Ресей президенті Владимир Путин 21 ақпанда Федерация жиналысындағы жолдауында Украинаға ашқан соғысын ақтауға тырысып, Батысты тағы да жамандады. Оның бір сағаттан аса уақытқа созылған жолдауының көбі сол АҚШ, Еуропа елдері мен НАТО-ны айыптауға кетті.
Путин Украинадағы соғыстың бір жылдығы қарсаңында жасаған жолдауында Киевті дәлелсіз айыптайтын ескі сөздерін тағы да қайталап, соғыстың "алдын алуға тырыстық, бірақ АҚШ пен Батыс біздің артымыздан мүлде бөлек сценарий дайындады", "соғысты солар ашты, біз сол соғысты тоқтату үшін күш қолданып жатырмыз" деп Вашингтон мен Батыс елдеріне шүйлікті.
Ол "Батыс елдері Украинадағы соғысты қолдауға 150 млрд доллар, ал кедей елдерді қолдауға бар болғаны 60 млрд доллар жұмсады" дейді. Бірақ ол бұл сөзіне дәлел келтірген жоқ.
2022 жылғы 24 ақпанда Путин Украинаға соғыс ашқан еді, сарапшылар мен Батыс елдері Ресейдің Украинаға басқыншылығы бір аптаға жалғасады деп ойлағанын, бірақ Путин қателескенін айтады.
Ресей президенті жолдауында Украина билігін "неонацистер" деп еш дәлелсіз айыптап, "Киев Батыстан ядролық қару алғысы келді", "фашистік Германияның символикасын қолданды" деп кінәлай сөйледі. Ал Батыс "бұған көз жұма қарады" деп салды.
"Біз Украина халқымен соғысып жатқан жоқпыз, олар – елдегі режим мен Батыстағы қожайындардың тұтқыны" дейді Путин.
Путин "Украина халқымен соғысып жатқан жоқпыз" деп бұған дейін де бірнеше рет айтқан. Бірақ БҰҰ дерегінше, Украинада соғыс басталғалы 8 мың бейбіт тұрғын қаза тапқан. Ал Украина билігі Ресей Мариупольді қоршауға алғанда, бұл қаланың өзінде 20 мың бейбіт тұрғын қаза болды дейді. Украинада бейбіт тұрғындардың біраз бөлігі Ресейдің ракета шабуылдарынан да опат болған. Кремль кейінгі уақытта Украинаның инфрақұрылымына ракетамен жиі шабуылдап, Украинадағы ірі қалаларда жылу мен жарық шектеп беріліп жатыр.
Ресей Украинаға соғыс бастаған соң, Батыс елдері ресейлік олигархтар мен ірі компанияларға санкция салып, Батыс банктеріндегі есепшоттарын бұғаттап, мүлкін тәркілеген еді. Путин бұл жолғы жолдауында 24 ақпаннан кейін Батыс ресейлік бизнесмендерді "тонап кетті" деп, байлығынан айырылған олигархтарға "қазір соттасудың қажеті жоқ, Ресейге ақша құйып, мектептер мен университеттерге көмектесіңіздер" деген кеңес берді.
"Ресейлік бизнесмендерде таңдау бар – бұғатталған есепшотпен Батыста өмір сүру немесе өз елімен бірге болып, экономиканы дамыту" деді ол.
Ресей президенті жолдауында Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына Қазақстан арқылы шығу ниетін де айтып қалды.
"Жаңа геосаяси жағдайға байланысты логистиканы басқаша дамытамыз. Мәскеу – Қазан автомагистралін Екатеринбургке, Челябинскіге, Түменге дейін ұзарту, одан әрі Иркутск пен Владивостокқа жеткізіп, Қазақстанға, одан әрі Моңғолия мен Қытайға шығуды ойластырамыз" деді ол.
Бұдан бөлек, жолдауында ол Ресей АҚШ-пен Ядролық қаруды азайту туралы өзара келісімді (the New START nuclear arms reduction treaty) уақытша тоқтататын мәлімдеді. 2010 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обама мен Ресейдің сол уақыттағы президенті Дмитрий Медведев ядролық қаруды азайту туралы осы келісімге қол қойған еді.
Путин бұл жолдауын былтыр желтоқсан айында жасауы керек еді, бірақ сарапшылар Ресей әскері Украинада сәтсіздікке ұшыраған соң, ол жолдауды кейінге қалдырды деп біледі. Алайда Ресей басқыншылығы қазір Украинаның Бахмут қаласының маңында тығырыққа тіреліп, көп шығынға ұшырап жатқаны айтылады.
Путин жолдауын АҚШ президенті Джо Байден Киевтен Польша астанасына жеткен күні жариялады. АҚШ басшысы кеше, 20 ақпанда Киевте болып, Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Ол Вашингтон Украинаға құны 500 млн доллар болатын кезекті әскери көмек беретінін жария етті.
Байден Киевтегі мәлімдемесінде Путин Украинаға соғыс ашып "оңбай қателескенін" айтты. "Бір жыл өтті, Киев құламады, Украина құламады, демократия құламады. Америкалықтар Украинамен бірге, әлем сіздермен бірге" деді АҚШ президенті Зеленскийге.
ПІКІРЛЕР