Accessibility links

"Тоқаевтың әрекетінен реформаторлық сезілмейді, бірақ Назарбаевтан арылу ниеті айқын байқалады"


Астанада президент Тоқаевтың инаугурациясына қатысып тұрған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев. 26 қараша, 2022 жыл.
Астанада президент Тоқаевтың инаугурациясына қатысып тұрған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев. 26 қараша, 2022 жыл.

Тұңғыш президент туралы заң күшін жоюға жіберілді, енді экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасы мүшелері қудалана ма? Көп артықшылықтан айырылған Назарбаев пен туыстары Тоқаевтан кек алуы мүмкін бе? Назарбаевтың тарихи рөлі мен мұрасы қалай өзгереді? Азаттық бұл туралы АҚШ-тағы Барнард-колледждің саясаттану профессоры, Колумбия университетіндегі Харриман институтының директоры Александр Кулимен сөйлесті.

ТОҚАЕВ ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІН ҚУДАЛАЙ МА?

Азаттық: Парламент экс-президент Назарбаев пен оның отбасын қудалаудан қорғаған және оның активтеріне тиіспеуге кепілдік берген "Тұңғыш президент – елбасы туралы" заңның күшін жойды. Депутаттардың кейбірі мұны Назарбаевтың мәртебесін Конституциядан алып тастаған референдумнан кейінгі таза механикалық қадам екенін айтты. Ал сіздің ойыңызша, бұл таза механикалық қадам ба, әлде мұның астарында үлкен нәрсе жатыр ма?

Саясаттанушы Александр Кули
Саясаттанушы Александр Кули

Александр Кули: Меніңше, тактикалық мәселе бойынша жай ғана дауыс берудің мәні зор болуы мүмкін. Бұл жерде экс-президенттің отбасы қудалаудан және сотқа тартудан қорғаған иммунитеттен айырылғаны маңызды. Білуімше, экс-президенттің өзі әлі де қылмыстық қудалаудан қорғалған.

Көптеген зерттеу материалына сенсек, оның отбасы мүшелерінен тұратын топ Қазақстан экономикасының стратегиялық активтерін бақылайды. Демек, бұл (заңның жойылуы – ред.) – осы холдингтерді көбірек зерттеуге мүмкіндік береді деген сөз.

Азаттық: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаев пен оның отбасы мүшелерін ығыстыру үшін бірқатар әрекетке барды. Ол астанаға бұрынғы атауды қайтарды, Назарбаев "құрметті сенатор" атағынан айырылды. Оның немере інісі Қайрат Сатыбалды мен қайтыс болған немересі Айсұлтан Назарбаевтың бұрынғы қайын атасы Қайрат Боранбаевтың үстінен жемқорлық бойынша іс қозғалды. Тоқаев Әлия Назарбаеваға қатысы бар утилизация алымын жинап келген "Оператор РОП" мекемесінің жұмысын тоқтатып, оны мемлекет бақылауына алуды тапсырды. Енді, міне, "Тұңғыш президент туралы" заң жойылды. Ары қарай не болмақ?

Александр Кули: Өзім бақылай келе түйгенім, жаңа Конституцияны қабылдау, қызметтен айыру тәрізді кішігірім қадамдардан басталған дүниенің арты отбасының кей мүшелерінің үстінен іс қозғап, қамауға ұласты. Ашығын айтсам, мұны жемқорлық пен қаржы жымқыру бойынша төменгі деңгейдегі істер дер едім.

Ал ірі жемқорлық, [Назарбаев] отбасы мүшелерінің, бәлкім, үш қызы мен олардың төңірегіндегілердің ірі активтерді жүйелі түрде талан-таражға салу мәселесі әлі де басы ашық күйінде қалып отыр. Батыс басылымдарында олардың активтері, мұнай саласы немесе ұлттық қормен байланысты ықтимал жемқорлық, пара беру жайлы жарияланымдар шықты, олар мұны жоққа щығарды. Яғни енді ірі активтер жүйелі түрде зерттеле ме деген сұрақ туындайды. Мұны көре жатармыз.

Бірізділік бар деген пікіріңізге келісемін: Конституцияға өзгеріс енгізіліп, төменірек деңгейдегілер қудаланды. Енді иммунитеттен айыру – үлкен қадам. Сондықтан Назарбаевтан арылу жоспары бары анық.

Азаттық: Тоқаев шелпектің шетіне ғана тиіскен тәрізді. Енді ол шелпектің ортасындағыларға, яғни төменгі деңгейдегілерден жоғары деңгейдегілерді қудалауға ойыса ма деген сұрақ қылтияды. Оның бұған саяси ерік-жігері жете ме?

Александр Кули: Бұл оның саяси ерік-жігері жете ме және оны жүзеге асыруға қабілетті ме деген сұраққа келіп тіреледі. Меніңше, офшор активтерінің соңына түсу оңай деп мүмкіндікті асыра бағалаған тәрізді. Шын мәнінде, бұл – едәуір қиын жұмыс.

Елді 30 жыл билеген Назарбаев пен оның отбасы жоғары деңгейдегі жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін болса да, ізін жасыру үшін Батыс кеңесшілерін жалдады, жылжымайтын мүлікті офшор компанияларына тіркеді. Мысалы, Лондонда отбасы мүшелерінің құны жүздеген миллион долларға жететін жылжымайтын мүлкі бар екенін білеміз, оның бәрі офшор компаниялары арқылы сатып алынды. Шын мәнінде, аралық компаниялар арқылы шетелде жасырылған активтерді іздеп табу қиын әрі көп уақыт қажет етеді. [Украинадағы] соғыс басталардан бұрын Тоқаев тергеушілерге бұл үшін бірнеше ай бергені айтылды. Бірақ бұл – мүмкін емес нәрсе. Өйткені бұған көп жыл қажет.

Қуғындағы Мұхтар Әблязов пен оның шетелдегі есепшоттарын әшкере етуге қанша уақыт кеткенін еске түсіріңіз. Қазақстан үкіметі Әблязовті қудалап, оның активтерінің ізіне түсу үшін ресурс жұмсап, компанияларға ондаған миллион доллар төледі. Осының өзі мұның қаншалық күрделі екенін көрсетеді.

Сонымен қатар АҚШ пен Ұлыбританияның клептократтарды нысанаға алатын, олардың шетелдегі активтері мен заңсыз жолмен табылған ақшасының ізіне түсетін жемқорлықпен сырт аймақтардағы күрес құралдары бар. АҚШ-тағы "Шетелдегі жемқорлық туралы" (Foreign Corrupt Practices Act) және Ұлыбританияның қылмыспен күрес агенттігінің (NCA – National Crime Agency) шығу төркіні белгісіз байлық ордері қандай да бір әрекет заңды я заңсыз екенін анықтауға келгенде сол азаматтардың үкіметтері жіберген ақпаратқа сүйенеді. Сондықтан Ұлыбританияның қылмыспен күрес агенттігі Дариға Назарбаеваға шығу төркіні белгісіз байлық жайлы ордер беріп, Қазақстан билігі оның байлығы заңды жолмен табылған деген құжат жіберген еді.

Егер бұл үрдіс өзгеріп, Қазақстан билігі шетелге бұл операциялар заңсыз екенін көрсететін құжаттар жіберсе, бұл тергеуге септігін тигізіп қана қоймай, трансұлттық тетіктерді іске қосып, олардың активтерін тәркілеуге немесе басқадай шара қолдануға жол ашар еді. Ел ішіндегі, шетелдегі және трансұлттық деңгейдегі тергеулер бар. Ашығын айтқанда, бұл мәселеде белсенді іс-әрекет ету саяси ерік-жігерге байланысты.

"НАЗАРБАЕВТЫ ҚУДАЛАУ САЯСИ ПАЙДА ӘКЕЛМЕЙДІ"

Азаттық: Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы, Назарбаевтың бұрынғы жақын серігі Кәрім Мәсімовтің ісі сотта қаралып жатыр, оған мемлекетке опасыздық жасау, билікті күштеп басып алуға әрекеттену айыптары тағылды, оны Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушы басты күдікті ретінде атады. Мәсімов Назарбаевтың жақын серігі болғанын ескерсек, сиырқұйымшақтанып кеткен басқа істер Назарбаевқа қарсы бағытталуы мүмкін бе? Мәселен, оппозиция жетекшілерін қастандықпен өлтіру, табиғи ресурстарды жекешелендіру кезіндегі жемқорлық, "Қазақгейт" және басқалары?

Александр Кули: Бұл іс ("Қазақгейт") бұған дейін қозғалды. "Қазақгейт" Қазақстан билігі бұрынғы премьер-министр [Әкежан] Қажыгелдинді қудалап, Швейцария банкінде [оған қатысы бар] есепшоттар мен офшор арқылы жасалған ықтимал заңсыз ақша аударымдары мәселесін көтеруден басталды. Айналып келгенде, бұл зерттеу биліктегі элитаны тергеуге жол ашты.

Меніңше, бұл ғаламдық деңгейдегі жемқорлық пен арам жолмен тапқан ақшаны заңдастырудың бір-бірімен байланысып жатқанын көрсетеді. Бұл жерде заңсыз немесе белгісіз жолмен табылған ақшаны Швейцария, АҚШ, Ұлыбритания тәрізді меншік құқығына кепілдік беретін аймақтарға аударады, яғни билік ауысып, елде саяси қорғанышынан айырылған жағдайда үкімет қол жеткізе алмайтын жерде сақтайды.

Демек, тергеу бұған дейін де болған, қайта қозғалуы да мүмкін. Бірақ тергеу қандай бағытта жүретінін жоспарлай алмайсыз, өйткені ақша жасырудың қандай жолдары қалай қолданылғанын білмесеңіз, байланыстарды да анықтай алмайсыз.

Мұнда тағы бір түйткіл бар. [Қазақ үкіметі] тиісті өтініш жолдаса, Ұлыбритания және АҚШ билігі қазір әріптестікке баруы мүмкін. Бірақ құпиялыққа ерекше мән беретін басқа юрисдикциялар бар. Әсіресе бұрынғы бірінші отбасының мүшелері тұрып жатқан болуы мүмкін Біріккен Араб Әмірліктері бар, мұндай юрисдикциялар әріптестікке бара бермейді. Олар ашық емес. Сондықтан бұрын клептократтардың ақшасын жасырған Батыс юрисдикцияларынан басқа юрисдикцияларға, әсіресе Парсы шығанағындағы офшорларға ойысу байқалады. Бұл жерде жасырған активтерге жаңа экстерриториялық құралдар мен Батыс санкцияларының қолы жетпейді.

Азаттық: Мына нәрсені нақтылап кетсек. Назарбаев президент кезіндегі әрекеттері үшін қудалана алмайды, оның әлі де иммунитеті бар. Бірақ оны заң бойынша, мемлекетке опасыздық жасау әрекеті үшін қудалай алады. Оның жақын серігі Мәсімов дәл осы бап бойынша жауапқа тартылған. Тоқаев әкімшілігі мемлекетке опасыздық жасады деген себеппен Назарбаевты жауапқа тартуы мүмкін бе?

Александр Кули: Меніңше, бұл жерде аңдап басу стратегиясы байқалады. Алдымен символдық мәні бар дүниелерден арылу, одан кейін экс-президенттің алыс туыстарын ығыстыру мен осылайша етжақын туыстарына қарсы әрекетке көшудің алғышарттары жасалып жатқанын байқап отырмыз.

Тоқаев стратегиясы мен мақсатын білмеймін, меніңше, Назарбаевты мемлекетке опасыздық жасады деп айыптаудың арты тәуелсіз Қазақстан тарихын қайта жазуға әкеп соғады. Қанша реформашылмын десеңіз де, бұл – өте үлкен қадам.

Назарбаев көп артықшылық пен символдық мәні бар атақтардан айырылады деп есептеймін. Бәлкім, олар (Тоқаев әкімшілігі – ред.) отбасы мүшелерінің ірі көлемдегі жемқорлыққа қатысы бар-жоғын анықтайтын тергеу бастап, оған мұқият қарай бастауы мүмкін. Алайда Назарбаевтың жасы мен билік транзитінің сипатын есепке алсақ, оны қылмыстық қудалау саяси тиімді емес, саяси пайда әкеледі деп ойламаймын. Меніңше, Тоқаевқа да, елге де мұны қорыту қиын болады.

Азаттық: Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президенттің көп туысы қызметсіз қалды, кейбірі жемқорлық бойынша жауапқа тартылды. Назарбаев пен оның отбасы мүшелері "кек алуы" мүмкін бе, сондай қауіп бар ма?

Александр Кули: Меніңше, әдетте трансұлттық деңгейде бір-бірімен күресетін элиталар қару ретінде тергеуді қолданады, тергеуге бастамашы болып, оны қаржыландырады. Мысалы, Тоқаев пен оның саяси серіктерінің ықтимал активтерінің үстінен тергеу болуы мүмкін, оған ақпарат құралдарының назарын бұруы мүмкін. Кек алудың бір түрі осы болуы ықтимал.

Ал Тоқаев былтыр іске асырған қадам мен статус-квоны ескерсек, бұрынғы элитаны билікке қайтару арқылы саяси кек алу екіталай. Тоқаевтың әрекетінен реформаторлық сезілмейді, бірақ Назарбаевтан арылу ниеті айқын байқалады.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ТАРИХТАҒЫ РӨЛІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?

Азаттық: Алдыңғы парламент сайлауы Назарбаев елді сахна сыртынан басқарып тұрған кезде экс-президенттің бақылауымен өтті. Парламентте отырған партиялар құрамы өзгермеді. Сайлаудан кейін ол премьер-министр мен мәжліс төрағасын орнында қалдырды. Мәжілістің келесі сайлауы наурызда – Тоқаевтың билігі күшейген тұста өтеді. Мәжіліс сайлауы басқаша өте ме?

Александр Кули: Нағыз оппозициялық партияларды көреміз бе? Білмеймін. Оның белгілерін көрмедім. Билікті қолдайтын партиялар әлі де басым. Бұл Назарбаевтан арылу әрекетінен кейінгі билікті шоғырландырып, күшейту әрекеті тәрізді.

Партия тіркеу талаптары жеңілдетілді делінді, бұл нағыз оппозицияға жол аша ма? Оны көре жатармыз. Меніңше, бұл халықаралық қауымдастық үшін Тоқаев елдегі саяси реформалар мен либерализацияны қаншалықты іске асыра алды дегенді көрсететін белгі болмақ.

Сөз бостандығы, оппозиция, адам құқықтарының ахуалы бұрынғыдан айтарлықтай өзгермеген. Сайлау қалай өтетінін көрейік.

Тоқаев Назарбаевтың жақын серігі болды. Ол жүйе қалай жұмыс істейтінін жақсы біледі. Сондықтан ол жүйені Назарбаевтан "тазартуға" тырысып, жүйені өзіне бейімдейтіні заңды, қисынды. Жүйе Назарбаев кезімен салыстырғанда ашығырақ бола ма, бір адамға тәуелділігі азая ма? Бұл – басы ашық сұрақ.

Азаттық: Назарбаев өз мұрагерін таңдап, жүйеден жоғары тұрған ойыншыға айналғанда, өзінің және отбасының қауіпсіздігін ғана емес, өзінің тарихтағы орны туралы да ойласа керек. Оның тарихи рөлі мен мұрасы қалай өзгеруі мүмкін?

Александр Кули: Меніңше, ықтимал тергеулер мен жаңа даулар мұны сөзсіз өзгертеді.

Кейінгі бес жылда ол Қазақстанда ғана емес, сыртта қатты дәріптелгенін көрдік. Батыста көп институт оны дәріптеуге, имиджін жасауға, оған "елді жақсы басқарады", "көпвекторлы саясаттың шебері болды" деген мақтаулар жаудыруға дайын болды.

Сондықтан, меніңше, Батыста да Назарбаевты қалай бағалаймыз, ол шын мәнінде біз ойлағандай епті де парасатты саясаткер болды ма дегенді бағамдауымыз керек. Заңбұзушылықтар мен жаңа істер әшкере болса, оның билігі жайлы Батыстың пікірі де өзгереді деп ойлаймын.

Тарихты жаңа оқиғалар, жаңа істер өзгертуі мүмкін. Бірақ Назарбаев туралы аңыз Қазақстанда ғана емес, сыртта да әлдеқашан таралып кеткен. Сондықтан Батыстағы ұйымдар мен жетекшілерге Назарбаев парасатты және дана басшы болды деп көрсету ыңғайлы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG