Ресей билігі кейінгі 22 жылда алғаш рет Жапония өкілдерімен Курил аралдарында балық аулау мәселесі бойынша кеңес жүргізуден бас тартты. Бұған екі ел арасындағы қарым-қатынастың азаюы себеп болған деп айтылады. Токио Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты Батыс елдерінің санкциясына қосылған.
Мәскеу Курил аралдарында бірігіп шаруашылық жүргізу мәселесін талқылаудан да бас тартқан.
1998 жылдан бері Ресей мен Жапония арасында теңіз кәсібі саласында ынтымақтастық орнату туралы келісім бар. Ресей жыл сайын Жапониямен Курил аралдары маңында балық және өзге де теңіз өнімдерін аулауға квота беру мәселесін келісіп отырған.
Ресейдің Жапониядағы елшілігі өкілдері ресейлік "РИА Новости" агенттігіне аталған мәселе бойынша келіссөз белгісіз мерзімге тоқтатылғанын растады. Елшілік өкілдері балық аулау маусымы уақытында басталуы үшін келіссөздің қалпына келтірілуіне күш салатынын айтты.
- 2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Жапония Ресейдің жоғары лауазымды тұлғалары мен туыстарына, президент Владимир Путин мен оның жақындарына, банктер мен кәсіпорындарға санкция салып, Ресейді саудадағы бірқатар жеңілдіктерден айырған. Токио Украинаға әскери және гуманитарлық көмек көрсететінін мәлімдеген.
- Ресей Жапонияны "дос емес" елдер қатарына жатқызған және Жапониямен Оңтүстік Курилдегі ортақ шаруашылықтарын реттеу бойынша диалогтан шығатынын, Қара теңіз экономикалық әріптестігі ұйымындағы Жапонияның әріптес мәртебесін жоятынын мәлімдеген. Жапония премьер-министрі Фумио Касида мұны "ақылға қонымсыз" шешім деп атаған.
- 2022 жылы Украинада соғыс басталғалы бері Ресей жапон теңізшілеріне Оңтүстік Курилде балық аулауына тыйым салған. 1998 жылғы келісім нәтижесінде Мәскеуге сондай құқық берілген еді. Ресей жағы келісімде көрсетілген төлемақы төленбеген соң келісімді тоқтатқан.
ПІКІРЛЕР