтегі жолын 1990-жылдары аудан әкімі болудан бастаған. Содан бері біраз уақыт президент әкімшілігінде, "Нұр Отан" партиясында жоғары қызметтерде істеген.

Әкімді билікке адалдығы мен пайдасына қарап тағайындайды. Олардың жемқорлыққа қатысып, өзіне бөлінген аймақты дұрыс басқара алмағаны маңызды емес. Президент тағайындаған әкім қоғамның сұранысын елемейді, облыс пен қала тұрғындарынан алшақ өмір сүреді, дейді саясаттанушы Димаш Әлжанов.

Сарапшы бұл жағдайды Тоқаевтың шынайы өзгерістер енгізуге құлықсыздығымен байланыстырады. Ол Назарбаевтың орнына келген президент ескі бюрократтарға арқа сүйеп отырғанын айтады.

Жеңіс Қасымбектің әкімдер қатарына қосылғанына көп болған жоқ. Үш жыл бұрын Тоқаев оны Қарағанды облысының басшысы етіп тағайындаған. Оған дейін үкіметте істеген. Назарбаевтың тұсында көлік және коммуникация, кейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігін басқарған. Жеңіс Қасымбек – көп жыл президент кеңсесін басқарған Махмұд Қасымбектің ұлы. Назарбаевтың отставкасынан кейін Махмұд Қасымбек бірінші президент кеңсесінің басшысы қызметіне ауысқан.

Алматының әкімі Ерболат Досаев көп сынға қалғанымен, қызметінен босаған жоқ. 2014 және 2015 жылдары екі рет теңге құнсызданғанда, Досаев ұлттық экономика министрі еді. Ол теңгенің бір сәтте девальвацияға ұшырауы ықтимал деген болжамды жоққа шығарған. Бірақ министрдің айтқаны келмеді, ұлттық валюта күрт құнсызданды. Соған қарамастан, Назарбаев көп ұзамай Досаевты премьер-министрдің орынбасары, кейін Ұлттық банк төрағасы етіп тағайындады. Ол Ұлттық банкте 2022 жылы қаңтардың аяғында Алматы әкімі болғанша істеді.

Досаев әкім болып тағайындалғанда алматылықтар наразылыққа шықты. Ақпанда әкімнің өзі рұқсат берген митингіде "Досаев, кет!" деген ұрандар мен әкімді тікелей сайлау туралы талаптар айтылды.

21 ғасырда әкім сайлау құқығының болмауы, осы үшін митингіге шығып отырғанымыз ақылға сыймайды. "Күте тұрыңдар, әлі ерте" деген уәдеге тойдық. Қалай ерте? Қала мен облыс әкімдерін сайлауға хақымыз бар. Бізге халық сенетін сайлау жүйесі керек, деді митингіде сөйлеген экономист Рақым Ошақбаев.

Әкімді халық сайласын деген талаппен митингіге шыққан адамдар. Бұл акция Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы әкімі етіп Ерболат Досаевты тағайындағаннан кейін өтті. Алматы, 5 ақпан 2022 жыл
Әкімді халық сайласын деген талаппен митингіге шыққан адамдар. Бұл акция Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы әкімі етіп Ерболат Досаевты тағайындағаннан кейін өтті. Алматы, 5 ақпан 2022 жыл

БИЛІКТІҢ "ЖАНАМА САЙЛАУЫ"

Әкімді халық төте дауыс беру жолымен өзі сайласын деген талап бұрыннан айтылып келеді. Бірақ Қаңтар оқиғасынан кейін бұл талап тіпті күшейді. Саясаттанушы Димаш Әлжанов "Ақорда әкімді "жанама сайлау" деп атайтын механизмнің шын мәніндегі жанама сайлауға қатысы шамалы" дейді.

– Жанама сайлау дегеніміз жергілікті мәслихаттың партиялар мен депутаттар ұсынған кандидаттар арасынан әкім таңдауы. Мұндай жүйе Испания, Финляндия, Дания мен басқа да демократиялы елдерде бар. Оларда қалалық немесе муниципалды үкіметті жергілікті кеңес басқарады. Әкім президентке емес, осы кеңеске бағынады. Президент әкім сайлау процесіне мүлде араласпайды, өйткені бұл жергілікті өзін-өзі басқару саласы, дейді Әлжанов.

Саясаттанушының пікірінше, елде әлі де әкімді президенттің өзі тағайындайтын жүйе жұмыс істейді. Ал мәслихаттар іс жүзінде ғана мақұлдағандай болады. Өңірдегі депутаттардың қолында билік те, автономия да жоқ.

Қазақстандық "Информбюро" басылымы 17 мәслихат депутатының президент ұсынған кандидаттарға дауыс беру процесін талдап, бір де бір өңірде бәсеке болмаған деген қорытындыға келген. Жеңілген кандидаттар мен әлсіз шенеуніктер орташа есеппен 21 пайыз дауыс алған.

Әлжанов президент әкім қызметіне ұсынған екінші кандидат бәсеке имитациясы үшін ғана қосылады дейді.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов.

Саясаттанушы Қазақстанға кешенді реформалар керек деп есептейді. Ол саяси жүйені өзгертіп, әділ сайлау механизмін енгізіп, шынайы өзгерісті сайлау мен жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнан бастау керегін айтады. Тоқаевтың аталған заңдарға енгізген, "демократизацияға қадам" деп атап жүрген түзетулерін сыншылар авторитар биліктің табиғатын өзгертпейтін "опа-далап жағып, сырттай сылап-сипауға" теңейді.

Димаш Әлжановтың сөзінше, билік реформа жүргізіп, әкім сайлауға дайын емес. Ол мұны биліктің бақылаудан айрылып қалам ба деген қорқынышымен байланыстырады.

Әкімді халық төте дауыс беру жолымен өзі сайлайтын болса, саяси алаңды жікке бөліп, жергілікті және ұлттық деңгейде көптің арасынан жеке дара ойыншылар суырылып шығады. Бұл президент вертикалін жойып, режимнің ауысуына ықпал етеді. Сайланған әкім президент билігін шектеп, жергілікті деңгейде саяси өлшем қалыптастырады. Бұл бір орталықтан басқаруға үйренген диктатордың өмірін қиындатады, дейді саясаттанушы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG