Accessibility links

Аннексияланған Луганскіде соғысқа барған алты сотталушы қашып кеткен


Ресей ішкі істер министрлігі Украинаның Луганск облысынан аннексиялаған аумақта орналасқан "Вагнер" қарулы тобының оқу-жаттығу лагерінен қашып кеткен алты адамға іздеу салды. Жоғалғандардың үшеуі – Өзбекстан, бірі – Қырғызстан азаматы. Олар жаттығу орнына келгенге дейін Ресейде түрмеде отырған. Іздеу салынғандардың түр-келбетін Donday басылымы жариялады, бұл жөнінде 1rnd.ru сайты да хабар таратты.

Donday жоғалғандардын аты-жөнін жарияламаған. Қашқындарға іздеу салу туралы ресми хабарда сотталушылардың 21-22 желтоқсанда қашып кеткені, олардың үшеуі – Өзбекстан, қалғаны Қырғызстан, Ресей және Беларусь азаматтары екені айтылған. "Царьград" басылымының хабарлауынша, жоғалғандардың қаруы бар және олар Ресей Қылмыстық кодексінің "Есірткі сақтау" бабымен сотталғандар болуы мүмкін.

Ішкі істер министрлігі де "Вагнер" әскери тобының басшысы Евгений Пригожин де оқиға туралы ақпарат құралдарына толық мағлұмат бермеді. Пригожиннің айтуынша, Украинаның аннексияланған аймақтарында және Ресейде "оңбағандарды көп ұстап жатыр", мұндай "қарулы адамдарды" Ресей гвардиясы, милиция және "әскери компанияның қауіпсіздік қызметі қолға түсірумен айналысады".

Бұдан бұрын Ресейдегі сотталғандар Украинадағы соғысқа қатысу үшін "Вагнер" қарулы тобының қатарына алынып жатыр деген ақпарат тараған. Оларға едәуір ақша төлеп, соғыс біткен соң рақымшылық жасауға уәде берген. Былтыр желтоқсанда АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби Вашингтонның болжамы бойынша, "Вагнер" тобында 40 мыңдай сотталушы қызмет етіп жатқан болуы мүмкін деген.

Өткен жылы Ресей құқық қорғаушылары "Вагнер" тобы Украинадағы соғысқа шетелдіктерді тарта бастағанын айтқан. Мәселен ресейлік құқық қорғаушы және саясаткер Ольга Романова Ресей түрмелерінде жазасын өтеп жатқан Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Беларусь азаматтары соғысқа аттанып жатыр деген хабар алғанын Telegram-арнасында жазған.

Бұған қоса Азаттықтың Өзбек қызметіне хабарласқан Ресейдегі сотталған азаматтардың туыстары түрмедегі жақындарын соғысқа жіберу үшін азаптау сияқты түрлі әдістер қолданып жатқанын айтқан.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Ресей басшылығы соғысқа негізінен славян емес ұлт өкілдерін жіберуге тырысады. Олар Орталық Азия елдері басшыларын күштеп мобилизациялау мәселесіне назар аударуға шақырған. Кейін Өзбекстанның Ресейдегі елшілігі Украинадағы әскери қимылдарға қатысқаны үшін қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтып, өз азаматтарына ескерту жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG