Accessibility links

"Осы сұрақты Назарбаев пен Тоқаевқа қоярсыздар". Тәуелсіз кандидаттардың сайлауалды науқаны қалай өтіп жатыр?


Қазақстан президенті сайлауында дауыс беру. Алматы, 20 қараша, 2022 жыл.
Қазақстан президенті сайлауында дауыс беру. Алматы, 20 қараша, 2022 жыл.

Былтыр қантөгіспен аяқталған жаппай тәртіпсіздіктен кейін үлкен сақтықпен жүргізілген сайлау реформасы 19 наурызға белгіленген сайлауға саяси бәсеке қосқандай көрінген. Бірақ мәжіліс пен мәслихат депутаттығына бақ сынап жатқан оппозициялық кандидаттар көп кедергіге кезіккенін айтады.

Лұқпан Ахмедияровты ешкім "жүйенің кандидаты" деп айыптай алмайды.

Оның сайлауалды видеосы журналистің тәуелсіздік жылдары жүріп өткен жолын түгел баяндайды. Ахмедияров пара алу фактілерін әшкерелеп, журналистік зерттеулер жүргізіп, үкіметке қарсы митингілерге қатысқанын айтады. Осы белсенділігі үшін өзіне қарсы қастандық жасалғанын мысалға келтіреді. Әлдекімдер Лұқпанға екі рет оқ атып, сегіз рет пышақтап кеткен.

Журналист Лұқпан Ахмедияров Батыс Қазақстан облысындағы бірмандатты округте мәжіліс сайлауына түсіп отыр.
Журналист Лұқпан Ахмедияров Батыс Қазақстан облысындағы бірмандатты округте мәжіліс сайлауына түсіп отыр.

Журналист жақында Facebook-тегі парақшасында "Аманат" партиясының кандидаты туралы репортаж жариялады.

– Бұрын бұл партия кілең жемқор шенеуніктен тұратын. Енді қайық жүргізіп келе жатып, абайсызда адам өлтіріп қойған ұлын бір айдан астам уақыт құқық қорғау органдарынан жасырып келген адамды кандидат етіп ұсынып отыр. Осы кандидат заң үстемдігіне кепілдік беремін деп сендіргісі келеді! – деп жазды Ахмедияров.

Оралдағы аты аңызға айналған "Уральская неделя" газетінің бұрынғы бас редакторы Лұқпан Ахмедияров 700 адаммен бірге мәжілістегі 98-орынға таласып жатыр.

2004 жылдан кейін парламентке бірмандатты округтен сайлану құқығы қайта енгізілді. Осы мақсатқа бөлінген 29 орынға 400 кандидат тіркелген.

2022 жылғы қаңтарда 238 адам қаза тапқан қантөгістен кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформа бастап, сайлау туралы заңға өзгерістер енгізді.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде "әскерилерге ескертусіз оқ атуға бұйрық бердім" деген Тоқаев бұл дағдарыстан бұрынғы президентті биліктен біржола ысырып, жекедара шешім қабылдауға мүмкіндік алды.

Ол Қаңтар оқиғасынан кейінгі сөзінде әділ әрі бәсекеге толы сайлауды қолдайтынын айтты, "Қазақстан жан-жақты жаңарады" деп сендірді.

Бұл сайлау билікшіл партиялардан басқа ешкім қатыспайтын осыған дейінгі сайлауларға қарағанда әлдеқайда еркін әрі ашық болып көрінгенімен, Ахмедияров “кандидаттар мүмкіндігі тең емес” дейді.

– Халық арасынан шыққан кандидаттар үнемі "Бізді қашан және қандай негізбен сайлаудан шеттетер екен?" деп алаңдап жүреміз, – дейді Батыс Қазақстан облысына бөлінген үш орынның ішіндегі бірмандаттысына үмітті Лұқпан Ахмедияров.

Қаржы декларациясын тексеру кезінде бірқатар тәуелсіз кандидат сайлаудан шеттетілген.

Үгіт-насихат жұмыстары басталған алғашқы күні – 18 ақпанда Лұқпан Ахмедияров билікке жақын кандидаттар сайлауалды науқанды жақсы бастағанын байқаған.

– Үгіт-насихат науқаны басталған бірнеше сағат ішінде қалаға қымбат баннерлері ілініп, телеарналардан жарнамалары жүріп жатты. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып жатыр, – дейді Ахмедияров.

ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН КЕДЕРГІЛЕР

Қазақстанның сайлау науқанында жиі қолданылатын әдістердің бірі – қолдан драма жасау.

Алматы қалалық мәслихатына кандидат Жібек Әменова 28 ақпанда депутаттыққа үміткер Әйгерім Тілеужанды орталық сайлау комиссиясынан құжаттарын алып кетуге барған жерінен полиция ұстап әкеткенін көрген.

"Ештеңе жоқ қой". Кандидаттардың үгіт-насихаты халыққа жетіп жатыр ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:12 0:00

Прокуратура осыған дейін Тілеужанға қарсы Қаңтар оқиғасы кезінде "Алматы әуежайын басып алды" деген айыппен қылмыстық іс қозғаған. Өткен айда сайлау органдары банк анықтамаларының бірі қолдан жасалған деген себеппен кандидатты сайлауға қатыстырмау туралы шешім шығарған.

– Бұл заңсыз ұстау болды. Заң бойынша, ешкім оның жақында Жоғарғы сот қалпына келтірген кандидат мәртебесіне нұқсан келтіре алмайды, – дейді Тілеужанмен бірге "Дербес депутат" деп аталатын тәуелсіз кандидаттарды қолдау альянсына мүше Әменова.

Әйгерім Тілеужан бірнеше сағаттан кейін босатылған.

Ахмедияров үшін алғашқы кедергі ақша мәселесі болған. Ол кандидат болып тіркелу үшін мемлекетке 1 миллион теңге (шамамен 2300 доллар) төледі. Журналист орташа жалақы мөлшері 700 доллардан аспайтын, ал өңірлерде халық одан да аз ақша алатын елде кандидаттардан мұндай қаржы талап ету "ауыр талап" екенін айтады.

– Ақша жинағым келді. Бірақ ол үшін арнайы шот ашу керек екен. Оны тек "Халық банктен" ғана ашуға болады. Бірақ банк "Қолдаушылар ақшаны онлайн аудара алмайды, бөлімшеге келуі керек" деді. Одан бөлек, қаржылай қолдау көрсетуге ниет білдіргендерге өз атымнан нотариуспен бекітілген сенімхат беруім керек. Сондықтан краудфандингінің реті келмеді, – дейді Ахмедияров.

Қаржылық мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, кандидат сайлауға дайындық жұмыстарын жалғастырған. Бірақ ол билік өкілдері ауыл тұрғындарымен кездесуінің шырқын бұзбақ болғанын айтады.

– Залда міндетті түрде "Қандай шетелдік гранттар алдыңыз, қызыңызды шетелге оқуға жіберсеңіз, өзіңізді патриот деп санайсыз ба?" деген сұрақ қоятын адам табылады, – дейді журналист.

Ахмедияров әлі мектепте оқитын, шетелге оқуға құжат тапсыруға дайындалып жүрген 17 жастағы қызы туралы сұрақтарды "жоғарыдан төменге қарай жасалатын қысым" деп бағалайды. Ол бұл ақпарат биліктің қолына арнаулы қызмет арқылы түскен болуы мүмкін деп топшылайды.

– Сұрақ қойған адамдар ауыл әкімдігінде істейді. Оны өздері де мойындап отыр. "Назарбаев пен Тоқаевқа да балалары, шетелдегі мүлкі туралы дәл осындай сұрақ қоясыздар деп үміттенемін" дедім. Сайлаушылар күлді. Үшінші жиналыста билік өкілі тағы да қызым туралы сұрақ қоя бастағанда, сайлаушылар оған ұрысып, сөзін аяқтауға мұрша бермеді. Оған залдан шығып кетуге тура келді, – дейді Ахмедияров.

Бір оқпен екі қоян атпақ па? Мәжіліс пен мәслихатты қатар көздеген кандидаттар бар
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:18 0:00

ЖАҢА ПАРТИЯ, ЕСКІ ЖОЛ

Бірмандатты округтердің нәтижесі қандай болса да, мәжілісте партиялар басым күшке ие болады. Соның ішінде билік партиясы "Аманаттың" үлесі басым болуы ықтимал.

Бұрын Назарбаевтың құрметіне “Нұр Отан” деп аталған партия дағдарыстан кейін басшылық құрамын түгел ауыстырды. Тоқаевтың конституциялық реформасына сәйкес, президент партияға мүше болмайды.

Сөйте тұра, "Аманат" әлі де алпауыт болып отыр. Байқаушылар қалған алты партияның жұртқа жай ғана бәсеке барын көрсету үшін құрылғанын айтады. Оның ішінде жаңа тіркелген екі партия да бар.

Ағылшын тілінде хабар тарататын үкіметшіл The Astana Times басылымы мұны жоққа шығарып, қарашада "Байтақ" партиясының тіркелгенін елдегі саяси плюрализмнің белгісі деп бағалады.

“Байтақ” – кейінгі 20 жылда тіркелген алғашқы партия. Ақпарат құралдарының мәліметінше, партия сайлауға экология мәселелерімен барғалы жатыр.

Экология тақырыбын жиі көтеріп жүрген тағы бір адам Алматы қалалық мәслихатына кандидаттыққа екінші рет өтпей қалды. 2016 жылы сайлау органдары кандидаттың декларациясы дұрыс емес деген себеппен сайлауға қатыстырмай қойған.

Жеті жыл бұрын Алматыда таза ауа үшін күресіп жүрген Әсия Төлесова шотындағы қаржы туралы деректе 78 тиын артық жазылғаны үшін сайлаудан шеттетілген.

Әсия Төлесова өткен айда тағы да сайлауға қатыса алмайтынын білді. Бұл жолы экобелсендінің бұрын жұмыс істеген компаниясы арқылы тіркелген патенті мәселе туғызған.

Жеті жыл бұрын Әсия Төлесова шотындағы қаржы туралы деректе 78 тиын артық жазылғаны үшін сайлаудан шеттетілген.
Жеті жыл бұрын Әсия Төлесова шотындағы қаржы туралы деректе 78 тиын артық жазылғаны үшін сайлаудан шеттетілген.

Қазір ол сайлау комиссиясының шешіміне қарсы шағым түсіре ме, жоқ па, білмейді. Белсенді Азаттыққа "Билік реформа жүріп жатқандай сыңай танытып, жүйеге төнген қауіпті мейлінше азайтуға тырысып жатыр" деді.

– Олар Ахмедияров сияқты бірнеше тәуелсіз кандидат мәслихатқа немесе мәжіліске өтсе, жағдай өзгеретінін біледі. Өйткені олардың артында қолдайтын халық тұр, – дейді Төлесова.

Қазақстан сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов осы аптада өткен баспасөз мәслихатында тәуелсіз кандидаттардың сайлаудан шеттетілуі мен олардың қоғамдық белсенділігі арасында ешқандай байланыс жоғын айтып, "үміткерлер сотқа шағым беріп, сайлауға қатысуға қайта талпынып көре алады" деп түсіндірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG