Иран Украинаның Қырым мен тағы төрт өңірінің аннексияланғанын мойындамайды, деп мәлімдеді Иран сыртқы істер министрі Хусейн Әмір Абдоллахиян TRT World түрік телеарнасына берген сұқбатында.
"Біз мемлекет егемендігі мен аумағының тұтастығын халықаралық заңдар бойынша танимыз. Тегеран мен Мәскеу қарым-қатынасы жақсы екеніне қарамастан, Қырымның, Луганск мен Донецк облыстарының Украинадан бөлінуін мойындамадық", – деп мәлімдеді Абдоллахиян.
Оның айтуынша, Иран билігі сыртқы саясатта "бірізді ұстанымынан" айнымайды.
"Украинадағы жанжал - шешім емес деп мәлімдеген уақытта біз саяси ұстанымымыздың дұрыс екеніне сенімдіміз" дейді министр.
Мұның алдында ақпарат құралдары Ресей Украинадағы соғыста қолданып жүрген дрондарын Ираннан алады деп бірнеше рет хабарлаған. Киев Мәскеуді Иран дрондарын азаматтық нысандарды шабуылдауға қолданды деп айыптап отыр.
2022 жылғы қарашада Иран Ресейге әскери дрон бергенін алғаш рет мойындады, бірақ оларды Украинадағы соғыс басталғанға дейін жеткізгенін айтты. Ресей Иран қаруын қолданды деген айыптауды жоққа шығарып отыр.
- Ресей Қырымды 2014 жылы аннексиялады. 2022 жылғы қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Украинаның Херсон, Запорожье, Донецк және Луганск облыстарын аннексиялағанын жариялады.
- Киев пен Батыс елдері аннексияны ешқашан мойындамайтынын алдын ала мәлімдеген. Украина Ресей басып алған жерлерді қайтару үшін қарумен күресетінін ескерткен.
- Венесуэла, Солтүстік Корея және Сирия Қырым аннексиясын мойындаған. Былтыр қыркүйектегі псевдореферендумнан кейін Ресей билігі Украинаның төрт облысын жаулап алғанын мәлімдеген соң Солтүстік Корея Украинаның төрт облысының аннексияланғанын қолдаған.
ПІКІРЛЕР