Accessibility links

Өмір бойына сотталған Челах "Арқанкергенде не болғанын ашық айтуға дайын"


Владислав Челах сотта отыр. 2012 жылдың желтоқсаны.
Владислав Челах сотта отыр. 2012 жылдың желтоқсаны.

Арқанкерген шекара бекетінде 15 адамды өлтірді деген айыппен 2012 жылы өмір бойына сотталған Владислав Челах Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды.

Челах Тоқаевтан тергеу процесін қайта бастап, өзінен "жалғыз куәгер ретінде" жауап алуды сұрайды.

"Құрметті президент, көп жыл өтсе де қайғылы оқиға жайлы қайта айтуға дайынмын. Менің бар сұрарым, мені тыңдап, маған мүмкіндік берсеңіздер. Қалай болғанын айтқым келеді және бәрін айтуға дайынмын. Тергеушілерге де бәрін айтуға дайынмын. Оқиғаның қалай болғаны сол күйі ашылмай қалды" деп жазған Челах президентке хатында.

Челах хатында шекара бекетіне "шабуыл жасалғаны жайлы" жазады. Ол сот кезінде де осы нұсқаны айтқанымен, сот оның сөзін қарастырмаған.

Түрмеден жазылған хатты Азаттыққа Челахтың туыстары берді. Жақындарының сөзінше, Челах хатын президентке электронды түрде жіберген. Хат қаңтарда қаралатыны көрсетілген.

Челах президентке қайырылған хатында "жасамаған қылмысы үшін" өмір бойына қамалғанын жазады. Ол БҰҰ Адам құқығы комитетінің Қазақстан билігін Челахқа қорғануға мүмкіндік жасауды ұсынған шешімін де еске салған.

2012 жылы 30 мамырда Алматы облысындағы Арқанкерген шекара бекетінің өртенген орнынан 14 шекарашы мен бір қорықшының мәйіті табылған. Тірі қалған жалғыз шекарашы Владислав Челахтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, 2012 жылғы желтоқсанда сот оны өмір бойы бас бостандығынан айырған.

Челахқа Қылмыстық кодекстің "Екі және одан көп адамды өлтіру", "Жеке заттарды ұрлау", "Құпия құжаттарды ұрлау", "Қару ұрлау" және "Заңсыз қару ұстап жүру" тәрізді барлығы тоғыз бап бойынша айып тағылған.

2017 жылы қарашада БҰҰ-ның Адам құқығы комитеті Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабын бұзып, Челахты өз ісін "әділ және бейтарап сотта қарау құқығынан айырды" деген ұйғарым шығарған. Комитетке шағымды оның адвокаты Серік Сәрсенов (ол 2018 жылы наурызда қайтыс болған) дайындаған.

Кейінгі 10 жылда қоғамда Арқанкерген оқиғасына қатысты сырттан шабуыл, контрабандистер, террористік топ сияқты әртүрлі болжамдар айтылған. Тіпті бұл қантөгісті күш құрылымдары арасындағы бәсекемен байланыстырғандар да болған. Ол кезде (28 мамыр – Шекарашылар күні) заставаға жақын маңдағы аңшылық шаруашылығына жоғары шенді тұлғалар демалысқа барған, олардың арасында кикілжің туып, оның соңы қантөгіске ұласқан деген нұсқа да бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG