Accessibility links

Сот Қайрат Боранбаевты үйқамаққа жібермеді. Ал Боранбаев сотта "отбасы" туралы айтты


Қайрат Боранбаев, 9 ақпан, 2021 жыл
Қайрат Боранбаев, 9 ақпан, 2021 жыл

Астананың Сарыарқа аудандық №2 сотында "ақша жымқырды" деп айыпталған бизнесмен Қайрат Боранбаевтың ісі бойынша сот басталды. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы, ықпалды бизнесмен Боранбаев "квазимемлекеттік секторда аса үлкен көлемде қаржы жымқырды" деп айыпталып, биыл наурыз айында ұсталған.

Informburo.kz сайтының хабарлауынша, бүгінгі сот отырысында Боранбаевтың қорғаушысы оны үйқамаққа шығаруды сұраған. Сот бұл өтінішті қанағаттандырмаған.

Осы басылым ақпараты бойынша, сотта "АзияГазЧунджа" ЖШС сұйытылған газды сатып алу кезінде 14,5 млрд теңге ұрлады деп айыпталуы қарастырылып жатыр. Осы компания құрылтайшысы Қайрат Боранбаев Қылмыстық кодекстің "Қылмыстық құқық бұзуға көмектесу", "Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін жымқыру және жұмсау", "Ірі көлемдегі ақшаны заңдастыру" баптары бойынша жауапқа тартылып жатыр. Компанияның тағы бір құрылтайшысы Роман Нахановқа да дәл осындай айыптар тағылған. Ал Qazaq Gaz ұлттық компаниясы басқарма басшысы Тайыр Жанұзақ "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде жымқырды және жұмсады" деген бап бойынша айыпталған.

Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов қамауда отыр, ал Тайыр Жанұзақ үйқамақта. Сот шешім шыққанша айыпкерлердің бұлтартпау шарасын өзнгертпейтінін мәлімдеді.

Tengrinews-тің хабарлауынша, сотта сөйлеген Боранбаев өзін "сот шешімінсіз-ақ айыпты етіп шығарған" Қаржы мониторингі агенттігін сынаған. Президентке тікелей бағынатын Қаржы мониторингі агенттігі қылмыстық жолмен алған қаржыны заңдастыруға қарсы күресетін мемлекеттік орган. Боранбаевқа айып тағып, сотқа дейінгі тергеуді жүргізген – осы мекеме.

«Тоғыз ай бойы менің төңірегімде қызық жағдай болып жатыр. Қаңтар оқиғасы отбасындағылардың барлығына (Назарбаевтың туыстарына – ред.) әсер етті. Солардың бірі – менмін, мұны бәріңіз жақсы білесіздер. Конституцияда жазылған кінәсіздік презумпциясы бойынша, кінәсі дәлелденді деген сот үкімі күшіне енгенге дейін адам кінәсіз саналады. Бірақ тоғыз ай бойы Қаржы мониторингі агенттігі баспасөз хабарларында әріптесіммен бірге мені шығын келтірді деп айыптап келеді» деді Боранбаев сотта.

Осы ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Боранбаевтың қызы Алима сотқа оның қоғамдық қорғаушысы ретінде қатысқан.

Қайрат Боранбаев - елдің экс-президенті Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы. Боранбаевтың қызы Алима Боранбаева Дариғаның ұлы Айсұлтан Назарбаевпен некеде болған. Айсұлтан Назарбаев 2020 жылы қайтыс болды.

Боранбаев Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша, Қазақстандағы ең бай елу бизнесменнің қатарына кіреді. Байлығы – 519 миллион доллар. Ол 2000-2002 жылдары "ҚазТрансГаз" компаниясының атқарушы директоры және "Intergas Central Asia" коммерциялық директоры, 2006-2014 жылдары "ҚазРосГаз" компаниясының бас директоры болды.

Назарбаевтың бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев ұсталды ма? Қандай байлығы бар?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:19 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG