24 қаңтар күні Жамбыл облыстық сотының апелляция алқасы Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 17 жастағы Андрей Опушиевтің үкімін өзгеріссіз қалдырды.
"Бұл іс бірінші сатыда дұрыс тұжырымдалған, сондықтан үкім өзгерген жоқ" деп хабарлады Азаттыққа Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі.
Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан жасөспірімнің шешесі Олеся Опушиева апелляция алқасының қаулысына разы емес. Бірақ Қазақстанның Жоғарғы сотына шағымдану-шағымданбау жайын әлі шешпеген. Жабырқап отырғанын айтқан Олеся Опушиева "заңгерлермен кеңесемін" деді. Азаттық Опушиевтің адвокаты Жанар Қисықоваға хабарласа алмады.
Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2022 жылғы 1 желтоқсанда жасөспірім Опушиевті кінәлі деп тауып, қайтыс болғаны себепті қылмыстық жауапкершіліктен босатқан еді. Олеся Опушиева сот үкіміне келіспей, апелляция алқасына шағымданған.
Тергеу 17 жастағы Андрей Опушиевке 2022 жылғы 6 қаңтарға қараған түні "Тараздағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айып таққан. Қайтыс болған жасөспірімнің үстінен Қазақстан қылмыстық кодексіндегі "жаппай тәртіпсіздік" бабымен (272-баптың 2-бөлімі) іс қозғалған.
Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, Опушиев сол күні "Тараз қаласында соңы қирату, бұзу және қала әкімдігі ғимаратының мүлкін жоюға ұласқан жаппай тәртіпсіздікке қатысқан". Сонымен бірге "әскери қызметкерлердің өміріне қол сұғу мақсатында олардан ғимараттан кетуді талап еткен, ғимаратпен бірге өртеп жіберемін деп қорқытқан". Сот өкілдері "сотталушының кінәсі куәгерлер сөзімен, түрлі сараптамамен дәлелденді" деді.
Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда 15 адам мерт болған. Оның бесеуінің ісін Тараз қаласының №2 соты қарап жатыр. Алаңда мерт болған тағы бір тұрғын – 17 жастағы Андрей Опушиевтің ісін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қараған.
Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Тараздың тағы тоғыз тұрғынына қатысты іс қозғалған-қозғалмағаны белгісіз. Ол жөнінде ешқандай ақпарат жоқ. Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, сот өндірісіне Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған алты адамның ғана ісі түскен. Олар: Райс Рысбеков, Тоқтар Ошақбай, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев, Исатай Донбаев және жасөспірім Андрей Опушиев.
ПІКІРЛЕР