6 қаңтарда таңертең Ресей армиясы Херсондағы өрт сөндіру бөлімін атқылап, бір адам қаза болып, төрт адам жараланған. Бұл жөнінде Херсон облысы әкімшілігінің жетекшісі Ярослав Янушевич хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда, жараланған бір адамның жағдайы ауыр, қалған үшеуінің жағдайы орташа. Дәрігерлер көмек көрсетіп жатыр. Янушевичтің айтуынша, өрт сөндіру бөліміне жақын орналасқан тұрғын үйге де оқ жаудырылған.
Ресей "Рождество қарсаңында атысты уақытша тоқтататынын" мәлімдегеніне қарамастан бейбіт азаматтар зардап шегіп отыр деді Херсон облысы әкімшілігінің жетекшісі.
"Бұлар – Рождество қарсаңында өз үйінде атқылауға ұшыраған әже, өз қаһарманынан айырылған құтқарушының отбасы, Рождествоны ауруханада қарсы алатын төрт құтқарушы" деп жазды Янушевич Телеграм-арнасында.
6 қаңтарда күндіз Ресей Херсон орталығын атқылап, Янушевичтің жазуынша, алты адам опат болған, біреуі – 12 жасар бала. Украинаның төтенше жағдай мемлекеттік қызметі жетекшісі Сергей Круктың айтуынша, 5 қаңтарда Херсондағы өзге өрт сөндіру бөлімдері де атқылауға ұшыраған.
5 қаңтарда Кремль мәлімдеме таратып, Ресей президенті Владимир Путиннің 6 қаңтар түс мезгілінен бастап 7 қаңтар жарым түнге дейін "атысты тоқтату режимін" енгізгенін хабарлаған. Соған қарамастан Херсон атқылауға ұшырап жатыр. Украина жағы мұны "екіжүзділік" деп атап, мұндай шаралар туралы келіссөз жүргізуден бас тартқан.
ПІКІРЛЕР