Қазақстанда "Бақыт" картинасы жарыққа шығып, қызу талқыланып жатқанда, Павлодар халқына фильмді көру үшін әкімшілік орталықтан 40 шақырым жердегі Ақсуға баруға тура келді. Басында бұл фильм бүкіл өңір бойынша тек сол Ақсуда демалыс күндері кешкі уақытта ғана көрсетіледі деп жоспарланған.
Бірақ жергілікті халық бұл фильмді сарыла күткен. Премьерадан кейін бір аптадан соң қаладағы ірі кинотеатрлардың бірі "Фильм қашан көрсетіледі, Павлодарда неге жоқ?" деген сұрақ көп болды. Ертеңнен бастап "Бақыт" әлеуметтік драмасын үлкен экраннан тамашалай аласыздар!" деп хабарлады.
Премьералық көрсетілім жұманың кешіне прайм-тайм уақытқа қойылды. "Кадрларының шынайылығы таңғалдырады" делінген фильм ресейлік мультфильммен және қазақстандық комедиямен бәсекелес болды.
Фильмнің басталуына 20 минут қалғанда кинотеатрға жеттім. Касса алдында кинотеатрдың кіреберісіне дейін созылған ұзын-сонар кезек тұр екен. Көрерменнің көбі "Бақыт" фильмі көрсетілетін №1 залға билет алып жатты.
Кассирден фильмнің прокаты неге дәл қазір басталғанын сұрадым.
– Апта бойы адамдар хабарласып, фильмді сұраумен болды. Мұндай жағдай болып тұрады. Басында кинотеатр басшылығы фильм көрермен жинай алмайды деп ойлайды, кейін шешімін өзгертеді, – деді ол.
Зал лық толы. 100-ге жуық көрермен арасында ерлер де бар. Олардың дені – 30-ға толмаған жігіттер. Бірақ залда отырғандардың көбі – әртүрлі жастағы қыз-келіншек. Жарық сөніп, фильм басталды.
"БАҚЫТ" ФИЛЬМІ НЕ ТУРАЛЫ?
Авторлар көрерменмен ойнап, алдаусыратпайтыны алғашқы минуттан-ақ белгілі болды. Бас кейіпкер – жұмыста әдемі, табысы жақсы, өзіне сенімді әйел. Үйде күйеуінің айтқанын екі етпейтін малай және секс-күң сияқты.
"Бақыт" әйелдердің басынан өтіп жатқан бар сұмдықты, әділетсіздік пен шарасыздықты, заң оны өз үйіндегі зорлықтан да қорғай алмайтынын ашып көрсетеді.
Ашық әрі шынайы көрініске толы картина көрерменге ауыр тиді. Залдағы жұрт демін ішке тартып, бар ауыртпашылық артта қалды деп үміттене бастағанда, тағы бір қиындық шыға келеді. Келесі көрініс "отбасындағы зорлық сен ойлағаннан да сорақы" дегенді дәлелдегендей болады.
Фильмнің соңындағы титрлерде көрермен қол соғып, артынша өлі тыныштық орнады. Халық тіл қатпай, есікке қарай беттеді.
Мүлгіген тыныштықты орта жастағы әйел бұзды. "Бәрі түсінікті, ("Бақыт" фильмінің бас кейіпкері – ред.) сол күйі құрбан болып қалды" деді ол жанындағы әйелге.
Фойеде көрермен ес жиып, фильмді талқылай бастады.
– Залда дәл жанымда күнде осындай зорлық көріп жүрген әйелдер отырған шығар деп ойлаумен болдым. Қатыгездікке толы көріністердің бірінде экранға қарай алмай, жаныма бұрылдым. Қасымдағы қыз біреуге хабарлама жазып отыр екен. Көзім түсіп кетті. "Фильм қалай?" деген сұраққа "Өмірім дәл фильмдегідей ғой" деп жазып жатты. Жанарымнан жас шықпай қалды, экрандағы сұмдық дәл қасымдағы қыздың өмірінде болып жатқанын ойлап, денем қалтырап кетті, – дейді көрерменнің бірі.
Фильмді қараған азаматтар көп сөйлеген жоқ.
– Сатып алған қытырлақ картоп қаптамасын сол күйі ашқан жоқпын. Экранда не болғанын көрдіңіз бе? Бұл – попкорн не қытырлақ жеп көретін фильм емес. Бірақ маған ұнады, – деді кинотеатрдан шығып бара жатқан жігіт.
– "Жұрт не ойлайды?!" деген сұрақ адам өмірінен де маңызды болатын елде өмір сүру қиын. Басқа айтарым жоқ, – деді тағы бір кісі.
– Фильм зорлық көрген әйелдерге үміт сыйлай қоймайды. Олар не істеуі керек? Өзін қорғағаны үшін түрмеде отыра ма? Ары қарай төзе бере ме? Әйелдер – зорлықшылар мен абьюзерлердің, жүйенің құрбаны. "Оларды кім қорғайды?" деген сұрақ сол күйі жауапсыз қалды, – деді бір қыз.
"ШЫНАЙЫ БОЛҒАНЫН ҚАЛАДЫҚ"
"Бақыт" фильмінің продюсері – Баян Мақсатқызы. Ол картинаны өз ақшасына және краудфандингіден жиналған қаржыға түсірген. Фильмде Баянның өз өмірінен алынған көріністер де бар.
Туындының соңында кейіпкерде де, көрерменде де отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі заң жүзінде шешіледі деген үміт қалмайды. Қазақстанда іс жүзінде де осындай шарасыздық жиі кездеседі.
Қазақстан заңдары әйелдерге қарсы жасалған қылмыстар үшін жауапкершілікке келгенде көп сынға ұшырайды. Құқық қорғаушылардың сөзінше, қылмыскерді жауапқа тарту қиын, көбіне жәбірленушінің арызы қабылданбайды не қаралмайды. Заңға өзгерістер енгізіліп, зорлық үшін жаза жеңілдеп барады. Мысалы, 2017 жылы "ұрып-соғу", "денсаулыққа қасақана жеңіл зақым келтіру" баптары Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылды.
– Әйелді ұрып-соққан адамға әкімшілік айыппұл салынады. Көшеде танымайтын біреуді ұрсаңыз, "бұзақылық" бабымен қаралады. Ал бұл – қылмыстық құқықбұзушылық. Бір қылмыс үшін екі түрлі жаза қарастырылған, – дейді зорлық-зомбылықтан жапа шеккендерге көмектесумен айналысатын "НеМолчи.KZ" қорының негізін қалаған Дина Смайылова.
Павлодар облысы отбасындағы зорлық-зомбылық көрсеткіші бойынша Қазақстанда үшінші орында тұр. Алдыңғы қатарларда Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысы. Павлодар облыстық полиция департаментінің былтыр күзде жариялаған дерегіне сәйкес, қаңтар-қыркүйек айларында отбасылық-тұрмыстық салада 2,7 мың құқықбұзушылық тіркелген. Құқық қорғау органдары 4,5 мың ескерту берген, 300 азаматқа әкімшілік айыппұл салынған. Бірде-бір адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
"Бақыт" фильмінің соңындағы титрлерде "БҰҰ дерегінше, Қазақстанда жыл сайын 400 әйел отбасындағы зорлықтан көз жұмады. Ай сайын елде әйелдерге қатысты 120 зорлау, 5323 ұрып-соғу, 72 майып қылу, 14 кісі өлтіру, 48 өзін-өзі өлтіру фактісі тіркеледі. Колонияда отырған әйелдердің 70 пайызы күйеуін өлтіргені үшін сотталған" деген статистика көрсетілді.
Фильмнің сценарисі, журналист, белсенді Әсем Жәпішеваның айтуынша, "Бақыт" картинасы билікті әйелдерді қорғайтын заң қабылдауға итермелеу үшін түсірілген.
Азаттық: Үкімет отбасындағы зорлық мәселесін шешу үшін не істей алады?
Әсем Жәпішева: Тұрмыс жағдайында жасалатын зорлықты қылмыс деп тану керек. Бұл үлкен қадам болар еді. Бірақ патриархал елде тұратынымызды ескерсек, саяси ерік-жігер керек. Бізде әйелдерге екінші санаттағы адам сияқты қарайды. "Әйел ауруханада 21 күннен аз жатса, денсаулығына еш зақым келмеген" деген заң – осының дәлелі.
Бірінші кезекте, билікте отырған азаматтар әйелдер де өздері сияқты адам екенін түсінуі керек. Әлеуметтік қорғау немесе ішкі істер министрліктерінің басшылары әйел туралы жөні түзу мәлімдеме жасай бастағанда, үкіметке көбірек әйел келгенде, жағдай біртіндеп өзгеріп, барлық салада жаңару болады.
Тұрмыс жағдайында жасалатын зорлық-зомбылықты Қылмыстық кодекске ауыстыру неге ұзақ жүріп жатыр? Өйткені министрлік өзіне жауапкершілік алғысы келмейді. Барынша қашқақтауға тырысады. Сондықтан бұл тақырыпта көп жазып, айтып, көп түсіру керек.
Азаттық: Яғни бұл мәселе туралы саяси мінберлерден ашық айтылуы керек қой?
Әсем Жәпішева: Әрине. Бұл – саяси мәселе. Қазақстанда мемлекет басшылары әйелдер туралы не дегенін еске түсіріп көрейік. Бұрынғы президент [Нұрсұлтан] Назарбаев әзілдеп, әйелдерді "сәндік бұйымға" балап, 8 наурызда ғана еске алатын.
Президент [Қасым-Жомарт] Тоқаев та одан алысқа ұзай қойған жоқ. Билікке жаңа келгенінде отбасындағы зорлық туралы айтты. Ол кезде жағдай ушығып тұр еді. Кейін бұл тақырыптағы әңгімелер сап тыйылды. Елде 19 миллион адам тұрады, оның 10 миллионы – әйел. Президент оларды халықаралық сарапшылар келгенде немесе ЕҚЫҰ алдында есеп беретін кезде ғана еске алады. 8 наурызда "әйел – әдемі, нәзік жан" деумен ғана шектеледі.
Азаттық: Көп адамда "Неге әйел мәселесін саяси мінберден көтеріп, оларға басымдық беру керек? Қазақстанда әйел мен ер адамның құқығы тең емес пе?" деген сұрақ тууы мүмкін.
Әсем Жәпішева: "Теңдікті қолдаймыз. Әйелді неге бөліп-жаруымыз керек?" деу – логикалық тұзақ. Біз өмір сүріп жатқан қоғамда тең мүмкіндік жоқ. Мұнда бәрі күшпен шешіледі: кім күшті болса, сол көбірек мүмкіндікке ие болады. Тас ғасыры сияқты, патриархал мемлекет ретінде алысқа ұзай қойған жоқпыз, бізде әйел мен ер адам құқығы тең емес. Гендерлік теңдік қағаз жүзінде ғана.
Шенеуніктерге қарасақ, атқарушы қызметтерді әйелге жүктеп қояды. Әйел адам жауапты, жұмысын тыңғылықты істейді деген пікір қалыптасқан. Бірақ әйелдің қолына билік беруге келгенде, оны шешім қабылдайтын деңгейге өсірмейді. Сондықтан гендерлік теңдік орнаған қоғамда тұрып жатқан жоқпыз.
Азаттық: Мәселені ашық көрсететін "Бақыт" сияқты фильмнің прокатқа шығуын дабыл деп қабылдауға бола ма? Отбасындағы зорлық туралы заң қабылданатын күн де алыс емес шығар?
Әсем Жәпішева: Жақсы болар еді. Баян осы заңның қабылдануына сәл де болса ықпал еткісі келді. Бұл тым үлкен мақсат шығар, бірақ біз фильм арқылы қоғамның сұранысын көрсетіп жатырмыз. Сұраныс жоғары болған сайын, заңның қабылдану ықтималдығы да жоғары болады.
Тағы бір маңызды нәрсе: "Фильм үшін рақмет. Дәл осындай жағдай басымнан өтті" деген мазмұндағы пікір көп болды. Жекеме көп адам осылай жазады. Әйелдер өздерін байқап, мәселесіне назар аударғанымызды сезіне алды деп ойлаймын.
Азаттық: Прокатқа шығар алдында фильм цензураға ұшыраған жоқ па?
Әсем Жәпішева: Жоқ, фильм сол қалпы көрсетілді. Премьера алдында кей сахналарға қатысты күмәніміз болды, бірақ бәрін сол күйінде қалдырып, барынша ашық көрсетеміз деп шештік.
Азаттық: "Бақыт" – авторлық драма, кинотеатрларда әлеуметтік фильм деп аталып жүр. Кино прокатымен айналысатындардың бәрі бірдей фильмді сатып алған жоқ. Олар фильм өзін ақтамайды, көрермен мұндай картиналарға дайын емес деп ойлады. Бұл пікірге келісесіз бе?
Әсем Жәпішева: Мүлде келіспеймін. Бизнес тұрғысынан алғанда, фильм прокатымен айналысатын кәсіпкерлерді түсінемін. Олар мұндай фильмдермен көп жұмыс істей бермейді, сондықтан киноға ешкім бармайды деп қорқады.
Олар да мемлекет сияқты "Адамдар әлі дайын емес" деп ойлайды. Мүмкіндік бермесеңіз, олар дайын я дайын емесін қалай білесіз? Бұл ақылға қонбайды. Астана, Алматы, Шымкентте адамдар фильмді көптеп көріп жатыр. Картинаның өз көрермені бар екен. Оның үстіне, режиссер Асқар Ұзабаев пен продюсер Баян Мақсатқызы үнемі табысты коммерциялық жобалар жасайды.
Азаттық: Фильм авторларының бірі ретінде туынды көңіліңізден шықты ма?
Әсем Жәпішева: Журналист болып, кризис орталықтарындағы, оңалту мекемелеріндегі әйелдерден сұхбат алып жүргенде неше түрлі хикая естідім. Бір қыз "Күйеуім үйге қамап, бірнеше тәулік бойы ұрып-соқты. Шыдай алмай, балконнан секіріп кеттім. Бұл қорлыққа төзгенше, өлгенім артық деп ойладым" деді.
Осындай жаңалықтар жазып, күнде сұмдық оқиғаларды оқып жүресің. Адамдар әр сөздің артында бір әйелдің тағдыры тұрғанын, бұл жай ғана материал емес, адамның өмірі мен шынайы азаптау екенін түсінсе деп ойлайтынмын. Шынайылықты көрсеткім келді, осы тұрғыдан алғанда, фильм көздеген мақсатына жеткен сияқты.
ПІКІРЛЕР