Ресейде былтыр қыркүйекте президент Владимир Путин "ішінара" мобилизация жариялаған соң, Украинадағы соғысты қолдайтын ресейліктер саны күрт азайса, билік мобилизация аяқталғанын хабарлағаннан кейін олардың қатары қайтадан күрт көбейген. Бұл туралы ресейлік "Общественное мнение" ("Қоғамдық пікір") қоры жүргізген жабық социологиялық зерттеу қорытындысына сүйеніп The Wall Street Journal басылымы хабарлады.
Сауалнама нәтижесі бойынша, былтыр қыркүйектің аяғында Украинадағы "арнайы әскери операцияны" респонденттердің 34 пайызы қолдаса, қарашаның басында 80 пайызға жеткен.
Америкалық басылымның жазуынша, бұл зерттеуге тапсырыс берген Ресей президенті әкімшілігіндегілер елде тағы да мобилизация жарияланса, халықтың жаппай наразылығын оятады деген үлкен қауіп жоқ деп есептейді.
- Былтыр 21 қыркүйекте Ресей президенті Путин Украинадағы соғысты жалғастыру үшін "ішінара" мобилизация жариялаған. Ресми мәлімет бойынша, запаста тұрған 300 мыңнан астам ресейлік әскер қатарына шақырылған. Қазанның аяғында Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мобилизация аяқталғаны туралы есеп берді. Мұнан соң Путин әскерге шақыру аяқталғанын мәлімдеген, бірақ тиісті жарлыққа қол қойған жоқ. Құқық қорғаушылар Ресей президентінің мәлімдемесіне қарамастан заң жүзінде "ішінара" мобилизация әлі тоқтамағанына назар аударады.
- Желтоқсанның аяғында Украина билігі мен Батыс елдерінің барлау қызметтері 2023 жылдың басында Кремль қайтадан мобилизация жариялап, бұл жолы армия қатарына 500 мыңға дейін адам алып, Украина жерінде тағы бір кең көлемді шабуыл бастауы мүмкін деп хабарлаған. Украина қорғаныс министрі Алексей Резников Путин әскер қатарына алынатын ер азаматтарды елден шығармау үшін шекараны жабуды жоспарлап отыр деп мәлімдеген. Кремль бұл сөзді жоққа шығарып, әзірге ондай жоспары жоғын айтқан. Алайда Ресей билігі қарулы күштер қатарын 1,5 млн адамға дейін жеткізіп, мерзімді әскери қызмет атқаруға шақырылатын азаматтардың ең жоғарғы жас мөлшері 30 жас деп белгілеу жоспарын жариялаған.
ПІКІРЛЕР