Ресей президенті Владимир Путин 21 ақпандағы жолдауында Украинадағы соғысты жалғастыра беретінін айтқаннан кейін Польша астанасында жүрген АҚШ президенті Джо Байден оның бұл сөзін сынап, Мәскеудің басқыншылығы сәтсіздікпен аяқталатынын мәлімдеді.
Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысына бір жыл толар тұста Байден Украинаны қолдауда НАТО табандылығы сарқылмайтынына уәде берді.
"Путиннің жер мен билікке деген ашкөздігі сәтсіздікке ұшырайды да, Украина халқының отанына деген махаббаты жеңіске жетеді" деді ол. "Әлемнің демократиялық елдері еркіндігімізді бүгін де, ертең де қорғайды. Мәңгілік қорғайды. Күн тәртібінде – еркіндік мәселесі".
"Бір жыл бұрын әлем Киев құлайтынына дайын болды" деді Байден Варшавадағы Король сарайына жиналған ел алдында. Содан бір күн бұрын ол жұртқа жарияламастан Киевке барып, Украина халқын қолдауды жаңа межеге жеткізгендей болды. "Киев нық тұр, Киев еңсесін көтеріп тұр, Киев биік тұр. Бастысы – Киев еркін тұр. Мен осыны айта аламын".
Ол Ресей Украинада ешқашан жеңіске жетпейтінін айтты.
Варшаваға сапарында АҚШ лидері Польша президенті Анджей Дудамен кездесті. Дуда Украинаны қару-жарақпен және қаржылай қолдауға белсене шақырып жүрген Еуропа басшыларының қатарында.
"Еуропа мен НАТО елдерінің барлығын Украинаға ниеттес болуға, қарумен қолдап, күресіне құрал беруге шақырамын" деді Дуда. "Қолдау білдіруден қорықпаңыздар".
Байден сөзінен санаулы сағат бұрын Ресей президенті Владимир Путин Ресей халқына жолдауын арнап, Батыс Ресейге қауіп төндіріп отырғанын айтты.
24 ақпанда Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысына бір жыл толмақ. Путиннің айналасы санаулы аптаға созылады деп жоспарлаған соғыстың 12 айдан кейін де тоқтайтын түрі жоқ. Телевизиялық жолдауында Путин Украина мен Батыс жайлы бәріне таныс жалған сөздерін айтты. Вашингтон мен Батысқа шүйлігіп, соғысты болдырмауға күш салғанын мәлімдеп, "ту сыртымыздан басқа сценарий дайындалып жатқан екен" деді.
Байден Батыс Ресейге шабуылдауы мүмкін деген сөзді жоққа шығарып, "Көршілерімен тату-тәтті өмір сүруді ғана қалайтын миллиондаған орыс – біздің жауымыз емес" деді .
Путин жолдауын былтыр желтоқсанда айтуы керек еді. Бірақ Украинадағы әскери сәтсіздіктерден соң кейінге қалдырған
Көптеген сарапшының айтуынша, Путин жолдауға дейін соғыс майданындағы қандай да бір ірі шайқаста қол жеткізуге үміттенген, жолдауында сол жеңіске арқа сүйемек болған. Сол үшін де кейінгі айларда Ресей Украина шығысындағы қалаларға үлкен күшпен шабуылдаған. Негізгі шайқас Бахмут түбінде жүрді. Бірақ шабуыл елеулі нәтиже бермей, қаза тапқан Ресей сарбаздарының саны күрт артты. Путин енді Украинадағы соғысты Батыс пен Ресей арасындағы прокси-соғыс деп көрсеткісі келеді.
"Соғысты бастаған – солар. Біз күшті соны аяқтау үшін қолданып отырмыз" деді Путин жолдауында. Залда депутаттар, шенеуніктер және Украинадағы соғыста қаза тапқан сарбаздардың ата-аналары отырды. Мұнда халықаралық және тәуелсіз БАҚ тілшілерін кіргізбеді.
Путин Ресей халқына осымен 18 рет жолдау арнап отыр. Бірақ мұның алдындағысын екі жыл бұрын жолдаған. Конституцияда көзделген міндеті бойынша, ол жылына бір рет депутаттар алдында жолдау жариялауға міндетті. Бірақ былтыр ол "оқиғалар тізбегінің қарқынды өрбуіне" байланысты жолдаудан бас тартатынын айтқан.
ПІКІРЛЕР