Accessibility links

Азаматтық белсенді Украинаны қолдау митингісіне рұқсат бермеген Алматы әкімдігінің шешіміне қарсы


Алматыдағы Украинаны қолдау митингісі. 6 наурыз, 2022 жыл.
Алматыдағы Украинаны қолдау митингісі. 6 наурыз, 2022 жыл.

Азаматтық белсенді Равкат Мұхтаров Украинаны қолдау митингісін өткізуге рұқсат бермеген Алматы әкімдігінің шешіміне келіспей отыр. Ол 26 қаңтарда e-Otinish сайты арқылы шешімді мойындамайтынын жазып, митингіге рұқсат бермесе, сотқа шағым түсіретінін ескерткен.

Белсендінің сөзіне қарағанда, ол былтыр 28 желтоқсанда 2023 жылдың 25 ақпанында Алматыдағы Шоқан Уәлиханов алаңында Украинаны қолдау митингісін өткізуге өтініш берген. Алматы әкімдігі екі күннен кейінгі жауабында митингіге рұқсат берілмейтінін хабарлаған.

Әкімдік белсендіге берген жауабында "тәжірибе көрсеткендей, мұндай тақырыптағы бейбіт жиын кезінде қоғамдық тәртіпке қатер төнуі мүмкін" деп жазған. Бірақ нені меңзеп отырғанын түсіндірмеген. Хаттың соңында Алматы қаласы әкімдігіне қарасты қоғамдық даму басқармасының жетекшісі міндетін уақытша атқарушы Айдар Есенбековтің қолы тұр. Азаттық тілшісі бұл хаттармен танысты.

Равкат Мұхтаров 26 қаңтарда e-Otinish сайты арқылы Алматы әкімдігінің шешіміне наразы болып, шешім өзгермесе, сотқа шағым түсіретінін ескерткен. Шағымда белсенді әкімдіктің шешімін не себепті негізсіз деп есептейтінін бірнеше пунктімен атап көрсеткен.

– Менің ойымша, соғысқа қарсы митингіге рұқсат бермеудің ар жағында қоғам пікірін бақылаудан айырылып қаламын ба деген қорқыныш жатқан тәрізді. Бәлкім, бұл бәсекеге сай жаңа идеялардан үрейлену, қазіргі құзыры төмен режиммен келіспеушіліктің айқын көрінісі шығар. Бәлкім, олар бізге не үшін митинг өткізуге рұқсат бермей жатқанын толық ұғынбаған болар. Совет Одағы кезінде қаланып кеткен, бұрынғы әкімдік қызметкерлері бекіткен жолмен келе жатыр. Менің ойымша, [әкімдік] негізсіз рұқсат бермей отыр. Әкімдік шешімі туралы шағымымда жазғанымдай, қоғамдық тәртіпке қатер төнуі мүмкін деген тұжырым – әмбебап. Егер олардан қатерді бағалау қалай жүргізілді деп сұрамасаңыз, оны кез келген әрекетке қатысты қолдануға болады, – деді белсенді Азаттық тілшісіне.

Ол 24 ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіргеніне бір жыл толатынын, сол кезде Ресейдің көршісі Қазақстанда соғысқа қарсы митинг өткізу маңызды деп есептейтінін айтты.

"Маған көшеге шығып, Украина халқын қолдауға мүмкіндік беріп, бәрімізге қылмыстық соғыс жалғасып жатқанын еске салу маңызды болды. Оған қоса, менде халқымыздың соғысқа және Путинмен қол алысуға қарсы екенін әрдайым айтып отыру мүмкіндігі болғанын қалаймын" деді ол.

27 қаңтарда Азаттық тілшісі Алматы қаласы әкімдігіне қарасты қоғамдық даму басқармасы жетекшісінің міндетін уақытша атқарушы Айдар Есенбековке бірнеше рет хабарласып көрді. Әзірше телефон тұтқасын көтермеді.

  • Былтыр ақпанда Ресей Украинаға басып кірді. БҰҰ елдерінің басым бөлігі Ресей басқыншылығын айыптап, одан Украинадан әскерін әкетуді талап еткен. Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстан Ресей басқыншылығын қолдаған жоқ және Мәскеудің Украина облыстарын аннексиялағанын да мойындамады. Ресейге экономикалық тұрғыда тәуелді Орталық Азия елдері Ресей басқыншылығын ашық айыптаған да жоқ.
  • Былтырдан бері Қазақстанда Украинаны қолдаған шаралар өтті, алайда билік мұндай шаралардың басым бөлігіне рұқсат бермей келеді. Кейбірінде полиция белсенділерді ұстап әкеткен.
  • Қазақстанда 2020 жылы "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанымен, құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Астананы осы шектеулерді алып тастауға үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG