Accessibility links

Ауған әйелі Кабул қыздарына арналған жасырын мектеп ашты


Ауған қыздарын жасырын мектепте оқытып жүрген ауған әйелінің сыртқа шыққан сәті. Кабул, Ауғанстан, 18 желтоқсан 2021 жыл
Ауған қыздарын жасырын мектепте оқытып жүрген ауған әйелінің сыртқа шыққан сәті. Кабул, Ауғанстан, 18 желтоқсан 2021 жыл

Ауғанстан астанасы Кабулдағы үйлердің бірінде тығылып оқитын ондаған қыз бір-бірімен сыбырлап сөйлеседі.

Бірнеше ай бұрын бұл үй жасырын мектепке айналған. Онда 50-ге жуық қыз жаратылыстану, математика, әдебиет сабақтарын өтіп жүр.

Тамызда Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы [Қазақстанда тыйым салынған ұйым] билікке келгелі миллиондаған қыз білім ала алмай отыр.

Билікке келген соң тәліптер 1-6 сынып оқитын қыздардың ғана мектепке баруына рұқсат берген. Бірақ бұл қыздар 34 уәлаяттың тек кейбірінде ғана оқуын жалғастырып жатыр.

Кабулда қыздардың мектепке баруына тыйым салынғанына қарамастан, университет бітірген Мурсал ондаған оқушыны үйіне шақырған. Бұл қыздар айлар бойы үйінде қамалып отыруға мәжбүр болған.

"Мектеп ашудағы мақсатым – [тәліптер] билікке келген соң білім ала алмай қалған қыздарға көмектесу" дейді Мурсал Азаттыққа. Ол қауіпсіздік мақсатында шын аты-жөнін атамауды сұрады.

20 жастағы Мурсал мектепті өз қаржысына ұйымдастырып отыр. Қыздарға оқу құралдарын да өзі алып береді.

Белсенді қыздар мен әйелдер "Талибан" қозғалысын қыздарға арналған мектептерді қайта ашуға шақырып тұр. Кабул, Ауғанстан, 20 қазан 2021 жыл
Белсенді қыздар мен әйелдер "Талибан" қозғалысын қыздарға арналған мектептерді қайта ашуға шақырып тұр. Кабул, Ауғанстан, 20 қазан 2021 жыл

Жасырын мектеп оқушыларының бірі Сурайа тәліптердің билікке келуі "өмір бойы бас бостандығынан айыру" жазасына пара-пар дейді.

"Қыздардың көбі үмітсіздіктен күйзеліс пен депрессияға түсті" дейді Сурайа. "Бұл мектептің маған көп көмегі тиді".

"Тәліптерден қыздарды білімсіз қалдырмай, болашағына балта шаппай, мектептерді ашуын сұраймын" дейді жасырын мектептің 11-сынып оқушысы Гүл Мина.

"Білім алу ерлерге де, әйелдерге де, жалпы мұсылмандардың бәріне міндетті" деді ол. Ол білім алу әйелді де, ерлердің де діни міндеті деген ислам ұстанымын айтып отыр.

"ҚЫЗДАРДЫҢ МЕКТЕПКЕ БАРҒАНЫН ҚАЛАМАЙДЫ"

"Талибан" қыздардың орта білім алуына уақытша тыйым салғанын, жаңа режим алдымен қыздардың мектепке баруына "қауіпсіз жағдай" жасайтынын мәлімдеді.

Сарапшылар тәліптер 1996-2001 жылдары билікте болғанда да осыған ұқсас мәлімдеме жасағанын айтады. Соған қарамастан олар билікте болған алты жыл бойы қыздардың білім алуына тыйым салып келген.

2001 жылы АҚШ Ауғанстанға кіріп, тәліптер билігін құлатқан соң миллиондаған қыз, әсіресе, қаладағы қыздар мектепке қайта оралды.

"Талибан" үкіметінің білім министрі Назар Мохаммад Ирфан Азаттықтың Ауған қызметіне тәліптер қыздарға арналған жекеменшік немесе бейресми мектептерге қарсы емесін айтты.

Ауғанстандағы "Талибан" үкіметі премьер-министрінің орынбасары Мәуләуи Абдол Қабір кездесу өткізіп отыр. Кабул, Ауғанстан, 23 желтоқсан 2021 жыл.
Ауғанстандағы "Талибан" үкіметі премьер-министрінің орынбасары Мәуләуи Абдол Қабір кездесу өткізіп отыр. Кабул, Ауғанстан, 23 желтоқсан 2021 жыл.

"Елдегі білім мен сауат деңгейін көтеру, кемшіліктерімізді жою үшін олармен көбірек жұмыс істеуге бекініп отырмыз" деді Ирфан.

Бірақ бұған көбі сенбейді.

"Менің ойымша, мұның бәрі қыздардың мектепте оқығанын қаламайтынын жасыру үшін айтылған сылтау ғана" дейді Human Rights Watch ұйымының әйел құқықтары жөніндегі бөлім директорының көмекшісі Хизер Барр Азаттыққа.

Ол тәліптердің мектепті жабуының шынайы себебі жынысына бола бөлектеу дейді. "Талибан" университеттер мен үкіметтік мекемелерде де солай болуы үшін қолынан келгенінің бәрін істеген.

"Мемлекеттік мектептерді жынысына бола бөлді, сондықтан олардың не істегісі келетінін түсіну өте қиын" деді ол.

Баррдың сөзінше, Ауғанстандағы 34 уәлаяттың сегізінде кей мектептер көбіне жергілікті мұғалімдер мен тәліптердің жергілікті жердегі лауазымды тұлғалары арасында жүргізілген келіссөздерден соң қайта ашылған.

Көбіне үкіметтік емес ұйымдарға қарайтын жекеменшік мектептердің де жұмыс істей алатыны айтылды. Бірақ олар елдегі гуманитарлық және экономикалық дағдарыс салдарынан жабылып қалған.

"Тәліптердің әйелдер мен қыздарға зиянын тигізетін саясаты бұдан да нашарлап, бұдан да қатаңдауы мүмкін. Олар мәжбүрлеудің қатаң жолдарын қолдана бастауы мүмкін" дейді Барр.

Билікке қайта оралған "Талибан" бұрынғы репрессияшыл заңдары мен саясатын қайта енгізді. Қыздардың мектепке баруына, әйелдердің жұмыс істеуіне тыйым салды.

Қыркүйекте тәліптер тек ерлерден тұратын үкімет құрды. Содырлар әйелдер ісі жөніндегі министрлікті таратып, ізгілікті насихаттау және жамандықтың алдын алу министрлігін құрды.

2021 жылы 6 қыркүйектен соң қайта ашылған жекеменшік университет аудиториясында отырған студент. Ауған университетінде оқитын қыздар тәліптер талабы бойынша бет-жүзін жабатын киім киюге тиіс.
2021 жылы 6 қыркүйектен соң қайта ашылған жекеменшік университет аудиториясында отырған студент. Ауған университетінде оқитын қыздар тәліптер талабы бойынша бет-жүзін жабатын киім киюге тиіс.

"Талибан" әйелдерге "қауіпсіздік мақсатында" үйлерінен шықпауға кеңес берді. Мемлекеттік қызметте істейтін ондаған мың әйелдің жұмысқа шығуына тыйым салды. Ал олардың әріптестері жұмысына қайта оралды.

Жасырын мектеп оқушыларының бірі Неда қыздар мен әйелдердің болашағы тәліптердің ар-ұятына байланысты деп санайды.

"Енді болашағымыз қандай болады?" деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG