Еуропа одағының қаржыландыруымен бір топ ауған әйелі Орталық Азияға оқуға келді. Бұл – 2019 жылы басталған, жүздеген ауған әйеліне шетелде білім алып, туған еліне білікті маман болып оралуға мүмкіндік беретін жобаның бір бөлігі. Бірақ "Талибан" қозғалысы билікке келгеннен кейін жобаның тағдыры мен студенттер болашағы бұлыңғыр болып қалды.
Тәліптер үкіметі ауған әйелдеріне оқуға тыйым салғаннан кейін Еуропа одағының білім беру жобасы одан әрі жандана түсті. Қазір жоба жетекшілері ондаған ауған қызын Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанға оқуға жіберуге дайындалып жатыр.
Ауғанстанда тұратын 100-ден астам қыз-келіншек Орталық Азия мемлекетінде бес жыл білім алуға шәкіртақы жеңіп алған.
Ауған әйелдерін қолдауға арналған жоба 2019 жылы басталған. Ол кезде Кабулда Батыс елдерінің қолдауына ие болып отырған президенттің билігі жүріп тұрған еді.
Бұл бастама ауған әйелдеріне шетелде білім алып, Ауғанстанға білікті маман болып оралып, жұмысқа тұруына көмектеседі.
Жобаның бірінші кезеңінде 50 әйел 2025 жылға дейін Қазақстан мен Өзбекстанда жоғары білім алуға жіберілді.
Бағдарламаның екінші кезеңіне қатысушылар тәліптер билікке келерден бірнеше ай бұрын ғана іріктеуден өткен. "Талибан" қозғалысы 2021 жылы тамызда Ауғанстан билігін қолына алды. Осыдан кейін жоба мен шәкіртақы иегерлерінің болашағына қауіп төнді.
Тәліптер үкіметі қыздарды бастауыш сыныптан ары қарай оқытуға, университетке жіберуге тыйым салды. Ауғанстанда әйелдерді көп жерге жұмысқа қабылдамайды. Оларға үкіметтік емес ұйымдарда қызмет етуге болмайды.
Жобаны ұйымдастырушылар тәліптердің қарсылығына қарамастан, бағдарламаның екінші кезеңінде шәкіртақы жеңіп алған 105 әйелді Орталық Азияға әкелген.
Азаттықтың ақпарат көздерінің айтуынша, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі "тараптардың бәрімен келіссөз жүргізіп", ауған әйелдерінің елге келуі үшін көп тер төккен.
Жобаның жүзеге асырылуына жауапты БҰҰ даму қорының (UNDP) Қазақстандағы кеңсесі 27 қаңтарда Азаттыққа қазақ университеттері 50 ауған студентін оқуға қабылдайтынын, 30 әйел Өзбекстанға, 25-і Қырғызстанға жіберілетінін хабарлады.
Орталық Азияға келген ауған әйелдері оқуын 2027 жылы бітіреді.
Еуропа одағы жобаның бірінші және екінші кезеңіне 5.5 миллион доллар бөлген. Бағдарлама әрі қарай жалғаса ма, жоқ па, әзірге белгісіз.
UNDP Қазақстандағы кеңсесі жобаның болашағына қатысты "бағдарлама аясын кеңейтуді қосқанда, жобаға қатысты барлық маңызды шешімдер донормен кеңесуден кейін қабылданады" деді.
26 қаңтарда Азаттық тәліптер үкіметінің өкілі Забихулла Муджахидпен сөйлесті. Ол Кабулдың өкілетті тұлғалары, ауған студенттерін қабылдаушы мемлекеттер мен жобаға қатысушы үшінші тараптар арасында келісім болғаны жөнінде естімегенін айтты.
Муджахид Ауғанстанның білім саласына жауапты тұлғаларымен сөйлесіп, қайта хабарласуға уәде берді. Бірақ мақала жарияланғанға дейін тәліптер өкілінен хабар келген жоқ.
ОҚУ БІТІРГЕН ТҮЛЕКТЕР АУҒАНСТАНҒА ОРАЛА МА?
Бағдарлама еш кедергісіз жүзеге асса, 155 ауған әйелі ауыл шаруашылығы, қаржы, пайдалы қазба өндірісі, инженерия, маркетинг, компьютерлік ғылым сияқты әртүрлі салалар бойынша диплом алып шығады.
Бағдарлама жаңа басталған кезде ұйымдастырушылар оқу бітірген әйелдер Ауғанстанға оралып, өз қоғамын дамытуға үлес қосады деп жоспарлаған.
Бірақ тәліптер билігі тұсында Ауғанстанда жұмыс істеп, алған білімін пайдаланып жүрген әйелдер жоқтың-қасы. Кей студенттер жеке бас қауіпсіздігіне алаңдап, әйел құқықтары қатаң бұзылатын елге оралғысы келмейді.
– Әр студент Ауғанстанға оралу мәселесін өзі шешеді. Оқудан кейін Ауғанстанға оралу ниетін қолдаймыз. Бірақ студенттерге "зияны тимес" үшін ешкімді мәжбүрлемейміз, – деді UNDP өкілдері.
– Бағдарламаны ұйымдастырушылар ауған әйелдері оқу бітірген соң қайда баратынын ойлануы керек, – дейді Алматыдағы энергетика және байланыс универcитетінің түлегі Барна Каргар.
2021 жылы 25 жастағы Барна диплом алып жатқан кезде Ауғанстанда үкімет ауысып, билікке тәліптер келген. Барна Қазақстанда қалуға бел буған.
Содан бері ауған қызы белгісіздік жағдайында өмір сүріп келеді. Ол Қазақстаннан саяси баспана беруді сұраған. Бірақ билік оның өтінішін қанағаттандырмаған. Бұл жас қызды бөтен елде өмір сүру және жұмыс істеу құқығынан айырған.
Ауғанстанға оралуға қорыққан Барна апелляциялық шағым беріп, шешімді өзгертуге қол жеткізген. Ол Қазақстанға 2016 жылы бұрынғы ауған үкіметінің грантымен келген.
– Қазір Ауғанстан шетелде оқып, заманауи мемлекетте тұрған, жұмыс істегісі келетін әйелдер үшін қауіпті жерге айналды, – дейді Каргар.
Қазақстан билігі мен Орталық Азия мемлекеттері Ауғанстанға оралғысы келмеген студенттерге босқын мәртебесін беруге дайын ба? Әзірге бірде-бір мемлекет бұл сұраққа нақты жауап берген жоқ.
23 жастағы Рахила Юсафзай интернеттен ауған қыздарына Орталық Азияда білім алу мүмкіндігі беріліп жатқанын көрген.
Ағылшын тілін жетік білетін бойжеткен ауған әйелдеріне арналған білім гранттарын қарап, шетелде оқу мүмкіндігін жіберіп алмауға тырысып жүр.
– Өткен айда тәліптер әйелдерге білім алуға тыйым салғаннан кейін көп қыз-келіншек университетке бара алмай қалды. Оларға шетелде оқуға білім гранттары бөлінер деп үміттенемін. Оқу бітірген студенттер қайда барады деп алаңдаудың қажеті жоқ. Өйткені алдағы бес-алты жылда көп нәрсе өзгеруі мүмкін, – дейді Юсафзай.
ПІКІРЛЕР