Accessibility links

Ақпарат министрі Қыдырәлі журналистер сынаған масс-медиаға қатысты заң жобасы туралы айтты


Бүгін, 31 қаңтарда Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі "Масс-медиа туралы" заң жобасының тұжырымдамасына қатысты сауалдарға жауап берді. Министр құжаттағы "журналистер жұмыс істеуі үшін оларға баспасөз картасын алуды" міндеттейтін ереже "халықаралық тәжірибені зерделеген соң" енгізілді дейді.

"Сіздің қолыңызда пресс-карта болса, мысалы, мәшинеңізге қойсаңыз, кез келген жерге "парковка" жасай аласыз немесе кез келген мекемеге кіре аласыз, кез келген ақпаратты ала аласыз. Бізде тағы бір заң жобасы қарастырылып жатыр. Ол ақпартқа қолжетімділікті жеңілдетуді [көздейді]. Пресс-карта арқылы сіз кез келген сұрағыңызды, тіпті "қызмет бабында пайдалану үшін" деген құжаттардың өзіне қолжетімділікті арттыру көзделіп отыр. Сондықтан пресс-карта – журналистің зерттеуін, оның жұмысын жеңілдетуге арналған жоба" деді министр үкімет отырысынан кейін журналистерге.

6 қаңтарда ведомство Legalacts.egov сайтында "Масс-медиа туралы" заң жобасының тұжырымдамасын жариялаған. Құжат талқысы 27 қаңтарда аяқталды. Тұжырымдаманы журналистер мен баспасөз құқығын қорғайтын ұйымдары сынға алған. Олар бұл құжатта сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігін, журналистер жұмысын шектейтін норма көп деп есептейді.

78 баптан тұратын тұжырымдамада журналистер ақпарат министрлігінен "баспасөз картасын алуға тиіс" деп көрсетілген. Бұл карта журналистика я оған байланысты мамандықты бітіріп, үш жыл осы салада жұмыс істеген, сотталмаған тілшіге бір жылға беріледі. Журналист дипломы жоқ мамандардың осы салада бес жыл еңбек өтілі болуы керек. Шетелдік басылымның тілшілеріне "баспасөз картасын" сыртқы істер министрлігі береді. Журналист үш ай жұмыс істемей қалса, бұл картасынан айырылады. Азаттық сөйлескен журналистер бұл өзгеріс "тілшілер жұмысына заңды түрде тыйым салуға әкеліп соғуы мүмкін" деп қауіптенген.

Министрлік "Масс-медиа туралы" заң жобасында Қылмыстық кодекстегі "журналистер жұмысына кедергі келтіру" бабын (158-бап) декриминализациялау ұсынған. Бұл да журналистердің сынына ұшырады. Қылмыстық кодекстің бұл бабында журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіріп, күш көрсеткендер, құралын сындырғандар қылмыстық жауапқа тартылатын. Баспасөз еркіндігін қорғаумен айналысатын "Әділ сөз" ұйымының бұрынғы жетекшісі Тамара Калеева Facebook-тегі парақшасында бұл бапты "журналистерді қорғаған жалғыз бап" деп атап, оны алып тастаған соң, "билік күшіне мінеді" деп қауіптенетінін жазған.

Министр Қыдырәлі Азаттық тілшісіне берген жауабында "бұл баппен тергелген, сотқа жеткен істер аз" деген құжаттағы уәжден басқа ештеңе айтпады.

"Әділ сөз" ұйымының мәліметінше, 2023 жылдың алғашқы айы өтпей жатып, Қазақстанда журналистерге бес рет шабуыл жасалған. 19 қаңтарда журналист Вадим Борейконың пәтерінің есігіне белгісіз біреулер желім жағып, подъезін бояп кеткен. Одан бұрын Ulysmedia интернет-басылымының бас редакторы Самал Ибраева сайттың бұзылғанын хабарлап, алғашқы бетіне өзі мен отбасының жеке деректері жарияланып кеткенін айтты. Қаңтардағы азаптаулар туралы ақпарат таратып жүрген журналист Динара Егеубаева белгісіз біреулер көлігіне от қойғанын хабарлаған. Elmedia арнасының есік-терезесін бірнеше рет шағып кеткен. Журналистер министр Қыдырәліден бұл шабуылдар бойынша не істеп жатқанын сұрады.

– Қыркүйек айынан бері алты рет мәлімдеме жасадым. Әр уақытта журналистердің құқығын қорғауға, оларға қолдау көрсетуге дайын екенімізді айттық. Ол туралы әлеуметтік желілерде де, өзімнің жеке аккаунттарымда да баяндадым. Ол журналистермен кездестім, сөйлестім, – деді министр.

Қыдырәлі бұл істер бойынша қазір тергеу жүріп жатқанын, нәтижесі "таяуда жариялануы мүмкін" екенін айтты.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан 180 елдің арасында 122-орында тұр. Елде сөз бостандығының ахуалы күрделі деп бағаланады. Журналистер қызметі барысында шабуылға жиі ұшырайды. Мәселен, 2019 жылы Азаттық тілшілеріне бір топ әйел шабуыл жасаған; митингіден хабар тарату кезінде белгісіз адамдар кедергі келтіріп, камераны қолшатырмен көлегейлеп, тағы бір белгісіз адам оператор мен тілшіге қарай әдейі газ бүріккен. Оқиға орнындағы полицейлер ешқандай шара қолданбады. Азаттық радиосының шабуылға байланысты полицияға жазылған арыздарынан нәтиже шыққан жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG